Қоғам • 17 Ақпан, 2021

Тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды

1053 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіздікті тәу еткен, ақ түйенің қарны жарылған алғашқы жылдары солтүстік өңірдегі кірпігі ғана қимылдайтын қазақ тілінің енді бағы жанады-ау деп дәмелендік. Әйтсе де әлі күнге дейін баяғы жартас, сол жартас. Тілдің алпыс екі тамырына неге шым-шымдап қан жүгірмей жатыр? Әңгіменің әлібі осы жайында.

Тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды

Біздің өңірде мемлекеттік тілдің мәр­тебесін көтеру үшін алдымен мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керек деген де пікір айтылады. Ата Заңдағы 7-баптың екінші бөлігі қабылданар кезде қоғамда қым-қиғаш пікірталастың болғандығы бел­гілі. Қазіргі күні де жүдеу тілдің жүзіне қа­рап отырып, осы екінші бөлігін мүлде алып тастау керек деген де көзқарастар айтылады. Асылында, заң қоғамдағы белгілі бір қатынастарды реттеу үшін қабылданады емес пе? Ал біз болсақ туған тілдің тағдырын шешетін заңдарды тола­йым пайдалана алып жатқан жоқ­пыз. Нақтырақ айтатын болсақ, Ата Заңы­мыздың 7-бабында «Қазақстан Респуб­лика­сындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жер­гі­­лікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Солай бола тұра күні бүгінге дейін қазақ тілі басқа тіл­дерден кем, қораш.

Өзге жерлерді қайдам, тыңның эпи­цен­трі атанған солтүстік өңір әлі де сі­­реу­ді бұза алмай жатыр. Кез келген жиын кешегі кеңес заманындағыдай орыс тілінде өткізіледі. Сылтау біреу-ақ, бас­қа ұлт өкілдерінің құқығы бұзылмауы керек.

Тіл білмейтіндер, қазақ тілінде қара таны­майтындар бұрын да көп еді, бүгін де жалғасып жатыр. Себеп әуелі бала бақшадан басталады. Облыс орталы­ғындағы, ірі елді мекендердегі балалар бақшаларының жергілікті ұлт тілінде жұмыс істейді дегені көп ретте көзбояуға таяу. Балдырғандар отбасында да, тәрбие орталығында да орыс тілінде сөйлеп, сол тілде қарым-қатынас жасайды. Тіпті ашынған адам жас отаудағы сәбидің тілі орыс тілінде шығады дер еді. Облыста  мектепке дейінгі 609 мекеме болатын болса, оның 277-сі, яғни 45 пайызы ғана қазақ тілінде. Одан соң мектеп мәселесі тіл тағдырына тікелей әсер етіп тұр. Мәселен, облыс мектептерінде биылғы оқу жылында 130 мың оқушы білім алып жатса, ондағы жергілікті ұлт балаларының саны – 82 936. Осы оқушылардың бақан­дай 22 мыңға жуығы орыс тілінде оқиды. Оған аралас мектептердегі жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие алып жатқан оқу­шыларды да қоспасқа амалың жоқ. Ара­лас мектепте оқитын балалардың бәрі дер­лік орыс тілінде сөйлейді. Балаларды орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін мектепке беруге ата-аналардың өздері ынталы. Өйткені, сабақтарын дайындаған кезде тіл білмегендіктен көмектесе алмайды. Аралас мектептердегі қазақ сыныбының атауы ғана көңіл жұбатады. Шын мәнінде аралас болғанымен, орыс тілді мектепке біртабан жақын. Бұл арада облыс орталығында таза ұлттық мектептерді көбейте алмай отырған кемшілігімізді айта кетуімізге әбден болады. Егер мектепке дейінгі мекеме, мектеп таза ұлттық болмаса, ұшпаққа шыға алмаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл ке­зеңі» атты Жолдауында «Қазіргі мін­дет – халқымыздың жаңа болмысын қалып­тастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» деп атап көрсетілген. Ұлт сапасы кешегі кеңес заманында амалсыз орысша орғыған аға буынның өкшесін басып келе жатқан жас толқынды өз тілінің мәйегімен сусындату. Сонда ғана тіл ең­сесін басып жатқан тегеуірінді тегеріш төң­керіліп түсер еді. Онсыз тілді түзеудің жолы жоқтай.

Ендігі бір мәселе, іргедегі көршінің ат көпір болып келіп жатқан басылымдары. Көкшетаудың көшелеріндегі күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарын сататын дүңгіршектерде Ресейдің газет-журналдары толып тұр. Қазақ тілді басылымды арагідік қана кездестіруге болады.

– Әрине, артық білім, озық өнерді үйре­нуге қарсы емеспіз, – дейді зейнеткер ұстаз Рауза Бәйкенова, – бірақ рухани қажеттілікті өтеп тұрған басылымдардың бәрі орысша ғой. Ішінде не жоқ дейсіз, ас мәзірінен бастап, ертегілерге дейін. Өзге тілдегі ертегімен есейген бала өз ті­ліне жатырқай қарайды емес пе? Рухани әлеміміз, теңіздей терең тіліміз осылайша былғанып жатыр.

Облыстық ішкі саясат басқармасы­ның мәліметіне қарағанда, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесі жоспар бойынша 2020 жылы 32 пайызды құрау керектігі көрсетілген. Тәуелсіздіктің 30 жылында осынша көлемде ғана. Нақты көрсеткіш 60 пайызға таяп қалады деген де болжам бар. Қалай болған күнде де отбасы, ошақ қасында үйіріле іркілген тіл кең көсіле алмай жатқандығы анық.

– 1977 жылы Жаңажол ауылы­ның се­гіз жылдық қазақ мектебін бітіріп, Көк­ше­тау қаласындағы облыстық қазақ мек­теп-интернатына оқуымды жалғастыруға жаңа келген бетім. Сыныптас қыз екеуі­міз интернат жанындағы аялдамадан автобусқа отырып орталыққа келе жатыр едік. Екеуара шүйіркелесіп сөйле­сіп тұрмыз. Бір кезде автобустың орта тұсында отыр­ған бір орыстың кемпі­рі: «Ей, что вы там на своем гыр-гыр, а ну-ка гово­рите на нормальном языке», деп бар дауы­сымен зекіп тастады. Сол сәтте не бол­ғанымды білмеймін. Құр­­бым екеуіміз баратын жерімізге де жет­пей, абдырап автобус тоқтасымен тү­сіп кеттік. Мұндай қорлықты кім көр­ген?! Ес білгелі сөйлеп келе жатқан ана тілімде сөйлесуіме біреудің тыйым сал­ғанына налыдым ба, тойтарыс бере алма­ғаныма ызаландым ба, білмеймін, әйтеуір ебіл-дебілім шығып жыладым,– дейді Көкшетау қала­сының тұрғыны Марал Жақыпова, – елімізде тәуелсіздік таңы атып, ана тілім мемлекеттік тіл бо­лып заңмен бекі­тілгенше талай жерде таяқ жеп, талай жерде сағым сынды. Сондықтан дәл мен үшін кеңес дәуірі келмеске кеткен. Оны аңсамаймын да, көксемеймін де. Керісінше, әлі күнге ортасындағы жалғыз орыс тілдіге бола таңдайлары тақылдап орысша сөйлеп отыратын қан­дастарыма қайран қаламын, соларға қа­рап отырып көрген жәбірле­рім есіме тү­сіп, намыстанамын. Барды баға­лай алмайтындары үшін. Намыс оты өшкен қуыс кеуделер үшін. Қазақ «Ауру қалса да әдет қалмайды», дейді. Біз сол кеңес дәуірінде ұшынған кеселден арыла алмай, ой-санамызды бұра алмай ұр­пағымызды да шала қазақ етіп өсірдік. Бұл ащы шындық. Мұны мойындау керек. Әйтпесе тоталитар­лық режімдегі Ке­ңес өкіметінің құ­қа­йын көрмеген, тәуелсіз елде туып, еркін өскен, алды отыз­ға енді жеткен ұл-қыздарымыз, ­орыс, ағыл­шын, қытай, жапон тілдерін жетік білетін білімді ұрпағымыз қазақшаға келгенде неге шідерлеулі аттай шаба алмай кідіреді?! Өйткені уызына жарымаған. Туып, өскен отбасында қазақ тіліне деген құрметі қалыптаспаған. Облыстық тілдер басқармасына басшылық етіп жүріп, тіл мәселесіне қатысты отырысқа шақырғанымда «Айта-айта аузым ауырды. Айтамыз, қалады, түк шықпайды», деп келуден бас тартқан тіл жанашырларын да көрдім. Жетпіс жыл желкемізден тұқыртып ана тілімізді ұмыттыруға айнал­­­дырған, амалсыз орыс тілін таң­дауға мәжбүр қылған кер заманнан ке­йін тілімізді тірілтіп алуға күш-жігер жұм­сауға шаршап-шалдығып қалға­ны­мызды қалай түсінуге болады? «Бат­пандап кірген ауру, мысқалдап шы­ғады» демеуші ме еді? Облыстық ассам­блеяның хатшылығын басқарып жүр­генімде ұлтаралық тұтастықты нығай­тып жүрміз деген талай этно-мәдени бірлестіктердің ұйымдастырған іс-ша­ра­лары тек өз тілдерінде және орыс тілін­де ғана жүргізілетінін көріп жағамды ұстадым. Ол жерде мемлекеттік тілді мен­сініп тұрған жандар кем де кем. Ас­сам­блеяның жұмысына мемлекеттік тіл­ді шым-шымдап болсын енгізу үшін жыл­ға таман уақыт кетті. Неліктен бұ­лай? Мұның басты себебі, сол маңда қыз­мет ететін басшының да, қосшының да өзге ұлттар ортасында қазақ тілінің қолданылуын талап етпеуінде. Өзіміз керек қылмай отырған тілімізді өзге қайт­сін?! Әрине, мемлекеттік тілді мең­гер­ген азды-көпті жастар бар. Оларды кездестіріп қалсақ төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Іздеп жүріп тауып аламыз. Көп алдына шығарып сөйлетіп, дәріптеп жанымыз қалмайды. Облыстық қазақ театрына басшылық еткен кезімде қаймағы бұзылмаған қазақи ортаға орыс тілін араластырмайын деп, ұлты қазақ, тілі қазақша не электрик, не механик, не сантехник таппай қиналғаным есімде. Қалтасында ата-анасы маңдай терімен тапқан ақшасын төлеп оқытқан не заң­гер, не қаржыгер дипломы бар қазақ жастарының жүргізуші болуға келіп тұр­ғанын көргенімде қатты түңілдім.

Міне, осылайша солтүстіктегі сірескен мұз жібір емес. Қалыптасқан көрініс көз алдымызда. Таразы басына тартып қарасақ, тіл тағдыры өз қолымызда екен. Алдымен өзіміз, өзіміздің отбасымыз, ұрпағымыз сөйлеу керек. Бәлкім сонда ғана тіліміз өркен жаяр...

 

Ақмола облысы