Экономика • 17 Ақпан, 2021

Макроэкономикадағы маңызды өзгерістер

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шекаралардың жабылуы, сақтық шараларының артуы, кәсіпорындар мен өнеркәсіп орындары қызметінің шектелуі 2020 жылмен тәмам болмайтын түрі бар. Шектеулер мен тәртіп биыл да жалғасады. Әрине бұл экономикаға да әсерін тигізеді. Дүниежүзілік банк ұсынған дерекке сүйенсек, 2020 жылдың нәтижесі бойынша әлемдік экономика 4,3 пайызға құлдырап кеткен. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан кейін тіркеліп отырған ауыр ахуал.

Макроэкономикадағы маңызды өзгерістер

AERC қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы 2020 жылды қорытып, 2021 жылды бажайлап, әр тоқсан сайынғы дәстүрлі макроэкономикалық болжамын жариялады. Болжамның жалпы нобайында Brent маркалы мұнайдың 2021 жылы барреліне орташа 48,5 доллар болатыны; сауда серіктес елдердің экономикасы 4,5 пайыз­ға өсетіні; Қазақстанның мұнай мен газ конденсаты өндірісін 86 млн тонна деңгейіне жеткізетіні және биыл ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 4,8 пайызға өсетіні айтылады. Ал тұтынушылық инфляция 2020 жылмен салыстырғанда біршама баяулап, 2021 жылы 6,5 пайызды құрамақ.

«Экономиканы қалпына келтіру үшін елдер «жұмсақ» ақ­ша-несие саясатын ұстанды. Локдаун және бизнестің тежелуі салдарынан Қазақстан экономикасы 2,6 пайызға құлдырады. Қызмет көрсету секторы 5,6 па­йызға кері кетіп, жыл соңында қал­пына келе бастады. Бұл жыл­дың екінші жартысындағы карантин шараларының жеңілдеуі­не байланысты. Көп қызмет­тің онлайн режімге көшуі онлайн қызметтерге деген сұранысты арт­тырды. Бұл әсіресе ақпарат және байланыс саласына оң ықпал етті. Нәтижесінде, бұл сала­дағы өсім 8,6 пайызға (2019 жыл­мен са­лыс­тырғанда) жетті. Сон­дай-ақ құ­рылыс (+11,2 пайыз), өңдеу­ші өнеркәсіп (+3,9 пайыз) салалары да жылды оң нәтижемен тәмамдады. Алайда ұлттық статис­тика бюросының дерегінше, былтыр 11 айда ішкі сауда айналымы 12,9 пайызға, оның ішінде экспорт 18,2 пайызға төмендеп кеткен. Импорт 5 пайызға азайған. Негізгі капиталға инвестиция салу да 3,4 пайызға кеміп, теріс динамика көрсет­кен», делінеді зерттеуде.

Сондай-ақ AERC өз зерттеуінде мемлекеттік жеңілдетілген несие­леу бағдарламалары банк сек­торының қаржылық тұрақ­тылығы үшін қауіп тудырып отыр деп есептейді. Осы қиындықты еңсеру мақсатында құрылған «Қазақстан орнықтылық қоры» екінші деңгейлі банктерді нарықта өз өнімдерін ұсыну мүмкін­дігінен айырып отыр делінеді.

«Үшіншіден, ақшаның нарықтық құнын арзандату ар­қылы экономиканы ынталандыру тәжірибесі экономикада көпір­шік үрлену қаупімен қатар жүреді. Жеңілдетілген несие беру арқылы шағын және орта кәсіп­керлікке қолдау көрсету шарасы банктерді несие алушыларға қойылатын скорингтік талаптарды төмендетуге мәжбүр етеді. Бұл банктердегі нашар займдардың (NPL) көбеюіне әсер етеді. 2020 жылы шағын бизнесті несиелеу 19,3 пайызға өскен (2019 жылмен салыс­тырғанда). Мұндай қауіп тұрғын үй нарығында да бар. Был­тыр жаңа үйлер бағасы 5,2 пайызға, екінші нарық үйлері 13,1 пайызға өскен. Бұл үдеріс биыл да жалғасып, қаңтарда өсім 3 және 5 пайызға дейін артты» делінеді зерттеуде.

AERC болжамынша, биыл негізгі капиталға салынатын инвестиция 2 пайызға, номиналды ақшалай кіріс 9,5 пайызға өседі. Сонымен қатар доллар курсы 432,8 деңгейінде болуы мүмкін. Бұл дегеніңіз былтырмен салыстырғанда 4,8 пайызға әлсі­реуді аңғартады. Дегенмен сауда балансы оң көрсеткішке бастайды деген болжам бар. 2021 жылдың қоры­тындысы бойынша тауарларды экс­порттау көлемі импорттаудан 11,9 млрд долларға асып түсуі әб­ден мүмкін. Экономиканың реал­ды сек­торындағы іскерлік бел­сен­ділік­тің қалпына келе бастауын ес­кере отырып салық базасы баяу қоз­ғалыспен болса да еңсесін тік­тейді, мемлекеттік бюджет түсімі 10,8 па­­йызға өседі деп болжам айтады.

Қазіргі макроэкономикалық ахуал мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектордың жоғар­ғы шығындарын сақтауды талап етпек, өйткені AERC болжамынша, аталған сектор 2021 жылы өсімге жетіп, 15,1 трлн табыс көр­сетеді. Дегенмен мемлекеттік бюд­жет табысы 2020 жылғыдан 14 пайызға төмен болады. Бұл Ұлт­тық қордан трансферттердің азаюы­мен түсіндіріледі. Осылайша, мем­лекеттік бюджет сальдосы 2021 жылы 2,5 трлн теңге тапшылық өл­ше­­мін­де немесе ІЖӨ-нің 3,1 пайызы көлемінде болмақ.