Ас мәзір
түте – жаугершілікте сарбаздар әбден сүрленген етті жоңқалап алып, келіге түйіп, қоржынға салып алып жүретін шикідей жейтін тағам түрі
уызқағынақ – өрістегі қойшылар жаңа төлдеген қойлардың уызын сауып алып, бүйенге құйып, қоламтаға көміп пісіреді.
ұншай – ұнды қойдың құйрық майына қуырып алып, шәугімге шығарылып, кілегейі қосылып тұрған шайдың самасын сүзіп, қуырылған ұнмен араластырады
ұша – малдың мүшеленбеген тұтас еті
шыртылдақ – жылқы еті сорпасының болмаса шыжғырылған ішмайдың майы
ірімшік – ұйытылған сүтті қайнай бастаған кезде дірілдеп тұрған ұйытындыны «ағаш қылышпен» бөліп-бөліп, ұзақ қайнатып алғанды қызыл ірімшік дейді. Ол кептіріліп, қысқы азық ретінде сақталады.
ақ ірімшік – жаңа сауған сүтті ұйыған соң бір бұрқ еткізіп алғаннан соң жейтін тағам
ақ лақ – осы ақ ірімшікті сары майға араластырып, жылыдай қарттар мен балаларға ұсынады.
Уақыт өлшемдері
Жыл атаулары
- Тышқан 2008 2020
- Сиыр 2009 2021
- Барыс 2010 2022
- Қоян 2011 2023
- Ұлу 2012 2024
- Жылан 2013 2025
- Жылқы 2014 2026
- Қой 2015 2027
- мешін 2016 2028
- Тауық 2017 2029
- Ит 2018 2030
- Доңыз 2019 2031
Ескерту: «Ұлу» атауы туралы түсінігіміз дұрыс емес сияқты. Себебі, «ұлу» дегеніміз майда құм топырақ астында тіршілік ететін кішкентай жәндік немесе теңіз жәндігі. Бұларға жылдың атауын беруі неғайбыл. Бұрындары еліміздің солтүстік өңірлерінде тіршілік еткен орыстар «россамаха» деп атайтын аң болуы мүмкін деген ой келеді. Өйткені қазақтың Ұлытау жөніндегі «Ұлары ұшып, ұлуы ұлыған» деген көне сөз тіркесі де бар.
Мүшел жастар
Бір жасқа толған сәби мүшелге кірді деп саналады.
1-мүшел – 1 жастан 13 жасқа дейін
2-мүшел – 25 жас, жігіттік кезең
3-мүшел – 37 жас, кісілік, ақыл тоқтату
4-мүшел – 49 жас, орта жас
5-мүшел – 61 жас, кемел шақ, немере сүйер уақыт
6-мүшел – 73 жас, қарттықтың басы
7-мүшел – 83 жас, кәрілік, шөбере сүю
8-мүшел – 97 жас, қалжырау кезеңі
9-мүшел – 109 жас, шөпшек сүю
10-мүшел – 121 жас, шөбелек сүю
Бүркітке байланысты
атаулар
Қазақ құсбегілерінің ең жыртқыш құс бүркіттен бастап, лашын, сұңқар, қаршыға, қырғи тектес құстардың «тілін» тауып, аң-құс аулауға пайдаланғандары мәлім. Бүркітті қасқыр-түлкі, елік, қарақұйрық сияқты аңдарға түсірсе, қырғиға, қырғауыл, кекілік, бөдене аулатқандары белгілі. Қыран құстардың патшасы – бүркіт туралы көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан 1,5 мыңдай атау сөздердің, сөз тіркестері мен мақал-мәтелдердің бар екенін жазыпты. Біз кейбір атау сөздерді еске сала еткенді жөн көрдік. Оларды екі топқа бөледі:
түз бүркіті – тормен ұсталған құс
қолбала – ұясынан алып үйретілгені
Жасына қарай атаулары:
Ақүрпек – (ақүлпек) – жұмыртқаны жарып шаққаны
балапан – 1 жаста
қантүбіт – 2 жаста
түрнек – 3 жаста
тастүлек – 4 жаста
мұзбалақ – 5 жаста
көктүбіт – 6 жаста
қана – 7 жаста
жана – 8 жаста
майтүбіт – 9 жаста
барқын – 10 жаста
баршын – 11 жаста
шөгел – 12 жаста
мола – кәрі бүркіт
ақжем – қысқа қарсы күтімдегі құстың етін ортайту үшін суға салып, қан-сөлі арылған ет
балдақ – атпен жүргенде бүркітті алып жүру үшін бір ұшын ердің басына тіреп қоятын құрылғы
биалай – бүркітті білекке қондырғанда оның тырнағы батпас үшін жеңге дейін киілетін сіріден тігілген қолғап
жембасар – ішкі тұяғы
қайыру – құсты бабында ұстау үшін әртүрлі жем беріп баптау
