Үкімет • 17 Ақпан, 2021

Жұмысты жандандыратын кезең

152 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Жұмысты жандандыратын кезең

Жағдай шағын және орта бизнестің дамуына тәуелді

Ел экономикасының жағдайы туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, 2021 жылы әлемдік экономиканың даму перспективалары әлі айқын емес. Бірқатар перс­пективалы вакцинаның әзірленуіне қарамастан, пандемияға байланысты тәуекел сақталып отыр.

Осыған орай елімізде 2021 жылғы бірінші айдың қорытындысы бойын­ша, кен өндіру өнеркәсібін есепке алма­ғанда, нақты сектор 3,6% даму деңгейін көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция­лар, кен өндіру өнеркәсібін есепке алма­ғанда, 25,5%-ға өсті. Бұл алдағы уақытта экономиканың тұрақты өсіміне негіз болады.

Ведомство басшысының мәліме­тінше, кен өндіру өнеркәсібінен басқа нақты сектордың барлық саласы өсім көрсетті. Бұлар – құрылыс, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сала­лары. Көрсетілетін қызметтер сала­сы­ның тұрақтануы байқалады. Сонымен бірге экономика салаларының көбінде негізгі капиталға инвестициялар серпінді қарқынмен өсуде. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялардың орташа өсуі 25,5%-ды құрады.

Министр Мемлекет басшысы қойған міндеттерді және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын ескере отырып, 2021 жылы қол жеткізу қажет нысаналы индикаторлар айқындалғанын атап өтті. «Ең алдымен, биыл экономиканың өсімін 3%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта әрбір сала мен өңір үшін нысаналы параметрлер айқындалды. Сондай-ақ басты міндеттердің бірі 2021 жылы 15,4 трлн теңге сомаға инвестициялар тарту болып табылады. Бұл инвестицияларды ішкі жалпы өнімнің 20% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған көрсеткіштер республика бойынша егжей-тегжейлі пысықталып, экономика салаларының бөлінісінде және әрбір өңір бойынша бекітілді» деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі.

Қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқару­шы органдардың 2021 жылы экономика­ны дамытудың мынадай факторларына назар аударуы ұсынылады:

Макроэко­но­микалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру және салықтық-кедендік әкімшілендіруді жақсарту бойынша шаралар қабылдау қажет;

Жаңа инвестициялық циклді қалыптастыру экономиканың қалпына келуі мен одан әрі сапалы дамуының базалық шарты болып табылады. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ ұлттық компаниялар сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту бойынша үйлестірілген жұмыс жүргізуі қажет. Шағын және орта бизнес – жұмыс орындарын құру және халықтың табысын арттырудың негізгі көзі. Осыған байланысты қолжетімді кре­дит­пен қамтамасыз ету жалғасады. Жүйе­лік мәселелерді шешу шеңберінде қайта реттеу, жекешелендіру және бәсеке­лес­тік­ті дамыту бойынша шаралар қабыл­данады.

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді инвесторлармен нақты жұмыс істеу үшін 2012 жылы инвестицияларға жауап­ты облыстар мен республикалық маңы­зы бар қалалар әкімдерінің арнайы орынбасарлары лауазымы енгізілгенін атап өтті. Аталған шара өзінің тиімділігін көрсетті, алайда жылдар өте келе әкім­дердің арнайы орынбасарларының функ­ционалы оларға бейінді емес міндет­тердің жүктелуімен тасада қалып қой­ды. «Сондықтан өңірлер әкімдері орынба­сарларының функционалдық міндеттерін қайта қарап, инвестициялар тартуға бастапқы бағдарға оралу қажет деп санаймын. Салалық министрліктер мен квазимемлекеттік ұйымдарда да инвес­торлармен жұмыс істеу мәселелерінде шашыраңқылық бар. Осыған байланыс­ты бірінші басшылар нақты жоспарлары мен көрсеткіштері бар инвесторлармен жұмыс істеу үшін жауапты орынбасарларын айқындаулары қажет» деді М.Тілеуберді.

