Қазақстан • 17 Ақпан, 2021

Францияның Үлкен Шығыс аймағы Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастыққа дайын

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үлкен Шығыс (Франция) Өңірлік кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Жан-Люк Боль Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Францияның Үлкен Шығыс аймағы Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастыққа дайын

Тарихи дамыған Эльзас, Лотарингия, Шампан, Вогез аймақтарын қамтитын Үлкен Шығыс қуатты экономикалық әлеуетке ие. Автокөлік жасау, жоғары технологиялық машина жасау, металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдері және дамыған «жасыл экономика» жыл сайын өңірлік ІЖӨ-нің 150 млрд еуроға дейін өндіріп, Үлкен Шығысты Франциядағы жетекші позицияға шығаруда. Сондай-ақ 5,5 млн халқы және Швейцариямен шамалас аумағы бар өңір әлемдік нарықтағы бәсекелестік артықшылықтарын сенімді түрде сақтап отыр.

Қазақстанның Бас консулы Әнуарбек Ахметов осы өңір басшылығының өкілін Қазақстандағы ағымдағы жағдаймен, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси бағытпен, сондай-ақ еліміздің экономикалық әлеуетімен егжей-тегжейлі таныстырды.

Тараптар бірлескен жұмыс жоспарларын талқылап, ынтымақтастықтың неғұрлым келешегі мол бағыттарын, яғни көліктік машина жасау, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, «жасыл экономика» және цифрландыруды айқындады.

Келіссөздердің мақсаты болашақта Қазақстанда және Үлкен Шығыста жаңа жұмыс орындарын құруға, олардың бәсекелестік артықшылықтарын нығайтуға мүмкіндік беретін ықтимал бірлескен жобаларды іздестіру болды.

Сонымен қатар, Ж-Л.Боль Қазақстанмен өңірлік деңгейде, әкімдіктермен және компаниялармен нақты және атаулы жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Мәселен, Арал теңізінің қалпына келтірілуіне мүдделі бола отырып, ол өңірдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы тәжірибесін атап өтті.

Француз тіліне аударылған Абай шығармаларының жинағын сыйға алған саясаткер ұлы ақын әрі ойшылдың шығармашылығына шынайы қызығушылық танытты.