М.Құл-Құхаммед «Қазақ – өткен тарихта есесі көп кеткен халық» деп дұрыс айтады. Ал сол кеткен есепсіз есемізді еліміздің арайлап атқан тәуелсіздік таңы біртіндеп қайтарып жатқанына мың шүкір, жүз тәубе демесе болмас.
Соның ішінде кешегі ел еркіндігі, ұлт азаттығы, ұрпағы үшін жанын салған баһадүрлеріміз бен Алаш туын көтерген асылдарымыздан бастап, неміс-фашистеріне қарсы соғыста қан майданның бозала шаңын шығарған ержүрек батырларымыздың әрқайсысы ұлт мақтанышы, ұрпақтың мызғымас құндылықтары екені баршаға аян.
Осы тұста жетпіс жыл етегінен қызыл жел ескен кезеңнің тайғанақ саясатына нүкте қойылғаны да ақиқат. Табанды тірліктердің арқасында қазақ халқы Қабанбай мен Наурызбай, Бөгенбай мен Есет, Ахмет пен Әлихан, Тұрар мен Мұстафа, Сәкен мен Бейімбет сынды мыңдаған тау тұлғалы ұлт перзенттерінің есімдерін өте жақын тани бастады.
Төрткүл дүниеге фашизм дәнін сеппекші болған қанқұйлы Гитлердің қаһарына қарсы шыққан, бірақ ерліктері еленбей қалған қаншама азаматтарымыз бар десеңізші?! Бір ғана жаужүрек батыр, алғыр тактик, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының қайсар мінезі мен ерлік жолы не тұрады?!
Абырой болғанда қарақұрым халқы көзінің тірісінде-ақ ешкімнен тайсалмай «Батыр» деп атаған Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы қазақ халқының атынан тапжылмай талап еткен Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында әлемдік картадан «СССР» деген мемлекеттің жойылу сәттерінде «қызыл күреңнің» тізгінін босатып, шылбырын тастап, үзеңгісінен аяғын алуға дайындала бастаған Михаил Горбачевтің Жарлығымен берілді.
Ал Қазақстан дербес мемлекет атанып, өзінің жоғары марапаттарын белгілеген шағында Ұлы Отан соғысы жылдары аттары аңызға айналған, бірақ ерліктері лайықты бағасын ала алмаған, фашизмнің ордасына айналған Рейхстагқа ең алғашқы ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен даңқты партизан Қасым Қайсеновке, ұшқыштар Бақтыораз Бейсекбаев пен Хиуаз Доспановаға «Халық Қаһарманы» атағының берілуіне ұлт болып қуанған едік. Осындай игі қадам жұрттың жүрек сыздауын тарқатқаны шындық. Өйткені сұрапыл соғыста жау жүрек аталарымыз бен ер жүрек апаларымыз ерліктің жалауын көтеріп, Жеңістің туын тікті. Бұл қасиетті қазақ жерінен шыққан жаужүрек батырлардың ерлікке толы жеңісті жолы еді. Сондықтан да, теңдесі жоқ бұл соғыстың бағасы, ол сол батырлар әкелген – Ұлы Жеңіспен ерекшеленді.
Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің тарихи мақаласында «Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі үшін 12 777 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алыпты» деген мәліметті келтіре отырып, оның ішінде 104 қазақтың сол заманның айбынды атағына ие болғанын көрсетіп отыр. Осылай өз ойын өкінішпен жалғастыра білген автор осы жоғары атаққа өте лайық деп танылып, ұсынылған (кейбірі бірнеше рет) ұлтымыздың батыр бабаларының рухынан нәр алған, туған Отанын қорғауға берген антына адалдық танытқан ұлтымыздың ерен ұлдарының аты-жөндері белгісіз жағдайда «сызылып» кете барғанын әскери мұрағаттарда сақталған сарғайған құжаттар арқылы дәлелдеп отыр. Соның бірегейі, ерлігі майдан даласын аңызға бөлеген Мәншүктей Шығыстың аяулы батыр қызымен иық тіресіп, Невель қаласын жаудан қорғап, қаза болған Ыбырайым Сүлейменов еді.