салбуырын – бірнеше бүркітшінің аңшылығы
саусақтары: (төртеу болады)
саят – аңға шығу
сығым – ортаңғы тұяғы
тегеурін – өкше тұсындағы артқы тұяқ
томаға – көзін жауып тұратын «баскиімі»
тұғырға отырғызу – қолбаланы отырғызады
түлекке отырғызу – қыстай аңға салып еті төмендеген құсты оңалтып, түлететін ерекше күтім
шеңгел – (шынашақ) сыртқы саусағы
шырға тарту – аңның терісін арқанға байлап, сүйретіп, қолбаланы аңға түсіруге үйрететін тәсіл
ырғақ – түз бүркітін ұйықтатпай жуасыту үшін тербелмелі келтек ағашқа қондыру
Жынысына қарай:
шәулі – еркегі
ұябасар – ұрғашысы, еркегіне қарағанда тұрықты, ірі келеді
Қауырсындары: 12 құйрық, 5 шалғы қауырсындар болып бөлінеді
шалғы қауырсындар – шеткілері
аралық қауырсындар – қанаттың ортасындағылары
құйрық қауырсындары
Түз бүркіті 50-60 жылға дейін жасай береді.
Киіз үй
Түрлері: 3 қанаттыдан бастап, көлемі 30 қанатқа дейін өсе береді. Аса үлкен үйлерді «орда», «ақ орда» деп атаған; алты қанат ақбоз үй, қоңыр үй, қара лашық, күрке деген түрлері болады.
Сүйегі: шаңырақтан бастап, кереге, уық, табалдырық, сықырлауыққа дейінгі ағаш бұйымдар
шаңырақ – үйдің төбесі, бас бөлігі
азат көз – көктелмейтін қоспалары
алақаны – кереге байланатын жалпақтау бас жағы
бақан – үйді тіккенде, жыққанда шаңырақты тіреп ұстайтын басы аша сырық
балашық – қысқа желілері
белдеу – туырлықты екі жерден орап, есіктен таяғышына байлайтын екі арқан, киіз есікті маңдайшаға байлайтын жіп, бұдан басқа да таңдай өрнекті үзік, туырлықтың шеттерін бастыратын дөдеге ою, бір ұшы үй сыртындағы мықты желқазыққа байланып, үзіктің үстінен айқыштап, қос босағаға байланатын желбау; үйдің ішінен күлтелі шашақталып, түрлі-түсті жіптерден тоқылған басқұрлар; уықтарды бір-бірімен топтап оюлы құр-таңғыштар; уықтарды кереге сағанасына байлайтын балақбаулар болып келеді.
ерісі – ұзын желілері
жел қазық – үйдің тусыртынан арқанмен байлап тұрады
желі – кереге құрастырылатын жеке желілер
иіні – иілген бас жағы
кепілдік – күлдіреуіштерді біріктіріп тұратын көлденең ағаш
кереге көгі – қоспаларды ұстайтын сірі таспалар
кереге сағанасы – уық байланатын аша ұштары (керегенің үлкен-кішілігі осы сағананың санымен өлшенеді)
Керегенің тор көз (тар), жел көз (кең) дейтін екі түрі болады.
киіз есік – бүктелетін, түрілетін ортасы шимен, астары жарғақпен қапталатын бөлігі
қанат – жеке-жеке бөліктері (төрт қанат, алты қанат т.б.)
таған – шаңырақ щеңберін құрайтын бөліктері
туырлық – киізден пішіп жасалған жабынды, үшеуден бастап, үйдің көлеміне қарай көбейеді
түндік – шаңырақтың үстінен түсетін төртбұрыш киіз
түндік бау – түндіктің төрт бұрышын туырлыққа байлайтын немесе түндікті жартылай ашатын жіп
уықбау – керегеге байлайтын жіп
уықтың қаламы – шаңырақ көздеріне шаншылатын ұшы
уықтың қары – иінге дейінгі негізгі бөлігі
үзік – шаңырақ пен туырлықты қосып тұратын жабынды
үйдің бау-шуы – туырлықты керегеге, үзікті белдеуге, түндікті белдеуге бекітетін баулар
шаңырақтың көздері – уықтың ұшы шаншылатын тесіктері,
шаңырақтың күлдіреуіштері – үйдің төбесін күмбездеп, шеңберді берік ұстап тұратын шабақтары,
ши – кереге мен туырлықтың арасына түсетін 3-4 орамадан тұратын мүлік
шымши – шидің бұл түрі әртүрлі боялған жүнмен оюлап жасалған түрі
ыру – кереге-уық желелеріне түсірілетін тік сызықтар.
