Қоғам • 17 Ақпан, 2021

Жоғарғы сот төрағасы және судьясы лауазымына қатысты талапқа өзгерістер енгізілді

667 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz

Жоғарғы сот төрағасы және судьясы лауазымына қатысты талапқа өзгерістер енгізілді

Құжатты Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары әзірлеп, заң шығару бастамасы тәртібімен енгізді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдау және оны 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізу сот жүйесінің жұмысына түзетулер енгізуді талап етеді.

«Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының және облыстық соттардың «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда белгіленген қолданыстағы құрылымы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің міндеттеріне толық көлемде жауап бермейді. Заң жобасының түзетулері екі блоктан тұрады», деді Мәжіліс депутаты Қанат Мусин.

Біріншіден, Жоғарғы сотта әкімшілік істер бойынша сот алқасын құру ұсынылады. Қазіргі мамандандырылған сот алқасы таратылатын болады. Облыстық соттарда да тиісті сот алқалары құрылады. Бұл шара сот жүйесіне өңірлерде істердің бөлінуіне байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

«Заң жобасында Мемлекет басшысы тағайындауға ұсынатын Жоғарғы сот Төрағасы және Жоғарғы сот судьялары лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер енгізіледі. Бұл түзетулер елдің Жоғарғы сот органына құқықтың мамандандырылған салаларында, мысалы, салық құқығында немесе жер қойнауын пайдалану құқығында көп тәжірибесі бар көрнекті заңгерлерді тартуға бағытталған. Бұл неғұрлым даулы істер бойынша сот төрелігінің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және бүкіл сот жүйесіне оң әсерін тигізеді. Бұл түзетулер Мемлекет басшысы ұсынған кандидаттарға ғана қатысты екенін ерекше атап өткен жөн. Олар басқа судьяларға қатысты болмайды», деді депутат.

Енгізілетін нормалар әкімшілік әділетті енгізудің бастапқы кезеңінде жүктемені тең бөлуге, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар мен жария даулар туралы істерді қарау жөніндегі сот практикасының ара-жігін ажыратуға мүмкіндік береді.