Парламент • 16 Ақпан, 2021

Сенаторлар сотталған адамдарды беру туралы заң жобасын қарады

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz

Сенаторлар сотталған адамдарды беру туралы заң жобасын қарады

Заң жобасы сотталған адамдарды беруде ынтымақтастықты жақсарту мақсатында әзірленді, бұл оларға бас бостандығынан айыру, қамауда ұстау және бостандықтан айырудың басқа да түрінде өздері азаматтары болып табылатын мемлекетте жазасын өтеуге мүмкіндік береді.

Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта Корея Республикасында сотталған Қазақстан азаматтарының жалпы саны 23 адамды құрап отыр.

«Шетелдердегі азаматтарды қорғау – еліміздің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан шартты ратификациялау сотталған адамдардың азаматтық қоғамға қайта кірігуіне ықпал етеді», деп атап өтті сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Отырыста сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.

Заң жобасы азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығын іске асыру кепілдіктерін арттыруға, адвокатура және заң консультанттары институтын одан әрі дамытуға, олардың қызметін автоматтандыруға және оңтайландыруға бағытталған.

Комитет төрағасы Владимир Волковтың айтуынша, заң жобасын қабылдау Қазақстанның барлық аумағында адвокаттық қызметті біркелкі реттеуге алып келеді, бұл адвокаттар көрсететін заң көмегінің сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Заң жобасы тұжырымдамалық түрде бірінші оқылымда қаралды.