Ішкі жасау-жабдықтарына: әбдіре, адалбақан, жүкаяқ тұскиіз, кілем, алаша, сырмақ, текемет, аяққап, қоржын, кесеқаптар, сабаның бір түрі – сүйретпе, торсық т.б.
Жылқы дейтін жануар
Жылқы дейтін жануарды ең алғаш қолға үйреткен біздің бабаларымыз екенін ғылым дәлелдеп берсе, біздің бүтін тарихымызды, өмір салтымызды осы бір түліксіз елестету қиын. Оның түр-түсіне, жасына, дене мүшелеріне, тіпті оған байланысты әбзелдеріне дейін сан жүздеген атаулар бар екен. Солардың ұмытылып бара жатыр-ау деген кейбірін ғана тізіп көрейік.
Түр-түсі: негізінен қылаң, баран деп екі топқа бөлінеді.
қылаңға – ақбоз, құла, көк, қызыл сияқты түстер жатады («қызыл жылқы» деп шымқай ақтүсті жылқының әр жерінде қызыл түсті түгі болғандықтан солай атаса керек)
баранға – қарақоңыр, торы, жирен, бурыл т.б. түрлері жатады.
бір түсті – түгі тек бір түсті қара немесе көк немесе жирен, торы т.б.
аралас түсті – қарала, көкала, шұбар, бурыл, торыала т.б.
бөгенайлы бітімі – алааяқ, торы төбел, айқасқа т.б.
Жаратылыс мінезі – асау қара, қой торы, тістеуік бурыл, тебеген торы т.б.
Жүрісіне қарай – құла жорға, жол жорға, ақпа жорға, китің жорға, бәйге қара, аяңшыл бурыл, желісті сары т.б.
Таңбаға қарап тану – жылқыға ен салынбайды, әр ру өз таңбасын мінер жақ санының қалың етіне қызған темір таңбамен түсіреді.
Жасын анықтау
құлын – жаңа туған төлі
жабағы – алты айдан асқаны
құлын тай – екі жасары
құнан – үш жасар еркегі
дөнен – төрт жасар еркегі
бесті – бес жасар жылқы
сақа – 6-10 жасар айғыр
айғыр – үйірге түсетін еркек жылқы
сәурік – әлі үйірге түспеген айғыр
байтал – үш жасар ұрғашысы
дөнежін бие – төрт жасары
бесті бие – бес жасары
мама бие – алты жастағы
кәртеміс бие – 11-14 жастағысы
қасаба бие – 17-18 жастағысы
жасаған бие – кәрі бие
Тісіне қарап, жасын айыру
Төрт түлікте жылқыда ғана асты-үсті маңдай тістері болады.
Маңдай тістері:
қасқа тістер – ортадағы екі тіс. Ол туған соң екі аптаның ішінде өседі
жіңішке тіс – қасқа тістің екі жағындағы тістер
Бұл тістер 45-50 күнде өседі
шеткі тістер – қасқа тістің екі шет жағынан өседі. Бұлар 9 айдың ішінде өседі.
тісеу – құнанында ортаңғы екі тісі түсіп, асты-үстінен екі-екіден 4 қасқа тіс өседі
құнанында – асты-үстінен 2 тіс түсіп, 4 тіс өседі.
дөненінде – асты-үстінен 2 тіс түсіп, 4 тіс шығады.
Бестісінде – шеткі тіс пен алқым азудың арасынан бір-бірден сояу тіс өсіп шығады. Алты жасында үстіңгі ат-азу жарып шығады, үлкен жылқылардың тістері бір-бірінен алшақтап сарғая бастайды.
Ат әбзелдері
Ер-тұрманның негізінен үш түрі: ерлерге арналған түрлері ер-тоқым, оның қазақ ері, орыс ері деген екі түрі бар. Әйелдерге және балаларға арналған түрлері болады.
Ашамай – 3-4 жастағы бала аттан құламас үшін ердің алдыңғы, артқы қастары аша түрінде жасалып, баланың екі бүйірінен байлап қоятын жалпақ белдігі болады.
Ер-тұрманға: тоқым, желдік, үзеңгі, үзеңгі бау, терлік, тебінгі, таралғы, төс айыл, шап айыл, өмілдірік, құйысқан, ноқта-шылбыр, жүген, тізгін, ат көрпе, көпшік, пыстан, кежім, қамшы, тұсамыс, кісен, өре, қанжыға сияқты бөлшектер жатады.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері