Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі – ШЫҰ) мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша өкілеттіктер берілген құзыретті органдары басшылары кеңесінің есірткіге қарсы сұранысты төмендету жөніндегі сарапшылары жұмыс тобының отырысы болып өтті.
Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі – ШЫҰ) мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша өкілеттіктер берілген құзыретті органдары басшылары кеңесінің есірткіге қарсы сұранысты төмендету жөніндегі сарапшылары жұмыс тобының отырысы болып өтті.
Отырыс барысында сан-салалы мәселелер қаралды. Тараптардың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2011-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын 2014 жылы одан әрі іске асыру жөніндегі ұсыныстары талқыланды. Сондай-ақ, есірткі қылмыстарын жасаған есірткі тұтынушылардың баламалы жауапкершілігі институтының жұмыс істеуі, оны іске асыру проблемалары, ресми статистикалық деректердің шынайылығын қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарында есірткіге тәуелділерді есепке алудың объективті жүйесін қалыптастыру, үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара тәжірибе алмасу жүзеге асырылды.
– Қабылданып жатқан шаралардың нәтижелілігін сипаттайтын маңызды фактор ретінде Қазақстанның есірткіге тәуелді азаматтарының санын тұрақтандыру ғана емес, оны қысқарту мәселесін де қарау қажет. Соңғы бес жылда олардың саны 26%-ға (54669-дан 40224-ке дейін) төмендеді. Есірткі тұтынушылардың жас шамаларының «қартаюын» бастапқы профилактика бойынша жүргізіліп жатқан жұмыста қол жеткен маңызды жетістік деп атауға болады. Кәмелетке толмағандар саны 64%-ға (723-тен 263-ке) төмендеді. Бұл дұрыс басымдықтарды және жастарымыздың бойында құндылықтарды қалыптастыру, саламатты өмір салтын насихаттау бойынша жүргізіп отырған жұмысымыздың тиімділігін көрсетеді, – деп атап өтті отырысқа төрағалық еткен еліміз ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев.
Отырыста қол жеткізілген уағдаластықтар, қабылданған шешімдер ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерде есірткіге қарсы сұранысты төмендетудің тиімді кешендік жүйесін қалыптастыру мақсатында құзыретті органдардың есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмысын үйлестірудің неғұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізуге және нашақорлықтың алдын алуды жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Егемен-ақпарат».