Спорт • 18 Ақпан, 2021

Халық мұрасы қайта жаңғырған шақ

561 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көшпенді бабаларымыздан қалған жекпе-жек сайыс өнерінің бір тармағы – қазақ күресінің де өзіндік тарихы бар. Бірақ өткен ХХ ғасырдың басына дейін қазақ күресінің бірізді жүйеленген тәртібі болған жоқ. Сондықтан да әрбір өңірде күрес жергілікті ерекшеліктерін сақтай отырып қалыптасқан. Айталық, еліміздің шығыс және орталық өлкелерінде «Арысқа түсу» дейтін сайыс түрі кең дамыған. Бұл жайлы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығарамаларында көркем баяндалады.

Халық мұрасы қайта жаңғырған шақ

Арысқа түсу дегеніміз, екі ел немесе екі қауым өздерінің балуандарын ортаға алып келеді. Көрермендерге әсерлі болу үшін оны шынжырлап, ноқталап әрі көз-сұқ тимесін деген ниетпен жабулап ұстайды. Балуанды күрес алаңына, яғни арысқа әкеле жатқан мезетте шынжырлы балуан өз жақтастарын шынжырымен қоса сүйреп айбат көрсетеді. Бұл, нақтырақ айтқанда, психологиялық шабуыл әрі театрландырылған көңіл көтеру. Осылай екі балуан арысқа түсіп қай жеңгені жүлде алады, я болмаса, «менімен күш сынасатын тағы кім бар» деп көпшілікке қолқа салады. Күрес осылай жалғаса береді...

Қазақ күресінің ғылыми жүйеленуі 1920 жылдан басталады. Алғаш рет 1936 жылы Семей қаласында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған Алматы, Батыс Қазақ­стан (Орал, Атырау, Ақтөбе), Қостанай, Оңтүстік Қазақстан (бұрынғы Шымкент және Жамбыл өңірі), Семей, Павлодар облыс­тарының балуандары қатысады. Олар үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Же­ңіл салмақта М.Құрманбаев (Алматы облысы), орта салмақта Еңсеп Досқалиев (Батыс Қазақ­стан), ауыр салмақта А.Мусин (Павлодар) жеңімпаз атанады. Түйе балуан атағы үшін алты балуан белдеседі. Еңсеп әуелі оңтүстіктің ба­луаны С.Қасықбаевты жеңеді. Шешуші бәсекеде Е.Досқалиев өзінен алты жас үлкен, әрі салмағы тоғыз кило ауыр А.Мусинді жеңіп, қазақ күресі тарихында тұңғыш рет «Түйе балуан» атанады. Өкініштісі, жауырыны жерге тимеген атақты балуан 1944 жылы соғыста қаза тауыпты.

1938 жылы республикалық Ауыл спартакиадасында қазақ күресінің жаңа ережесі қабылданған. 1940 жылы қаңтар айында Алма­ты қаласында қазақ күресі өкілдері екінші рет бас қосып, жоғарыдағы ережеге өзгеріс енгізеді. Әрі жаңа ереже бойынша бір ғана салмақ дәрежесімен Қазақстан чемпионатын өткізеді. Оған Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Өскемен, Семей өңірлерінің балуандары қатысады. Тағы да орта салмақтағы Еңсеп Досқалиев ешкімге дес бермей бәрін жеңеді. Осы жылы (1940) шілде айында Мәскеу қаласында ҚазКСР-нің 20 жылдығына орай орталық «Динамо» стадионында мыңдаған көрерменнің алдында біздің балуандар қазақ күресінің үлгісін көрсетеді.

Бұл жерде, яғни Мәскеуде қазақ күресінен басқа өзбек, тәжік және түрікмен халықтары да өз күрес түрлері бойынша көрсетілім жа­са­ған. Бірақ кеңестік спорт мамандары қазақ күресі үлгісін оңтайлы көріп, осы үлгі бо­йын­ша 1941 жылы ақпан айында Фрунзе (Бішкек) қаласында Орталық Азия және Қазақстан ха­лық­тарының чемпионатын өткізу туралы шешім қабылдайды. Бұл біріншілікке еліміз атынан 10 балуан қатысып, Еңсеп Досқалиев бастаған біздің азаматтар командалық есепте бас жүлдеге ие болған. Бұлар – қазақ күресі тари­хында халықаралық жарысқа қатысып, тұңғыш рет чемпион болған балуандар.

Осылай қазақ күресі халықаралық дәре­жеде қарқын алып келе жатқанда, Екінші дүние­жүзілік соғыс басталып кетіп, арада ондаған жыл үзілістен кейін 1952 жылы ғана Орталық Азия және Қазақстан спортшылары спартакиа­дасында жоғарыдағы ереже негізінде жарыс өткен екен.

Қазақ күресі тарихында айта жүрерлік оқиға соғыс аяқталған 1945 жылдың күзінде Семейде Абайдың 100 жылдық тойы өтеді. Дереккөзге жүгінсек, соғыстан бұрын қазақ күресімен айналысқан азаматтардың барлығы дерлік соғыстан оралмаған. Аман-есен келгендерінің өзі мүгедектігіне байланысты кілемге шыға алмаған. Ұлы ақынның 100 жылдық торқалы тойы соғыстың зардабынан әбден еңсесі езілген халықтың рухани сілкінісін оятқан зор оқиға болғаны сөзсіз. Тойға атақты балуан, биыл туғанына 150 жыл толғалы отырған Қажымұқан атамыздың өзі келіп қатысқан. Күрес 1940 жылы қабылданған ереже бойынша өтіп, Семейдің Ақсуатынан келген балуан Дәулен мен Абыралы елінің жойқын күш иесі Әшкен екеуі шешуші арысқа түседі. Дәулен Әбікенов қарсыласын төңкеріп тастайды. Осы күрестің басы-қасында болып, арыстардың айқасын көзбен көрген халық ақыны Төлеу Көбдіковтің:

Балуандар жағаласып жармасқанда,

Алысып айдаһардай арбасқанда,

Балуаны Ақсуаттың лақтырып,

Шығарды бұрқ еткізіп шаңды аспанға… – дейтін ұзақ жыры бар. Сөйтіп қарсыласын «шаңды аспанға шығарып» жеңген Дәулен балуан атан түйе бәйгесін Қажымұқанға сыйға тартып, қонақкәде жасайды. Осы той кезінде Қажымұқанды ортаға алып, Дәулен Әбікенов, Мариям Жагорқызы мен оның күйеуі Дүйсен қатарлы көп адам бірге түскен фото сақталған (суретте).

Серік РЗАТАЕВ,

қазақ күресінің жаттықтырушысы