б

 Зейнет жинақтарының 87%-ы – баспанаға жұмсалмақ

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев биылғы қаңтарда дайындық жұмысы аяқталған соң Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға арналған өтінімдерін қабылдай бастағанын мәлімдеді. Биылғы 12 ақпандағы жағдай бойынша 1 855,9 млрд теңге сомасына 115 608 өтінім қабылданды. Оның ішінде 423,6 млрд теңге сомасына 78 074 өтінім өңдеуге қабылданып, мақұлданды. Биылғы 12 ақпанда БЖЗҚ 408,2 млрд теңге сомасына 75 186 өтінім бойынша біржолғы зейнетақы төлемдерін аударды. Азаматтар алынған жинақтардың 87%-ын тұрғын үй мәселелерін шешуге, оның 45,5%-ын тұрғын үй сатып алуға; 28,3%-ын ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге; 10,5%-ын екінші деңгейдегі банктерге бастапқы жарна үшін және «Отбасы банкінде» ипотека алуға; 2,3%-ын жеке тұрғын үй құрылысын салуға, ипотеканы қайта қаржыландыруға, сатып алу құқығымен жалдау шарты бо­йынша берешекті өтеуге және өзге де мақсаттарға жұмсауға ниеттенеді.

Енді елдің әлеуметтік жағдайына келсек, биылғы қаңтарда жылдық инфляция 7,4% болды. Бұл ретте азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне үлкен әсер етуде. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 2020 жылғы желтоқсанда 11,3% болса, биылғы қаңтарда 11,4%-ды құрады. Азық-түлікке жатпайтын өнімдер инфляциясы 5,5%-дан 5,3%-ға дейін, ақылы қызметтер инфляциясы 4,2%-дан 4,1%-ға дейін баяулады.

 Жергілікті бюджет кірістері асыра орындалды

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы қаңтарда мемлекеттік бюджетке 526 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 116,1%-ға орындалғанын айтты. Республикалық бюджетке 288 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жос­пар 90%-ға жүзеге асты.  Ал жергілікті бюджеттердің кірісі 178,6%-ға орындалып, 239 млрд теңгені құрады. Барлық өңірде кіріс бойынша жоспар асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 91%-ға, республикалық бюджеттің шы­ғыс­­ы 94,4%-ға, жергілікті бюджет­тер­дің шығыстары 80,6%-ға орындалды.

Ауыл шаруашылығына инвестициялар көлемі 75,2%-ға ұлғайды

Ауыл шаруашылығы министрі Са­пархан Омаров биылғы қаңтарда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,5%-ға ұлғайып, 170,6 млрд теңгені құрағанын айтты. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 2,7%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, ет өндірісінің сойыс сал­мақ­­тағы көлемі 5,3%-ға, сүт 3,8%-ға өсті. 10,2 млрд теңгеге өсімдік шаруашы­лығы өнім­дері өндірілді. Бұл ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарын жабық топырақта (жы­лы­жайда) өсіру есебінен қамтамасыз етілді.

Министрдің айтуынша, көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 0,8%-ға өсіп, 142,1 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, өсімдік майын өндіру көлемінің 26,7%-ға, қызылша қантының 25,1%-ға, сары майдың 16,3%-ға, жарманың 11,3%-ға, өңделген сүттің 3,2%-ға, өңделген кү­ріш­тің 2,3%-ға, ірімшік және сүзбенің 0,8%-ға артқаны байқалды. «Ауыл шаруа­шы­лығының негізгі капиталына салын­ған инвестициялар көлемі 75,2%-ға ұлғайып, 19,9 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 11,2%-ға артып, 3,5 млрд теңгені құрады», деді С.Омаров.

Еліміздің өнеркәсіп секторындағы қазір­гі жағдайы туралы баяндаған Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Бейбіт Атамқұлов 2021 жыл­дың қаңтар айында еліміздің өңдеу өнеркә­сібінде оң үрдіс сақталғанын атап өтті.  Министрдің айтуынша, түсті металлургияда да оң динамика байқалды. Өсім 106,6%-ды құрады. Оған тазартылған алтын, тазартылған күміс, құйма алтын, түйір­шік­тердегі күміс, катодты мыстың және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді. Қара металлургияда нақты көлем индексі 96,9% құрады. Шикізаттың жеткіліксіздігіне, тұтынушылар тапсырыстарының азаюына байланысты шойын өндірісі, рельс­тер, болат құбырлар, арматуралық про­кат төмендеді. «Сонымен қатар кәсіп­орындармен бірлесіп экспорттық әлеуетті өнімді өткізудің баламалы нарықтарына қайта бөлу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жыл соңына қарай бірлескен жұмыс нәтижесінде аталған көрсеткішке қол жеткізу жоспарда бар», деді Б.Атамқұлов. 

Жыл соңына дейін республикалық маңызы бар автожолдардың 90% және жергілікті жолдардың 76%-ын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жос­парланып отыр. 6,5 мың шақырым ақылы жол енгізіліп, ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол сервисін 66%-ға жеткізу көзделген.  «Темір жол көлігімен транзит 23,1 млн тоннаға дейін немесе 12%-ға артады деп отырмыз. Оның ішінде контейнерлер транзитін 1 млн жиырма фунттық баламаға жеткіземіз», деді министр. 

 Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!

Үкімет отырысында Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Nur Otan партиясының «Өзге­рістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасында Елбасы мен Мемлекет басшысы берген тапсырмалаларды орындау аясында атқарылатын іс-шаралар туралы баяндады.  Ә.Смайыловтың айтуынша, тапсырмаларды сапалы әрі толыққанды іске асыру мақсатында Үкімет Парламент мәжілісіндегі Nur Otan фракциясы және партияның орталық аппаратымен бірлесіп, арнайы Жол картасын әзірледі. Жол картасы Сайлауалды бағдарламасының 4 бағытын іске асыру бойынша 362 тармақты қамтиды. «Жол картасының барлық нысаналы шаралары мен индикаторлары жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, жылдар, салалар және өңірлер бойынша бөлінеді», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. 

Биыл ақпан айында Жол картасы Пар­ламент Мәжілісі депутаттарының қаты­суымен өткен Nur Otan партиясы фракциясының отырысында қаралып, мақұлданды. Партия фракциясы жыл сайын ақпан айында Жол картасын іске асыру барысы туралы Үкіметті тыңдауды жоспарлап отыр. Ә.Смайыловтың айтуынша, Жол картасын жүзеге асыру бойынша штаб құру керек. Бұл ретте, жұмыс органы ретінде Ұлттық экономика министрлігін белгілеу ұсынылады. Штаб отырысын аптасына бір рет өткізу жоспарланған, онда Жол картасының іс-шараларын іске асыру мәселелері қаралады.

 Экономиканың негізгі салалары өсу қарқынын сақтап қалды

Отырысты Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, биылғы қаңтар айында экономиканың негізгі салалары көрсеткіштердің жақсару үрдісінен жаңылған жоқ. Бұл ретте карантиндік шаралардың сақталуы мен күшеюі көрсетілетін қызметтер мен көлік салаларына әсерін тигізгеніне қарамастан, өңдеу өнеркәсібі тұрақты жағдайда алға басып, жыл басынан бері 3%-ға өсті. Өсімнің негізін металлургия өндірісі (+3,1%), оның ішінде автомобиль жасау (+21,2%), машина жасау (+16,2%), түсті металдар өндірісі (+6,6%), сондай-ақ химия өнеркәсібі (+12,8%), құрылыс материалдары өндірісі (+11,8%) және фармацевтика (+4%) құрады. Құрылыс көлемі 7%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9,4%-ға немесе шамамен 801 мың шаршы метр­ге ұлғайды.

ОПЕК+ келісімдері аясында мұнай өндіруді қысқарту бойынша Қазақ­станның міндеттемелерін орындауы­на байланысты тау-кен өндірісі ұлттық экономиканың баяулауының негізгі факторына айналды. Мұнай өндірудің нақты көлем индексі 12,3%-ға төмендеді. Керісінше, көмір өн­ді­­рі­сі жоғары қарқынмен (+10,1%) өсе түсті.

Негізгі капиталға салынған инвести­циялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 25,5%-ды құрады. Қызмет көрсету секторында ақпарат және байланыс саласында жоғары өсу қарқынына қол жеткізілді (+9,4%).

Экономиканың тұрақтылығы жұмыс­сыздық деңгейін 5%-ға дейінгі деңгей­де ұстап тұруға мүмкіндік берді. Эпиде­миялық жағдай бақылауда болды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кейбір өңірлерде белгілі бір шектеулер әлі де қолданылу үстінде.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қос­танай облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-еуі бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамта­масыз етті. Қарағанды, Қызылорда, Павло­дар, Түркістан және Шығыс Қазақ­стан облыстарында
4 көрсеткіш бо­йынша оң динамикаға қол жеткізілді. «Министрліктер мен әкімдіктер жұмысты жандандырып, тиісті шаралар қабылдап, белгіленген мақсаттар мен міндеттерді нақты орындауы қажет» деген А.Мамин ел экономикасына инвестициялар тартудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Үкімет басшысы екі күн мерзімде Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб құруды тапсырды. Оның отырыс­тарын апта сайын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, ай сайын Премьер-Министр өткізетін болады. Штабтың жұмыс органы болып Ұлттық экономика министрлігі белгіленді, оған осы жылдың 1 наурызына дейін Жол картасы көрсеткіштерінің цифрлық картасын әзірлеу тапсырылды.