25 Желтоқсан, 2013

Тілді бүлдіру қашан тыйылады?

344 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ тілі мемлекеттік тіл атанды. Бөркімізді аспанға атып қуандық, алғашында. Кейін ренжідік, әлгі тіліміз өз дәрежесінде мемлекеттік тіл бола алмады деп. Бәрі тек сөз жүзінде қалды дедік. Бойымызға біткен дағдыға салып шенеуніктерді кінәладық, солар қазақша сөйлесе өзге жұрттың бәрі қазақ болып кететіндей. Ренішіміз әлі де тарқай қойған жоқ. Қашан тарқайтыны да белгісіз. Біздің біреулерге ренжімей жүре алмайтынымызды ескерсек, мүлде тарқамауы да мүмкін. Бірақ менің айтпағым тіптен де ол емес. Менің айтпағым «қазақшаға судай» қазақтар туралы және сол қазақтардың өздерінің мемлекеттік тілдің берекесін кетіруге елеулі үлес қосып жүр­гендіктері туралы. Егер мен бір­деме түсінсем, ана тілімізді тұралатып жат­қандар да солар. Өйткені, қа­зақ­ша білмейтіндер қазақша сөйлемейді, демек тілді бүлдіре де алмайды. Ал қазақша сөй­лей­тіндер...

Қазақ тілі мемлекеттік тіл атанды. Бөркімізді аспанға атып қуандық, алғашында. Кейін ренжідік, әлгі тіліміз өз дәрежесінде мемлекеттік тіл бола алмады деп. Бәрі тек сөз жүзінде қалды дедік. Бойымызға біткен дағдыға салып шенеуніктерді кінәладық, солар қазақша сөйлесе өзге жұрттың бәрі қазақ болып кететіндей. Ренішіміз әлі де тарқай қойған жоқ. Қашан тарқайтыны да белгісіз. Біздің біреулерге ренжімей жүре алмайтынымызды ескерсек, мүлде тарқамауы да мүмкін. Бірақ менің айтпағым тіптен де ол емес. Менің айтпағым «қазақшаға судай» қазақтар туралы және сол қазақтардың өздерінің мемлекеттік тілдің берекесін кетіруге елеулі үлес қосып жүр­гендіктері туралы. Егер мен бір­деме түсінсем, ана тілімізді тұралатып жат­қандар да солар. Өйткені, қа­зақ­ша білмейтіндер қазақша сөйлемейді, демек тілді бүлдіре де алмайды. Ал қазақша сөй­лей­тіндер...

Мәселен, бір жолы бір депутат «Кеңес өкіметінің солақай саясатының арқасында», деді. Теледидардан естідік. Жалпы, іс жүзінде біреудің немесе бір жайттың арқасында адам белгілі бір нәтижеге, яғни табысқа же­теді. Ал солақай саясат, яғни қате саясат, теріс саясат еш­қандай нәтижеге жеткізбейді. Олай болса, депутат мырзаның не айтқысы келіп отыр? Сол телехабарды қарап отырған біздер сірә, «солақай саясаттың салдарынан» дегісі келген шығар деп топшыладық өзімізше. Осының өзінен-ақ сөйлемнің мүгедек екенін түсіну қиын емес. Тәйірі, ұсақ-түйек қой деп айтпай-ақ та қоюға болар еді. Олай етейін десең біріншіден, айтып отырған адам білдей бір тұлға. Екіншіден, егер өзіміз ана тілімізге осындай немкетті көзқарас танытсақ, өзгелерге не жорық деп ойлайсың...

«Айтқан ойымыз растыққа жатпайды», деді бір телеарна. Бұрынғының қазақтары «шындыққа жатпайды» деп сөйлейтін. Егер «айтқанымыз расқа жатпайды» десе де бір сәрі, ал «растық» деген сөзден не түсінуге болады? «Маған үнді ас үйі ұнайды» деп аударыпты тағы бір телеарна «Мне нравится индийская кухня» деген сөйлемді. Бұл жерде «кухня» сөзі үнділердің ұлттық та­ғамы деген мағынада айтылып тұр. Ал «ас үй» дегеніміз бар болғаны тамақ пісіретін бөлме. Бұл сияқты орашолақ сөйлемдер мен сөздер, әсіресе, жарнама материалдарда өте жиі кездеседі. Мысалға, қандай да болмасын дәрі-дермекті жарнамалағанда оның белгілі бір ауруға тигізетін пайдасымен қатар, зияны да бар екенін ескерту үшін «есть противопоказания» деп жазады. Осы сөйлемді қазақ тіліне «қарсы көрсетілімдері бар» деп аударыпты. Күлкілі-ақ емес пе?! Дұрысы «кері әсерлері бар» болу керек еді. Телеарналар мен газеттерден бұл сияқты қателіктерді көптеп кездестіруге болады. Басқаны былай қойғанда, сонау ықылым заманнан бері айтылып келе жатқан «аспаз», «диқан» сөздерін «аспазшы», «диқаншы» деп өзгертуіміздің жөні қалай? Олай болса «өнерпаз» деген сөзді де «өнерпазшы» деуіміз керек шығар, бәлкім?

