Магистрлер мен PhD докторлар дайындау – білім беру саласын ғылыми негізде жаңғыртуға жол ашады. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Дамыған бәсекеге қабылетті мемлекет болу үшін біз жоғары білімді ұлт болуға тиіспіз», деп атап көрсеткен. Бұл келешекте еңбек нарқы талап ететін маман дайындау керектігін меңзейді. Оның ішінде, заман ағымының қандайына болса да төтеп беретін және адам капиталының бәсекелестік қабілеттілігін қамтамасыз етуде математика мен информатика мамандарын әзірлеу қажеттігі де жатқаны анық.
Магистрлер мен PhD докторлар дайындау – білім беру саласын ғылыми негізде жаңғыртуға жол ашады. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Дамыған бәсекеге қабылетті мемлекет болу үшін біз жоғары білімді ұлт болуға тиіспіз», деп атап көрсеткен. Бұл келешекте еңбек нарқы талап ететін маман дайындау керектігін меңзейді. Оның ішінде, заман ағымының қандайына болса да төтеп беретін және адам капиталының бәсекелестік қабілеттілігін қамтамасыз етуде математика мен информатика мамандарын әзірлеу қажеттігі де жатқаны анық.
Еліміз 2010 жылы әлемдік ортақ білім беру кеңістігіне ену мақсатында Еуропа елдерінің білім беру жүйесін үйлестіретін Болон үдерісіне кірді. Бұл қадам ХХI ғасыр басындағы білім берудегі басты жүйелі өзгеріс болып табылады. Болон үдерісі – басқа елдердің дипломдарын мойындау, оқытудың технологиялары мен әдістемелері, тәжірибе алмасуда үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнымен қатар, ол студенттердің өз бетінше талпынысы мен белсенділігін, ғылыми және әдістемелік жұмыстардың жүйелі жүруіне мүмкіндік береді. Бұл оқытушыларды жинақылыққа жұмылдыруды, оқу орындарының материалдық және техникалық базаларын жаңартуды талап етеді. Осы өзгеріске орай, жоғары және жоғары оқу орындарынан кейін білім беру мамандықтары жіктемесі бірнеше топқа бөлінеді. Оның негізгілері – білім беру және табиғи ғылымдар болып табылады. Математика мен информатика, сол секілді, физика, биология, химия, тарих, география, т.б. мамандықтардай осы екі топқа жатады. Біз онда айтқан барлық мамандықтар бойынша дайындау екі бағытта – білім беру және табиғи ғылымдар бойынша баклавр – магистр – PhD доктор дайындау жүйесі іске асырылады.
Білім және ғылым министрлігі ұсынған жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі мамандықтардың жаңа жіктемесі білім саласына барынша ғылыми тұрғыдан қарауды қамтамасыз етумен қатар, білім саласын заманауи талаптарға, Болон үдерісіне сай дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, мамандықтардың бұрынғы жіктемесі бойынша білім беру бағытындағы математика мен информатика жіктемесі педагогика тобына жатқызылатын. Ал, жаңа жіктемеде математика мен информатика мамандықтарының аясы кеңейіп отыр. Шығыс ғылымы тарихы мен педагогикасы бойынша көрнекті ғалым Ауданбек Көбесовтың жұртшылыққа, әсіресе, математиктер қауымына оның «Математическое наследие аль-Фараби» («Әл-Фарабидің математикалық мұрасы») монографиясы кеңінен мәлім. Бұл еңбек өз кезінде ағылшын тіліне аударылып, шетел Әл-Фараби зерттеушілерінің жоғары бағасын алған. Иә, айтулы зерттеу Әл-Фарабидің математикалық еңбектері жүйелі түрде терең зерделенген бірден-бір құндылық екені рас. Оның маңыздылығы ел болған тұста артпаса, кеміген жоқ. А.Көбесовтың бұл еңбегі шетелде, яғни Американың Мичиган университетінің кітапханасында цифрланған көшірмесі жасалынып, оған университеттің иелік жасауда (11 шілде 2007 жылы цифрланған, барлығы 246 бет). Осының өзінен-ақ қазақ оқымыстысының керемет білім, білігін аңғаруға болады. Бұған қоса, А.Көбесовтың бастамасымен, белсенді қатысуымен және ғылыми редакторлығымен шыққан Әл-Фарабидің «Математические трактаты» («Математикалық трактаттары»), атты кітабының цифрланған көшірмесіне де сол Мичиган университетінің (1 ақпан 2010 жылы цифрланған, барлығы 523 бет), сол сияқты, «Комментарии к «Альмагесту» Птолемея» зерделі зерттеуінің цифрланған көшірмесіне Калифорния университетінің (27 тамыз 2008 жылы цифрланған, барлығы 324 бет) иелікті іске ұйытқылық жасауы көп нәрсені аңғартса керек.
Жалпы, ғылыми жаңалықтарды білім саласына, оның ішінде білім беру пәніне ендіру оңай дүние емес. Ол ұзақ уақытты, тапжылмай отыратын еңбекті, зерттеулерді талап етеді. Айталық, физика ғылымының жалпы білім беру пәніне айналуына 300 жылдай уақыт кеткен екен. Ал, информатика ғылымының педагогтардың ғылыми-әдістемелік зерттеулері негізінде жалпы білім беру пәніне айналғанына 40 жылдай-ақ болды. Әрине, ғылыми жаңалықтың білім пәніне тезірек айналуы заманауи жағдайларға, өмір талабына, ғылыми-әдістемелік зерттеулердің нәтижесіне тікелей байланысты. Информатика ғылымының жалпы білім беру пәніне тез айналуы, дәуірдің жедел қарқынына байланысты болса керек. Оның үстіне, білім беру информатикасы білімді ақпараттандырудың ғылыми-практикалық тұрғыда жаңа сала ретінде қалыптасуда.
Айта кетерлік нәрсе, «ақпарат» деген атау – «информация» деген халықаралық атаудың қазақ тіліндегі дәл баламасы деп білемін. Оны осы ғасырдың бас кезінде біздің қазақ журналистері қалыптастырды. Қазіргі кезде «ақпарат» атауы журналистік атаудан асып, ғылымда, білімде, техникада, тұрмыста ең жиі қолданылатын болды.
Математика мен информатиканың сапалы білім беруде маңызының зор екендігі туралы айтпаса да түсінікті. Сонымен, білім беру математикасы мен информатикасынан маман дайындауда ғылым мен білімді интеграциялау үлкен рөл атқарып, «ғылымнан білімге», «білімнен ғылымға» сияқты интеграциялау желілері орнығып келеді.
Білім беру математикасы мен информатикасы бойынша маман дайындау тек педагогика емес, ғылыми-педагогикалық негізде әдіснамалық, әдістемелік қағидалармен қаруланған жоғары дәрежелі математик-әдіскерлер (информатик), нағыз математикті (информатикті) әзірлеуді қолға алу керектігі туындап отыр. Бұл келелі іс біздің информатика, математика және білімді ақпараттандыру кафедрасында толығынан ескерілген. Бұл жұмысқа белгілі ғалым-профессорлар: Д.Жұмабаев, А.Асанова, А.Ақышев, Ш.Билялов, М.Қалимолдаев, А.Дүйсебаев, тағы басқа әріптестер қолдаушы болып жүргенін атап кетсем артық болмас.
Информатика, математика, білімді ақпараттандыру кафедрасы Омбының, Қазанның, Новосібірдің, Красноярдың мемлекеттік педагогикалық университеттерімен, Новосібірдегі Ресей Ғылым академиясының бөлімшесі С.Соболев атындағы математика институтымен, Өзбекстанның Ғылым академиясының математика және ақпараттық технологиялары институтымен, Испанияның Сантьяго де Компостела университетімен, Түркияның Измир университетімен, Австрияның Кернтен/Виктор Франкл университетімен ынтымақтастық келісімдер жасалып, бірлікте білім беру, ғылыми ізденістер бойынша жұмыс жасап келеміз.
Қорыта айтқанда, Білім және ғылым министрлігінің ұлттық жоғары білікті мамандарға деген талаптарын барынша қанағаттандыруға күш салудамыз. Соның ішінде математика мен информатика бойынша магистрлер мен PhD докторлар дайындау ісін заман сұранысына сай орындау басты міндет болып тұр. Бұл информатика пәнін өмір мәніне айналдырудағы батыл қадам деп білеміз.
Есен БИДАЙБЕКОВ,
Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
кафедра меңгерушісі, профессор.