Хоккей • 17 Ақпан, 2021

Плей-оффта қай қарсыласқа тап болады?

188 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жатқан елорданың «Барысы» кеше тұрақты біріншіліктегі соңғы алты ойынының бірін өткізді. Бұған дейін плей-офф кезеңінің жолдамасын иеленіп қойған қазақстандық клубтың Гагарин кубогы жолындағы жарыста қай команда қарсыласы болатыны дәл осы ойындарға байланысты болмақ.

Плей-оффта қай қарсыласқа тап болады?

Қазіргі таңда жерлестеріміз біріншіліктің «Шығыс» конференциясында 54 ойыннан кейін 62 ұпай жинап, се­гізінші орында келеді. Математикалық есеп бойынша, «Барыс» турнир кестесінде бесінші орынға дейін кө­те­рі­луіне мүмкіндік бар. Өйткені «Барыстың» алдын­да тұр­ған «Автомобилистің» еншісінде 63 ұпай (7-орын), «Тор­педо» (6-орын) мен «Тракторда» 65-ұпайдан (5-орын) бар.

Елорда клубы енді алдағы бес ойынның екеуін, яғни «Автомобилист» (18 ақпан) пен «Сибирь» (21 ақпан) клубтарын Нұр-Сұлтанда, ал «Ак Барс» (23 ақпан), «Куньлунь» (25 ақпан) және «Авангард» (27 ақпан) командаларымен сырт айдында бақ сынасады. Бұл жерде «Барысқа» «Сибирь» және «Ак Барс» ұжымымен өтетін ойында ұпай алу қиынға соғуы мүмкін. Жалпы қалған қарсыластар да жерлестерімізге екі ұпайды оңай ұстата салмайтыны анық, дегенмен биылғы маусымда «Барыс» жоғарыда аты аталған екі командаға шамасы келмеді. Мәселен, осы жылы «Сибирьмен» үш мәрте мұзайдында жолығып, соның екеуінде 3:1 есебімен есе жіберсе, 5 ақпанда Сібірде өткен бәсекеде жерлестеріміздің бағы жанды. Бұл қазақстандық команданың жеті ойынға созылған жеңіліс сериясынан кейінгі бірінші жеңісі еді.

Ал Гагарин кубогының үш дүркін жеңімпазы Қазан­ның «Ак Барс» ұжымымен Қазақстанның «Барысы» биылғы тұрақты біріншілікте үш рет кездесіп, соның тек біреуінде ғана жеңіс тойын тойлады. Жалпы кез келген клуб үшін «Ак Барсты» жеңу мәртебе саналады. 2008 жылдан бері екі клуб мұзайдында 39 мәрте жолығып, соның тек жетеуінде ғана жерлестеріміз жеңіске жеткен екен. Ал қалған 32 ойында қазандықтар басым түскен. Яғни «Барыс» әр бес ойында қарсыласынан ұпай алып отырған. Біздің жігіттер соңғы рет 2020 жылдың 16 қазанында «Татнефть-Аренада» өткен ойында айдын иелерін овертаймда тізе бүктірген. Негізгі кезеңде хоккейшілер бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмаған соң, жеңімпаз команданың есімі қосымша уақытта анықталды. Даррен Дицтен тамаша пас алған Роман Старченко қарсыластың қақпасын дәл көздеп, «Барысқа» жеңіс сыйлаған еді.

«Автомобилиспен» өткен кейінгі бес ойынның үшеу­ін­де елорда клубы басым түскен. Екате­рин­бург командасы «Барыспен» бір деңгейде деп те айтуға болады. Демек алдағы ойында да жерлестеріміз екі ұпайға қол жет­кізеді деп ойлаймыз. Қазір екі ұжым арасын бір-ақ ұпай бөліп тұрғанын ескерсек, бұл матч өте тартысты өтпек. Жеңілістің екі командаға да ауыр соғатыны анық. Өйт­кені турнир кестесінде 8-орын алған команда плей-офф ережесі бойынша алғашқы кезеңде көш басында тұрған командамен кездеседі. Ал көш басында 86 ұпай жинаған «Ак Барс» келеді. 77 ұпаймен екінші орында тұрған «Авангард» Қазан клубын қуып жете алмайды.

Қытайдың «Куньлунь» ұжымы әлдеқашан плей-офф кезеңінен үміт үзген. Турнир кестесінде соңғы орында келе жатқан қытайлықтар алдағы ойындарда енді тек жан­күйерлер үшін ойнайтыны айтпаса да түсінікті. Екі клуб арасындағы биылғы маусымдағы үш ойында да жерлес­теріміздің мерейі үстем болған. Бұл ойын сырт айдында өтетін болғандықтан, «Барысқа» оңай соқпайтыны белгілі.

Жерлестеріміз тұрақты біріншіліктің соңғы ойынын қонақта Омбының «Авангардымен» өткізеді. Қазір омбылықтардың қарқыны күшті. ҚХЛ-дағы кейінгі бес ойынның төртеуінде қарсыластарынан ірі есеппен айласын асырған. Өткен жылы командалар екі рет мұзайдында жолығып, бір-бірден жеңіске жеткен. 13 қарашада елордада өткен ойында «Авангард» 5:1 есебімен басым түскен болса, 23 желтоқсанда Омбыда ұйымдастырылған матч­та жерлестеріміздің айы оңынан туды. 3:1 есебімен аяқталған ойында Роман Старченко, Якоб Лилья және Фил Вароне мергендігімен көзге түскен-ді. Бәлкім, «Авангард» пен «Барыс» арасындағы үшінші кездесу кім мықты екенін анықтап қана қоймай, плей-оффта қай клуб кіммен кездесетінін де анықтап беруі мүмкін. Себебі, көп жағдайда барлық нәтижені соңғы турдың ойындары шешіп жататыны белгілі.

Осы маусымды қоса есептегенде «Барыс» ҚХЛ-дың плей-офф сатысына осымен 13 мәрте шығып отыр. Бірақ жерлестеріміз екінші кезеңнен аса алған емес. «Барыс» алдағы бәсекелерін сәтті өткізсе, плей-оффтың бірінші кезеңінде «Авангард», «Металлург» немесе «Салават Юлаевқа» қарсылас атанбақ. Ал егер 5 ойында қажетті ұпайына қол жеткізе алмаса, онда азулы «Ак Барсқа» тап болады.