Біз айта-айта жауыр болған көшелердегі жарымжан жазулар туралы бұл жолы тіпті, сөз де қозғап отырған жоқпыз. Ал, ондайлардан көз сүрінеді. «Жана жылыныз құтты болсын» деген жазу қазірдің өзін­де Астананың Абай және Бру­силовский көшелерінің қиы­лысындағы дүкен маңдай­ша­сында менмұндалап тұр. Сол сияқты, осы көшенің бойынан «женілдікті» деген сөзді кездестіруге болады.

Соңғы жылдары жаппай сауатсыздықтың жайлап бара жатқаны туралы жиі айтылуда. Айтуын айтқанмен оған қарсы қолдан келер шара жоқ. Өйткені, ешкімді күштеп білімді қыла алмайсың. Өкініштісі сол, бұрынғы замандарда сауатсыздар алыс-алыс ауылдарда қарапайым жұмысшы болып күндерін көретін. Бүгінде заманның өзгеруіне байланысты олардың біразы қалаларға келіп орналасып, біреулері (көпшілігі) әртіс, біреулері ақын-жазушы, енді біреулері журналист болып алды. Жақында бір әріптесім теледидардан «Индустриялизация картасы бойынша...» деп сайрап тұр. Тіпті, қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмаған кешегі кеңестік заманның өзінде бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ сөздері дұрыс айтылып, дұрыс жазылатын. Ол аз десеңіз тағы бір журналист таяуда Қостанай облысы туралы баяндай отырып «Затобольский район» деп қалды. Ал Қостанай облысында ондай аудан жоқ. Осындай сауатсыздықтың салдарынан бүгінде қаптап кеткен қазақ тіліндегі (негізінен аударма) телесериалдарды қазақтардың өздері қарай қоймайды екен. Себебін сұрасаң «Не айтып, не қойып жатқанын түсінбейміз, әртістердің рөлдерді орындау­ында жасандылық басым, ал аудармалары мүлде түсініксіз», деп жауап береді. Бұл пікірге ке­ліспеске лажың жоқ. Біздің бі­луімізше, қандай да бір рөлді ой­­на­ған актер сол өз кейіпкерінің об­разына кіріп, оның қуанышы мен қайғысын, басқа да толға­ны­с­­­­­­­­тарын бере білуі тиіс. Ал біздің актерлер жаттап алған сөздерін әншейін айтып шығады, дауыс ырғағы, бет-әлпеттің құбылысы, кейіпкердің мінезі мен әрекетіне байланысты басқа да бір қимыл-қозғалыстар байқалмайды. Са­баққа дұрыс дайындалмаған оқу­шы сияқты, дауыстарының өзі әзер-әзер естіледі. Ондай ки­но­лар мен спектакльдер кө­рерменді қалай өзіне тартады? Сондықтан да ондай кинолар мен спектакльдерге барушылар өте аз, ал барып жатқандардың түсінік-талғамдары соларда ойнайтын әртістерден төмен болмаса, жоғары емес.

Көзге түскен (әдейілеп із­деген адам жүздеген мысал табар еді) осы бір олқылықтарды айта отырып, біз әлдебіреулерді кінәлаудан аулақпыз. Біздің айтпағымыз, егер қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары, де­путаттар, өнер адамдары, ана тілімізді жетік білетіндер қа­тарындағы журналистер ті­лімізді осылайша шұбарлай беретін болса, ол қалайша мем­лекеттік тіл мәртебесіне жетпек? Өзіміз түсінбей жүрген ол тілді өзге ұлт өкілдері қалай тү­сінбек? Сөз соңында тағы бір ескерте кетер жайт, жоғарыда біз келтірген кемшіліктер не­гізінен коммерциялық емес, кә­дімгі мемлекеттік санала­тын бұқаралық ақпарат құрал­да­рында орын алып жүр. Мәсе­ленің өзектілігі де осында...

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар