Руханият • 17 Ақпан, 2021

«Асыл түліктің» берері мол

457 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Асыл түлік» республикалық мал асылдандыру орталығының құрылғанына жиырма жыл толды. Бұл ұйым мал шаруашылығы саласын өркендетуге үлес қосып, осы бағыттағы пәрменді істерді жандандыруға ұйытқы болып келеді.    

«Асыл түлік» республикалық мал асылдандыру орталығы – төрт түлік малдан ұрық алу және оны мұздатудың (криокон­сервациялау) заманауи техноло­гиясын игерген Орталық Азия­дағы алғашқы кәсіпорын. Мекеме республикадағы қара мал тұқымын сақтау, бір жыныс­ты ұрықпен ұрықтандыру және эмбриондарды транспланта­циялау сияқты заманауи биотех­нологиялық әдістерді өндірісте кеңінен қолданып келеді.

Жиырма жылдық меже аясын­да атқарылған жұмысқа көз жүгірт­сек, орталық құрылғалы бері қара мал тұқымдарының ата­лық бұқаларынан 12 млн-нан ас­там ұрық сынамасы өнді­ріл­іп­ті. 2001-2020 жылдар ара­лы­ғын­да еліміздегі мал шаруа­шы­лы­ғы­мен айналысатын тауар өндіру­шілер орталықтың ұрық сақтау қоймасынан 6 млн-нан астам ұрық сынамасын алып, рес­пуб­ликадағы мал басын өсіруге пайдаланған.

Қазақстан үшін мал шаруа­шылығы – әрине дәстүрлі сала. XX ғасырдың басында қазақ жерінде миллиондаған мал өсірі­ліп, ет өнімдерін экспортқа тұ­рақты шығару қалыптасқан еді.

Соңғы жылдары мал шаруа­шылығын қаржыландыру есе­леп артса да, бұл салада түбегей­лі өзгеріс байқалмады. Ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің көбе­юі әдетте мал басының өсуі­мен ті­келей байланысты екені анық. Бұл шаруашылық тарапы­нан да, мемлекеттік қолдау жағы­нан да көбірек қаражат қарас­тыру­ды қажет етеді. Осы ретте мал басының мардымсыз болуы­ның басты екі себебін атап көр­сетуге болады. Оның біріншісі – мал асыл­дандыру жұмыс­тарының дәр­мен­сіздігі болса, екіншісі, малға азық дайын­дайтын базаның жет­кі­ліксіздігі. Осыған байланыс­ты мал өсірудің тиімді тәсілдері із­дес­тіріліп, бірқатар жұмыс қолға алынды. Соның бірегейі − 2010 жылы қара мал тұқымдарын асыл­дан­дыратын «Кең ауқымды селек­ция» жобасы басталды. Ор­та­лық бар мүмкіндігін асыл тұ­қымды мал шаруашылығын дамытуға бағыттады. Субсидия алушы шаруаларға мал асылдандыру үрдісін ғылыми тұрғыдан қам­тамасыз ету, бұқаларды табын­дарға жоспарлы түрде қосу сынды талаптар қойылды. Жоба аясында сиыр малын қолдан ұрықтандыру қызметінің аясы кеңейді, асыл тұқымды аталық бұқалардың қолда бар ұрығын пайдалану мәселесі бір жүйеге түсті, тұқымды бұқашықтардың ұрығын іріктеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша, жылдар бойы қордаланған істердің түйіні біртіндеп шешіліп жатты.

«Мал шаруашылығы және вете­ри­нария ғылыми-иннова­ция­лық орталығының» бастамасымен асыл тұқымды малдарды жедел көбейтудің заманауи әдістері тәжірибеге енді. Бұл тәсілдер қол­дан ұрықтандыру ісін жандандырып, қашарларды бір жыныс­ты ұрықпен ұрықтандыру ар­қы­лы малды өз төлінен көбейту ісіне сүбелі үлес қосты. Озық шаруа­шылықтарда жоғары өнімді сиыр­ларды асыл тұқымды аталық бұқа­лар ұрығымен шағылыстыру арқылы эмбриондар қорын жа­сақ­тау қолға алынды. Өндіріс­тік мас­штабта эмбриондарды транс­план­тациялау үшін стацио­нарлық (in-vitro) зертхана іске қосыл­ды, мұнда классикалық тех­но­логиямен қатар, сиырдың ана­лық жұмыртқасын түтікшеде ұрық­тандыру арқылы эмбриондар алу технологиясы игерілді. Осын­дай кешенді шаралар мал ба­сын көбейту ісіне үлкен серпін берді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мал шаруашылығын дамыту үшін қолдан ұрықтандырудың маңызы үлкен. Бірақ Қазақстанда ірі қара мал ғана қолдан ұрық­тан­дырылады. Оның өзінде қосал­қы шаруашылықтарда сауын мал толық қамтылмаған. Өкінішке қарай, шаруалардың қолдан ұрықтандыруға деген селқостығынан малдың өнім­ділік қасиеттерін жақсарту мүм­кіндігінен айрылып отырмыз. Осы орайда «Асыл түлік» меке­месінің сақтау қоймасында сапасы жағынан сынақтан өткен және құнажындары сүтті болып келетін асыл тұқымды бұқа­лар­дың ұрықтары сақтаулы тұр.

Қазіргі таңда «Асыл түлік» ұрық сақтау қоймасында қара мал тұқымынан алынған 6 млн-нан астам ұрық сынамасы бар. Олар сұйық азот құйылған ыдыс­тарда сақталатындықтан ұзақ мерзімге жарамды. Қоймада отандық мал тұқымдарымен қатар, шетелдік бұқалардың да ұрықтары сақтаулы. Орталық құрылған 2001 жылдан бері республиканың алдыңғы қатар­лы шаруашылықтарынан 200-ден астам бұқашық және Ресей, Украина, Германия, Канада мен АҚШ-тан 150-ден астам асыл тұқымды аталық бұқасы әкелінді.

Мал тұқымын жақсартуға бағытталған осындай селекция­лық жұмыстар легі әсте толас­таған емес. Бүгінге дейін өсім­тал бұқашықтарды бағалау жұ­мыстары жалғасып жатыр. «Асыл түлік» таңдап алып, сы­наққа қойған бұқалардың 70%-дан астамы тұқымды асыл­дан­дыру санатына ие. Бұл көрсет­кіштің өзі асыл тұқымды аталық бұқашықтарды алдын ала таңдау, іріктеу жұмыстарының сапалы жүргізілгенін байқатады.

«Асыл түлік» қоймасынан шыққан сапалы ұрықтар 2 млн-нан астам сиырдан асыл тұ­қымды ұрпақ алуға жол ашты. Қал­ған 6 млн-нан астам ұрық мұз­датылған қалпында қоймада сақ­таулы. Орта есеппен алғанда, «Асыл түлікте» алынған ұрық­тан өрбі­ген асыл тұқымды малдар­дың үлесі республикадағы тұ­қымды малдардың 30%-дан ас­та­мын құ­райды, яғни әр үшінші құ­на­жын − «Асыл түлік» орталы­ғының өнімі.

Орталық өндірген тұқымдық материалдардың сапасы күмән тудыр­майды, өйткені ұрықты алу мен криоконсервациялау үр­дісі заманауи технология не­гізінде жүзеге асырылған. Техно­логиялық үрдіс кезеңдері адам факторының ықпалын азайтып, автоматтандыру жүйесімен қамтыл­ған. Орталық өндірген әрбір ұрық сынамасының (доза) түтік­шесінде ұрықтың қай бұ­қа­дан және қай уақытта алынғаны тура­лы ақпарат беріл­ген. Арнайы кітапшада асыл тұқымды бұқаның өнді­рістік көрсеткіштерімен қатар, оның төр­тінші ұрпағына дейін­гі ата-тегі туралы мәліметтер жазыл­ған. Ұрықты алу және крио­кон­сер­вациялау үрдісі бақылау­дың үш кезеңінен өтеді. Қатал сынақтан өткен сынамалар ғана ұзақ мер­зімді сақтауға жіберіледі.

Орталық мамандары мал­дың асыл тұқымды құндылығын индекс­теу негізінде малды баға­лаудың жаңа әдістерін қалыптас­тыруға ерекше ден қойып келе­ді. Өйткені қолданыстағы ескі клас­сикалық бағалау жүйесі мал­дың жеке ерекшеліктеріне терең бой­ла­мады. Ал LPi (Канада), TPi (АҚШ) және RZG (Гер­мания) индекс­тері малдың асыл тұқым­ды қа­сиет­тері туралы бар­лық ақпа­ратты қамтиды. Мы­салы, сүттің өнімділігі мен сапасы, шаруа­шылықта пайдалану ұзақ­тығы, төл беру қабі­леті және мал­дың сыртқы тұрқы кем де­ген­де 18 белгі бойынша баға­лануы керек. Осы белгілер жинақ­та­лып, индекстік жүйеге бірік­ті­ріл­ген кешенді сараптама жү­йе­сін құрайды. Сөйтіп, малдың тұ­қымдық құндылығын толық­қанды сипаттауға мүм­кіндік береді.

Қорыта айтқанда, кең ауқым­ды селекция ұстанымдарын ен­гізу нәтижелері Қазақстанда сүт­ті және етті сиыр шаруашылы­ғын дамытуға оң өзгерістер әкел­ді. «Асыл түлік» мекемесі осы игі іске ұйытқы болды. Селекциялық саясатта «Асыл түлік» мамандары және көптеген селекцио­нер отандық мал тұқымын өз төлінен көбейтуге басымдық беру­ді ұдайы назарда ұстап келеді. Әрине, малдың тұқымын жақсарту үшін әлемдік озық мал тұ­қ­ымының тектік әлеуетін пайдалану қажеттілігі туындайды. Осындай мақсатты жұмыстар ұдайы жүргізіліп, арнайы азық­тандыру мәселесі шешілсе, отан­дық тұқымдардың әлеуеті де жақсы көрсеткіштерге жететінін уа­қыттың өзі дәлелдеді. Бұл − тиім­ді, сенімді және шығыны аз әдіс.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, кейбір мал тұқымы шаруашы­лықтар тарапынан үлкен сұра­нысқа ие болып, өсіріліп жатса, кейбірі маңызын жоғалтып, жо­йылып жатыр. Соңғы жүз жылда әлемнің түрлі аймақтарында 450-ден астам аборигендік мал тұқымы жойылып кетті. Осыған қарап, отандық ғалымдар мен мамандар шығарған, әлемге танымал болған мал тұқымдары күйзеліске ұшырамаса дейсің. Мысалы, қазақтың ақбас сиыры және биязы жүнді қазақ қойы − кезіндегі одақ көлемінде әйгілі болған асыл мал тұқымдары. Осы тектес асыл тұқымдарды сақтап қалуға да, жетілдіруге де «Асыл түлік» ұрық қоймасындағы тектік қор кепілдік бола алады.

Республикалық мал асылдандыру орталығының басты міндеті − жерімізге бейімделген, еліміздің шаруашылықтары өсіріп жатқан мал тұқымдарын өз төлінен көбейту шараларына барынша қызмет ету, әсіресе мал­ды төлінен жедел көбейту үрдісіне серпін беріп, селекциялық жұ­мыс­тардың жүйелі, әрі пәрмен­ді атқарылуына атсалысу.

 

Айбын ТӨРЕХАНОВ,

профессор