Шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, әскери қайраткер, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл және басқа да Ауған соғысының ардагерлері мен соғыста опат болған жауынгерлердің ата-аналары, әскерилер, жас сарбаздықтар, қала тұрғындары қатысты.
«Бүгін біз Ауған соғысында опат болған жауынгерлеріміз бен ардагерлеріміздің ерлігін еске алуға жиналып тұрмыз. Сол бір қатыгез соғыстың аяқталғанына биыл 32 жыл толып отыр. Бұл – біздің тарихымыздағы елеулі оқиғалардың бірі. Қаншама жауынгер бүгінде ортамызда жоқ. Алайда олардың жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды», деді Бақтияр Мәкен.
Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары жастарға патриоттық тәрбие беруде еңбек етіп жүрген интернационалист жауынгерлерге ризашылығын білдіріп, дендеріне саулық тіледі.
Өз кезегінде Бақытжан Ертаев бүгінгі жастар тарихпен мақтануы керектігін, ел үшін ерлік көрсеткен, жанын қиған жауынгерлерді әрдайым есте сақтау керектігін атап өтті.