Руханият • 18 Ақпан, 2021

Созаққа Сәбит келгенде

511 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1965 жылдың қоңыр күзі, қыркүйек айының 28-і күні кештетіп аудандық комсомол комитетінің хатшысы Адырбек Көлбаев Құмкент ауылында тұратын, мектеп мұғалімі Файзулла Үрмізовтің үйіне келеді. Кезекті кәдуілгі өкіметтің таусылмайтын шұғыл шаруасы болатын. Файзулла көкемізді тура үйінен дас­тарқан басынан тапқанына қуанып кетеді.

Созаққа Сәбит келгенде

Дереу іске кірісіп:

– Бала-шағаңыз бен домбыраңызды алыңыз. Құмдағы әкеңіздің үйіне баратын болдыңыз. Қазақтың белгілі бір­туар жазушысы Сәбит Мұқанов Қызыл­орда қаласында өткен ақын Асқар Тоқма­ған­бетовтің 60 жылдық тойынан келе жа­тыр екен. Қайтар жолында алдымен Түр­кістанға соғып, одан жолай бізге қарай бағыт алыпты. Негізгі мақсаты – қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовке қос қыран сыйлаған Үрміз ақсақалға сәлемдесіп, қарияның отбасын, бала-шағасын көру екен, дейді.

Домбыра тартатын ұл-қыздарын қа­сына алып іңір қараңғыда совхоздың құм­дағы штабында тұратын Үрміз ақса­қалдың үйіне бала шағалары түгел жете­ді. Бұлардың сәл-ақ алдында совхоз директоры дастарқанға қажетті нәрселерді өзі­мен ала келіпті. Жи­налғандар Сәбит Мұқанов келмей тұрып мейманды күтіп алу сценариін ойластыра бастайды. Әңгі­ме мейман жа­йында болады. Адырбек: «Атақты жазушы Сәбит Мұқанов сізге арнайы келе жатыр, ол кісімен ашық-жар­қын, еркін сөйлесу үшін сіздің құрдас болғаныңыз дұрыс болар еді», – дейді.

– Сәбит 1900 жылы туылған, жылы сиыр. Екеуіңіздің жас айырмашылығы­ңыз бір-ақ жыл екен. Сіздің жасыңызды сұрай қалса, жылым сиыр деп құрдас бола салыңыз. Құрдастық әзіл шешіле сыр шертуге, көңіл ашуға жақсы болар еді, – дейді.

Меймандар аудан орта­лы­ғынан ерте шығып, алпыс шақырым қашықтағы штабқа азанғы шай үстінде келеді. Сә­бит Мұқановтың қасында жер­лесіміз, әдебиеттанушы, ғалым Рахманқұл Бер­дібаев, ауданның бірінші хатшысы Тө­лепбек Назарбеков пен аудандық «Мол­шылық үшін» газетінің бас редакторы Есіркеп Өмірбеков бар еді. Үрміз қария гүрілдеген машина дауысын естіп, құдық жақтан асыға жүгіре басып келіп, көліктен еңсеріле түскен Сәбитке сәлем берді. Әуелі сөзді бастаған Есіркеп айнала қарсы алушыларды қонақтармен таныстырады.

– Сәбе, сіздің арнайы іздеп келген кісі­ңіз Үрміз ақсақал, – деп алдымен қариядан бастап шетінен таныстыра бастайды. Фай­зулланы таныстыру кезегі келгенде Есіркеп құрдастығына басып:

– Бұл Файзулла деген ініңіз, ақсақалдың баласы болғанмен берекесіз, кезбелеу болып өскен, – деп таныстырады.

Сәбит: – Ә, өзара құрдастық әзілдерің бар екен-ау,- деп риясыз жымияды. Бұл сөзге бәрі де қосыла күледі. Меймандарды үйге дәмға қарай шақырып, Үрміз қария өзі бастап жол көрсетеді. Сәбеңнің қолын­дағы сәнді таяғы есіліп жатқан бос құмға батып, мимырттап жүре алмай келеді. Қа­тар­ласып келе жатқан Үрміз қарияға Сәбең:

– Бала жасың нешеде? – деп сұрады.

– Жылым сиыр, – дейді.

– Қай мүшелдегі сиырсың? Алпыстың үстіндегі мүшелмін, – дейді.

Сәбит:

– Ей, сен менімен құрдас болдың ғой.

Сәбең есік алдындағы орындыққа отыра беріп қалам-қағазын алады. Сіздің сыртыңыздан естуімше Абылайдың ұр­пағы екенсіз. Абылайдың шөбересі Шоқан туралы жазып жүрген жайым бар еді. Шоқан жайлы не білесіз? – дей­ді. Үрміз қария сол жолы жазушыға Кене­сары­ның батыр баласы Сыздық пен Шоқан­ның кездескен әңгімесін айтып береді. Сәбең қолма-қол жазып алады.

Үйге кірген соң шай үстінде Файзулла күйші ертіп келген балаларына екі-үш күйді оркестр етіп тартқызып, өлең айт­қызып, шағын отбасылық концерт береді. Өзі Теріскейдің атақты күйшілерінің шерт­пе күйлерінен тартып береді. Сәбит Мұқанов көңілденіп: –  Өнер қалада десек, далада екен ғой, – деп ризашылығын білдіреді. Бір кезде Файзуллаға қарап: – Балам, далаға шығайық, дейді. Құм­төбеге шыққан сексеуіл, жүзген изен түр­лі шөптерді аралап даланың таза ауасымен дем алған Сәбең айнала төңірекке көз жүгіртіп:

– Шіркін, қазақтың кең жазира даласы-ай, жұпар иісті ауасын-ай, жанға сая, дертке шипа өмірдің жұмағы ғой. Қалада тұрған біздерге мың түрлі дала шөбінің жұпар иісімен дем алу – арман. Қалада маши­наның көк түтінімен дем аламыз. Бесік­тегі бала сияқты түбекке отырамыз, деп ойындағысын ақтарып салады. – Қазақ сахарада киіктей жайын өскен халық қой.

Сәбең жүрер алдында, есік алдындағы төбеге алаша төсетіп:

– Абылай – Кенесарының ұрпағымен бірге суретке түсейін, – деп, бізбен бірге су­ретке түсті. Үрміз қариямен қоштасып тұрып:

– Бір жылғы төл екенбіз, – деп құшақ жа­йып құшақтасып, қимас көңілін біл­дірді.

Сол күні кешке Шашты Әзіз әулиеге келеді. Әулиенің сыпасының үстін ақ ма­тамен жауып, бас жағына кесе қойған екен. Сәбең ескі дәстүрді білсе де:

– Мына кесе не үшін қойылған? – деп сұрайды. Файыз көке:

– Арнайы келген кісілер сауап үшін басына Құран оқып, кесеге жеті сом немесе жеті теңге салады, – дейді.

Ол уақыт қанды қасап қызыл партия­ның дәуірі жүріп тұрған уақыт. Сәбең Құран оқымаса да қалтасынан ақша алып, кесеге жеті теңгесін салды да, әулиенің қа­бі­ріне қол тигізіп тәу етеді. Аудан хатшысы:

– Сәбе, сізден бұрын Мұхтар ағамыз да келіп әулиеге зиярат етіп кетіп еді. Сіз де партияның саясатынан аттап, қазақшы­лық жасадыңыз, – деп бір сырдың шетін шы­ғарды.

Сәбең: – Ата-бабамыздың саналы сал­тын, салиқалы дәстүрін ұстанғанның қар­тайғанда айыбы болмас, – дейді. Сол жер­де тұрған көпшіліктің барлығы іштей дарынды тұлғаға риза болып, бас изесті. Сол жолы әулие басынан халқымыздың біртуар перзенті, қарымды қаламгер Сә­бит Мұқановпен құмкенттіктер шын ықы­ластарымен қимай қоштасып, қүре жол­дың бойынан шығарып салады. Жазу­шы мінген көлік сағым араласып алыстай берді...

 

Мақсат Қарғабай,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі