26 Желтоқсан, 2013

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №1235

257 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

2013 жылғы 15 қараша, Астана, Үкімет Үйі
«Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттелетiн қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) арналған тарифтерді (бағаларды, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерiн бекiтуге берiлген өтiнiмдерді қарау кезiнде жария тыңдаулар өткiзу ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 сәуірдегі № 376 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттелетiн қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) арналған тарифтерді (бағаларды, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерiн бекiтуге берiлген өтiнiмдерді қарау кезiнде жария тыңдаулар өткiзу ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 сәуірдегі № 376 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 17, 177-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шекті деңгейлерiн бекітуге арналған өтiнiмдердi қарау кезiнде жария тыңдаулар өткiзу қағидаларын бекіту туралы»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қоса беріліп отырған Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шекті деңгейлерiн бекітуге арналған өтiнiмдердi қарау кезiнде жария тыңдаулар өткiзу қағидалары бекiтiлсiн.»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттелетiн қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) арналған тарифтерді (бағаларды, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерiн бекiтуге берiлген өтiнiмдерді қарау кезiнде жария тыңдаулар өткiзу ережесi осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.АХМЕТОВ.

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2013 жылғы 15 қарашадағы №1235 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2013 жылғы 21 сәуірдегі №376 қаулысымен бекітілген

Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шекті деңгейлерiн бекітуге арналған өтiнiмдердi қарау кезiнде жария тыңдаулар өткiзу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шекті деңгейлерiн бекітуге арналған өтiнiмдердi қарау кезiнде жария тыңдаулар өткiзу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзiрлендi және табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк органның (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердi (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шектi деңгейлерiн бекiтуге арналған өтiнiмдердi қарау кезiнде жария тыңдаулар өткiзу тәртiбiн айқындайды.
2. Жария тыңдаулар өткiзудiң мақсаты тұтынушылар мен уәкiлеттi орган үшiн табиғи монополиялар субъектiлерi қызметiнiң ашықтығын қамтамасыз ету жолымен тариф саясаты саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесiн күшейту болып табылады.
3. Жария тыңдаулар – табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтiң (бағаның, алым мөлшерлемесінің) немесе оның шектi деңгейiнiң жобасын мемлекеттiк органдардың, тұтынушылардың және олардың қоғамдық бiрлестiктерiнiң, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiн, тәуелсiз сарапшыларды және табиғи монополиялар субъектiлерiн шақыра отырып өткізілетін талқылау рәсiмi.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге анықтамалар мен терминдер Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес қолданылады.
4. Жария тыңдауларды өткiзу қағидаттары:
1) жариялылық;
2) тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерi мүдделерiнiң теңгерiмiн сақтау.
5. Уәкілетті орган жария тыңдауларды өткізгенге дейін жария тыңдаулар өткізілетіні туралы хабарландыруды:
1) табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердi (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шектi деңгейлерiн жалпы тәртiппен бекiту кезiнде күнтiзбелiк он бес күннен кешіктірмей;
2) Заңның 18-бабының 5-тармағына сәйкес табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердi (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекіту кезінде күнтiзбелiк жетi күннен кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында орналастырады және табиғи монополия субъектісі өз қызметін жүзеге асыратын тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын, аптасына кемінде екі рет шығатын баспасөз басылымдарында жариялайды.
Мерзiмдi баспасөз басылымдарында алдағы болатын жария тыңдаулар туралы хабарландыруды жария­лау туралы талаптар реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тарифтердi (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекiту кезiнде қуаты аз табиғи монополиялар субъектiлерiне қолданылмайды.
6. Алдағы болатын жария тыңдаулар туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді:
1) тыңдауларды ұйымдастырушының атауы мен орналасқан орнын;
2) тыңдаулардың өткiзiлетiн күнi, орны мен уақытын;
3) табиғи монополия субъектiсiнiң атауын және өтiнiм берiлген реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тарифтердi (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шектi деңгейлерiн бекiтуге арналған қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) түрлерiн;
4) ақпарат алуға болатын жария тыңдауларды ұйымдастырушының және табиғи монополия субъектісінің байланыс телефондарын;
5) уәкілетті органның және табиғи монополия субъектісінің интернет-ресурсының мекенжайын (болған жағдайда) қамтиды.
7. Табиғи монополиялар субъектілерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiнiң жергiлiктi бөлiмiне енгiзiлген табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердiң (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) немесе олардың шектi деңгейлерiнiң жобаларын талқылау жөнiндегі жария тыңдауларды өткiзу кезiнде уәкiлеттi орган осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген мәлiметтердi көрсете отырып, тиiстi жергілікті мемлекеттік басқару органдарын шақырады.
8. Қуаты аз табиғи монополия субъектісі жария тыңдауларды өткізгенге дейін жария тыңдауларды өткізу күні, орны мен уақыты туралы тұтынушыларды және мүдделі тұлғаларды хабардар етеді.
9. Жария тыңдаулар:
1) табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердiң (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) шектi деңгейлерiн бекiту кезiнде бекiту туралы шешiм қабылдағанға дейін күнтiзбелiк отыз күннен кешіктірмей;
2) табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердi (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекiту кезiнде бекiту туралы шешiм қабылдағанға дейін күнтiзбелiк он бес күннен кешіктірмей;
3) Заңның 18-бабының 5-тармағына сәйкес табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) арналған тарифтердi (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекiту кезiнде бекiту туралы шешiм қабылдағанға дейін күнтiзбелiк жетi күннен кешіктірмей;
4) қуаты аз табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердi (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекiту кезiнде бекiту туралы шешiм қабылдағанға дейін күнтiзбелiк бiр күннен кешіктірмей өткізіледі.
10. Табиғи монополия субъектiсi жария тыңдауларды өткiзу күнi туралы ақпарат жарияланғаннан кейiн жария тыңдауларға қатысушылардың талабы бойынша:
реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тарифтiк сметалардың, тарифтердiң (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) немесе олардың шектi деңгейлерiнiң жобаларын;
реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тарифтердi (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шектi деңгейлерiн көтеру себептерi туралы экономикалық негiзделген есептері бар ақпаратты береді.
2. Жария тыңдауларды өткізу тәртібі
11. Тыңдаулар уәкiлеттi орган айқындаған үй-жайда кедергісіз кіруді қамтамасыз ету арқылы өткiзiледi.
12. Жария тыңдаулар өткiзу үшiн уәкiлеттi орган қызметкерлерiнiң iшiнен жария тыңдаулардың төрағасы (бұдан әрi – төраға) тағайындалады. Төраға қуаты аз табиғи монополия субъектiсiнiң өтінімдерін қарауды қоспағанда, уәкiлеттi орган қызметкерлерiнiң iшiнен жария тыңдаулардың хаттамасын жүргiзетiн хатшыны тағайындайды.
13. Хаттама жазбаша нысанда жасалады.
14. Төраға әрбiр жария тыңдауға регламент белгiлейдi.
15. Төраға белгіленген уақытта тыңдауларды ашады, олардың мақсатын және күн тәртібін жариялайды. Төраға қатысушыларды тыңдауларды өткізу регламентімен таныстырады.
16. Өз сөзінде табиғи монополия субъектісі өзі көрсететін реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) ұсынылып отырған тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) деңгейіне немесе оның шекті деңгейіне растаушы фото, бейне материалдарды қоса бере отырып, егжей-тегжейлі түсініктеме және негіздеме береді.
17. Төраға жария тыңдауларда сөз сөйлейтіндерге сұрақтар қояды, қаралып отырған мәселелер бойынша өз ұстанымын білдіреді, тыңдауларға қатысушының тыңдау регламентін бұзатын, сондай-ақ жария тыңдаулардың тақырыбына қатысы жоқ сөзін бөледі.
Жария тыңдауларды өткізу кезінде тәртіпті бұзатын адамға төраға ескерту жасайды. Тәртіпті қайта бұзған жағдайда тыңдауларға қатысып отырған адам үй-жайдан шығарылады.
18. Жария тыңдауларға қатысушылар қаралып отырған мәселелер бойынша өз көзқарастарын (болған жағдайда) білдіреді, сөз сөйлеушілерге сұрақтар қояды, өз сөздерінде көмекші материалдарды (плакаттар, кестелер және тағы басқалар) пайдаланады және жария тыңдаулардың хаттамасына сөйлеген сөзін жазбаша қоса береді.
19. Төраға тыңдаулардың қорытындысын шығарады және жария тыңдауларды жабады.
20. Жария тыңдауларға қатысушылар білдiрген пiкiрлер ұсынымдық сипатқа ие және назарға алынады.
21. Жария тыңдауларды өткізу процесінде хаттама жасалады, онда осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген ақпарат, сондай-ақ жария тыңдаудың басталуы мен аяқталуы, сөз сөйлегендердің тегі, аты-жөні туралы мәліметтер және сөйлеген сөздер мәтінінің қысқаша мазмұны мен тыңдаулардың нәтижелері қамтылады. Барлық хаттамалар нөмірленеді және жеке папкаға тігіледі.
22. Жария тыңдаулардың хаттамасы жария тыңдаулар өткізген уәкілетті органның мұрағатында жария тыңдаулар өткізілген күннен бастап үш жыл бойы сақталады.
23. Коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтер табиғи монополия субъектiсiнiң келiсiмiнсiз жария тыңдауларда жария етуге жатпайды.

Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50