26 Желтоқсан, 2013

Төтенше жағдай

275 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

 Оның салдарын жойғаннан алдын алған тиімді

Бірер күннен кейін төрін жылқы жылына ұсынатын 2013 жыл еліміздің құтқарушылары мен өрт сөндірушілеріне оңай жыл болған жоқ. Жыл бойы түрлі табиғи және техникалық төтенше оқиғалардан көз ашпаған Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне тәулігіне 150-ден 240-қа дейінгі шақырымға шығуға тура келген. Бұл жайында кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко хабарлады.

* Сақтансаң – сақтайды

 Оның салдарын жойғаннан алдын алған тиімді

Бірер күннен кейін төрін жылқы жылына ұсынатын 2013 жыл еліміздің құтқарушылары мен өрт сөндірушілеріне оңай жыл болған жоқ. Жыл бойы түрлі табиғи және техникалық төтенше оқиғалардан көз ашпаған Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне тәулігіне 150-ден 240-қа дейінгі шақырымға шығуға тура келген. Бұл жайында кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко хабарлады.

Алматы, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының тау­лы аймақтарындағы қар көш­кіні салған әлек пен Оңтүстік Қа­зақ­стан, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Қостанай өңірлеріндегі күннің күрт жылынуымен жағаласа келген табиғи апаттарға тоқталған Төтенше жағдайлар министрі Жамбыл облысы мен Тараз қаласында ұйытқып соққан қатты желдің зардаптарын жою жұмыстары жайлы да айтып өтті. Естеріңізде болса, жылдамдығы секөнтіне 52 метрге жететін дүлей дауыл мыңдаған тұрғынды жылу мен жарықсыз ғана емес, баспанасыз да қалдырған болатын.

Бір сәтте 21 адамның өмірін жалмаған Көкшетау – Алматы бағытындағы ұшақ апатының ауыр қайғысын да ел жадынан әлі шығара қойған жоқ. Түрік «Скай Эйрлаинс» әуекомпаниясының банкротқа ұшырауына байланысты Анталияда еріксіз «қаңтарылып» қалған қазақстандық жолау­шы­ларға көмек қолын созу кезінде де талай кедергілер болғаны баршаға белгілі.

Табиғаттың тосын мінезінен ғана емес, техникалық ақаудан та туындаған осы төтенше жағ­дай­лардың барлығы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға біраз салмақ салды. Түптеп келгенде, бұл апат­тар тек Төтенше жағдайлар минис­трлігіне ғана емес, құзырлы органдардың кез келгеніне қауырт жұмысты үйіп-төккені анық.

Нақты деректермен сөйлеген Владимир Божко осы жылдың 11 айында ТЖМ-нің күш құрылымы 51 мыңнан астам апаттық-құтқару жұмысына қатысқанын айта келіп, 6236 адамның құтқарылғанын хабарлады. Апатты оқиғалар кезінде 3 мыңнан астам жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, төтенше жағдай ошағынан 6277 адам шығарылған.

«Тілсіз жаумен арпалысып, табиғаттың қатал мінезіне тойтарыс беріп жүрген қызметкерлеріміздің кей іс-әрекеттерін нағыз ерлік, көзсіз батырлық деп бағалауға болады. Бұл сөзімізге ағымдағы жылы мемлекеттік марапаттарға ие болған 26 ТЖМ қызметкерінің орден- медальдары дәлел бола алады», деді министр.

Брифинг барысында В.Божко таяуда ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың құқық қор­ғау органдарының кәсіпкерлік қыз­метке араласпауын және бизнеске әкімшілік қысым көрсетуін азайту туралы тапсырмасының орындалу барысына да тоқталып өтті. «Ес­теріңізде болса, бұл мәселеге Ел­басы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» арнайы сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде де ерекше екпін берген болатын, – деді ТЖ министрі. – Осыған орай бұл бағытта бүгінгі таңда жедел жұмыстар қолға алынды. Нақтырақ айтар болсақ, түрлі 199 құжаттың саны 168-ге қысқартылып, бес үрдіс ескертумен алмастырылды. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігіне байланысты құжаттар – 9, ал өнді­рістік қауіпсіздікке орай іс қағаз­дары 10 есеге азайды».

Апаттың алдын алу, оның салдарын жоюдан әлдеқайда тиімді, ең бастысы – арзанға түсетінін айтып өткен В.Божко Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойын­ша жыл басынан бастап көк­тем­гі су тасқындарының алдын алу бағытында тыңғылықты дайындықтар жүргізілгенін де мәлім етті. «Ғасыр құрылысы» атанған Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы Көксарай су қойма­сының көктемде су тасқынынан, аптап жазда, керісінше, қуаң­шы­лықтан зардап шегіп келген Оңтүстік Қазақстан мен Қы­зыл­­орда облыстарының ең бас­ты түйткілдерін шешіп берге­ніне ерекше тоқталған министр: «Стратегиялық маңызы бар бұл нысан 2,5 миллион ха­лық шоғырланған екі облысты ауыз­сумен қамтамасыз етіп қа­на отырған жоқ, өңірдегі ауыл шаруа­шы­лығының өркендеуіне де оң ықпалын тигізуде», деді.

Жаңа жыл мерекесінің сәніне айналған от-шашудың қауіп-қатерін де қалтарыста қалдырмады В.Божко. «Пиротехниканы қолдану кезінде оң-солын танып болмаған баланы былай қойғанда, есі кірген үлкендердің өздері қарапайым қауіпсіздікті сақтай бермейді. Сол себепті ТЖМ қызметкерлері мереке қарсаңында өрт қауіпсіздігін сақтауға бағытталған тексеру іс-шараларының шеңберін кеңейтіп отыр. Сондықтан да ересектердің құлағына алтын сырға, сіздер көңіл көтергенмен, ойламаған жерден от шығарып жіберетін қауіпсіздіктің ешқашан қалғымайтынын ес­теріңізде болсын. Себебі, қауіп-қа­тер бір сәт те «масаймайды», деді ол әзіл-шыны аралас.

Сөз орайы келгенде айта ке­тейік, аяз күшіне мінгелі бері ТЖМ қызметкерлері күре жолдарда қар құрсауында қалып қой­ған 637 адамның өмірін аман сақ­тап қалған. Қыстың қаһарына ілік­кендердің 75-і жаздық жанар-жағар­маймен ұзақ жолға шыққан Өз­бекстан Республикасының азаматы.

Республика көлемінде те­гін әрі тәулік бойы жұмыс істей­тін бірыңғай «112» құтқару қызмет­інің нөмірінің бұрыннан іске қо­сылғанын тағы бір рет еске салып өткен В.Божко қарапайым халықтың бұл туралы біле бер­мейтініне қынжылыс білдірді.

Халық тарапынан үлкен сұ­ра­нысқа ие болған ТЖМ-нің «Денсаулық», «Жәрдем» жә­не «Саламатты Қазақстан» меди­ци­налық пойыздары соны техникалық құралдармен жабдықталған. Ағым­дағы жылы бұл пойыздар барлық об­­лыстың шалғай жатқан 276 бекет тұрғындарына, нақтырақ айт­са, 63 мың халыққа жәрдем көр­се­тіп, 700-ге жуық емханалық ота жасалған.

Сондай-ақ, брифинг кезінде Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданған «Аза­мат­тық қорғаныс туралы» заң жо­ба­сының басымдықтары, ТЖМ құрған шұғыл медициналық құт­қару ден қоюдың бірыңғай жүйесі, Көкшетау техникалық институты базасында жаңадан ашылған «ТЖ-дағы қорғаныс», «Азаматтық қорғаныс және әскери дайындық» мамандықтары, сондай-ақ, Ресей мен Беларусь ТЖМ-нің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 35 қазақстандық курсант, Гватемала, Ливан, Шри-Ланка мен Ауғанстанға берілген гуманитарлық көмек жайлы да ақпар берілді.

Сөз соңында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко елдегі оқыс оқиғалардың санын азайтып, алдын алудың кешенді іс-шаралары алдағы уақытта да кең көлемде жүргізілетінін айтып өтті.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Соңғы жаңалықтар