Дана халқымызда «Батырсыз халық, өжет ұлсыз ел болмайды» деген дара сөз бар. Ал кешегі аттары аңызға айналған, Екінші дүниежүзілік соғыстың бел ортасынан келген Балтабай Адамбаев, Қасым Шәріпов, Әзілхан Нұршайықов сынды соғыстың «ащы дәмін еріксіз татқан» Ыбырайым Сүлейменовтің көзін көрген қаруластары оның ерлігіне лайықты баға берілуін соңғы демдері таусылғанша айтып өткеніне ел куә. Аңыз адам Қасым Қайсенов қасиетті Әулиеата жұрты қадірлеген Жатай Жұмаділовпен бірге Жамбыл қаласы (қазіргі Тараз) мен Ыбырайым Сүлейменовтің елі Сарысу ауданына дейін барып, батыр ұлдың ерлігін ел ішінде кеңінен насихаттап, есімін ұлықтау мәселесін көтеріп кеткен еді.
Соғыс жылдары әрбір жауынгерінің ерлігіне әділ бағасын беруге ұмтылған генерал-лейтенант К.Н.Галицкий, генерал-майорлар А.И.Литвинов пен Ф.Я.Зуев сынды әскер басылардың Ы.Сүлейменовті Кеңес Одағының Батыры сияқты мәртебелі атаққа шын пейілдерімен ұсынғандарымен, назардан тыс қала бергені өкінішті-ақ. Ал қабырғалы қоғам 1418 күнге созылған қан майдандағы Жеңіс күнін жақындатқан әрбір жауынгердің жанқияр ерлігіне жетпіс жылдан астам уақыт бас иіп, тағзым етуден жаңылған емес.
Дегенмен, осы уақыт мезгіліне дейін сол шежіреге толған шерлі құжаттар көрсетіп отырғандай, сол атақтың Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары айрықша ерліктің ерен үлгісін көрсеткен бар қазаққа ортақ снайпер Ыбырайым Сүлейменовке бұйырмағанын елі іші жақсы біліп келді.
Ұзақ іздену мен тапжылмай тиянақты зерттеулердің арқасында осы бір қастерлі дүниені біртуар азаматымыз Мұхтар Абрарұлы қайта көтеріп, ұлтарақтай жер үшін жаға жыртысып, бастарын Отан үшін, ұрпақ болашағы үшін өлімге тіккен Қызыл армия жауынгерлері қатарында 289 жаудың көзін жойған Ыбырайым Сүлейменовтің алдындағы қарызымыз бен батырын қашан да төбесіне көтеріп ардақтап құрметтей білген туған халқымыздың алдындағы парызын асқақтата ақтап отыр. Ендігі жерде батырын іздеген, ерлігін қайта дәріптеген асыл азамат Мұхтар Құл-Мұхаммедтің енбегі жансын демекпін.
Енді, міне, биылғы Ұлы дала елінің табалдырығын аттаған ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі жылында туған халқымыз ұзақ жылдар күткен «асқан ерлік ескірмей», оған деген сенім жоғалмай, денесі жат жерде қалғанымен, рухы қазақ ортасынан кетпеген Ыбырайымдай есіл ердің ерлігі «Халық Қаһарманы» атағымен ерекшелене түседі деген үміт алдымызға қайта оралып отыр. Ендігі жерде бұл ардақты атақ еліміздің ертеңі мен ұлтымыздың болашағына ие болар жас буын жастарымызға аса қажет екені даусыз. Өйткені ерлік – ұлтқа мұра, ұрпаққа өнеге. Ол – ұлтжандылыққа тәрбиелеудің темірқазығы.
Ел жадынан, ұрпақ жүрегінен орын алар Екінші дүниежүзілік соғыстың өшпес тарихы да, ондағы батырлық бейнесі бөлек Ыбырайым Сүлейменовтей әрбір Жеңіс солдатының есімдері де заманымызбен үндесіп, ұрпағымыздың саналы ойымен сабақтасып, ұмытылмасы хақ. Тарих таразысына түскен сол шуақты күндеріміз бен жақсы жаңалық күтетін сәрсенбілі сәтіміз жақын болғай!
Қырғызәлі ТІЛЕУОВ
ТАРАЗ