Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

«Ақпанның көктемі» алдамшы

460 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы қаңтар солтүстікте жылдағыдан қаһарлы болғанымен, ақпан жылымығымен келді. Ауаның температурасы тіпті 3-4 градусқа нөлден жоғарылап, қар еріп, сылпылдақ та көрінді. Кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, жекеменшік үйлерде тұратын халық тұтасып қалған қар үйіндісі мен сүңгінің құлауынан қорқып, төбелердің қарын тазалауға кірісті. Алайда «ақпанның көктемі» алдамшы екен, артынан суық дауыл тұрып, боран соғып, еріген қардың бәрін көк мұзға айналдырды. Көктайғақтың кесірінен жол-көлік апаты да жиілеп, жарақат алған жаяу жүргіншілер де көбейді. Тек соңғы күндері ғана ауа райының құбылмалылығы тұрақтанып, түнде 15-20, күндіз 10-15 градус суықтықты көрсетіп тұр.

«Ақпанның көктемі» алдамшы

Ауаның күрт жылынуы облыстың төтенше жағдайларға қарсы қызметін дүр сілкіндіріп, тасқынға қарсы тұру амал­дарын шұғыл қарастыруға мәж­бүр етті. Облыста үлкен өзеніміз Есілден басқа жаз айларында моп-момақан болып жататын, тіпті кейде құрғап та кететін, ал көктемде қар суы­нан күш алып, қатты тасып шаруа­ға зиян келтіретін Шағалалы, Сілеті, Қамысақты, Ақан-Бұрлық, Жембарақ сияқты өзендер мен көл сияқты көптеген су қоймалары бар.

Төтенше жағдайлар департаменті апатты жою бөлімінің бастығы, подполковник Сәкен Ағзамовтың айтуына қарағанда, биылғы метеорологиялық болжам мен ылғал қорының сарабына қарағанда тасқынның қаупі зор. Кейбір жерлердегі ылғал қоры нормадан 42% артық, ал қардың қалыңдығы әзірге қалыпты. Бірақ алдағы уақытта әлі де қар түсетіні белгілі. Топырақтың қатуы 60-тан 150 см-ге дейін. Әлі болатын суық бұл санды да өсіретіні сөзсіз.

Солтүстікте қар әдетте наурыздың екінші жартысынан бастап ери бас­тайды. Осы кезде күн күрт жылынбасын деңіз. Ал егер күрт жылынса, қар суына толған Ақан-Бұрлық, Иман-Бұрлық, Бабық-Бұрлық сияқты өзеншелер бірден тасып, суы жайылып кетеді. Бұл көптеген көл суларының жайылуына әкеледі. Мұндай жағдайда жолдар бұзылып, тұрғындардың қарым-қатынасы қиындайды.

Осыны ескерген ТЖД 2021-2023 жылдардағы тасқынға қарсы кешенді шаралар Жол картасын жасаған. Онда қарастырылған 10 шараны іске асыруға 23,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Соның ішінде 3 шара облыстық және республикалық маңызы бар жол учаскелерін нығайтуға бағытталған. Кей жылдары қатты тасқын болғанда жол учаскелерін де су ша­йып кеткен кездер болған. Тағы бір маңызды жұмыс қорғаныс дамбасын жөндеуге бағытталған. Сонымен бірге 5 шара көпірлерді жөндеу мен жаңалауға, су өткізетін құбырларды таза­лауға, ағын жолдарын аршуға арналады. Бұрынғы жылдары осы су ағатын құбырлардың бітеліп қалғаны шаруаға көп залалын тигізген. Ағын су арна таба алмай, жолдарды бұзып кетіп жататын. Кешенді жоспарда осы мәселе ескеріліп, сегіз шақырымдай құбыр тартылып, 15 су өткізетін құрылғы жасау қарастырылған. Сонымен бірге арықтар тартылып, Бескөл ауылының түбіндегі Қарабек көлінің және М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласының түбіндегі көлдердің суын азайту жоспарланған.

Көбіне су көп жайылатын учаскелерге топырақтан ұзындығы 119 шақырымдай үйінді және жалпы ұзындығы 7,5 шақырым дамбалар тұрғызылмақ. Осы жұмыстардың біразы бұрнағы жылдары да жасалған. Соның арқасында 160-тай елді мекен су басу қаупінен құтқарылған. Енді сол жұмыстар биыл да қолға алынбақшы.

Төтенше жағдайға қарсы кешенді жоспарды іске асыратын адам күшіне келетін болсақ, ол құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 484 адамынан тұрады. Соның ішінде ТЖД-дан – 264, Ұлттық ұланнан – 60, Полиция департаментінен – 160 адам. Тартылатын техника саны – 155, одан басқа 8 суда жүзу құралы және 83 мотопомпа қатыстырылады.

Жағдай шектен шығып, күрделеніп кетсе, жергілікті атқарушы органдар 1900 адам мен 1473 техника тарту­ға дайын. 190 тонна жанар-жағар май, 27,8 мың топырақ, құм үйін­ді­лері жасалғанда қажетті қаптар да­йын­дал­ған. Бұл күштің көлемі әлі де қайта қаралып, толықтырыла түсуі мүм­кін. Ал тасқынның алдын алу шаралары ретінде елді мекендерден 472 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыс үнемі жалғаса береді.

Барлық кешенді жоспарды облыс әкімі бекіткен. Ал осы айдың аяғында өңір басшысының төрағалығымен тас­қынның алдын алу жұмыстарының барысы әкімдіктің отырысында қарал­мақ. Әрине Қызылжар өңірі жаңа тасқ­ынды қарсы алуға сақадай сай деп айту қиын. Табиғаттың неше түрлі тосын құбылысы да болып кетуі мүмкін. Бірақ «сақтансаң – сақтайды» деген емес пе, барлық белгіленген шараның іске асқаны жөн.

 

Солтүстік Қазақстан облысы