Туризм • 18 Ақпан, 2021

Жамбыл жерінің жәдігер жауһарлары

620 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көне Тараз қаласының құпиясын ашу күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мұндағы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан жәдігерлер шаһардың кезінде ұлы өркениет ошағы болғанын көрсетеді. Мәселен, Әулиеата топырағындағы ерте ислам дәуіріндегі жерасты мешіті, Қарахан, Айша бибі, Тектұрмас кесенелерінің өзі-ақ көненің көзі, тарихтың сөзі болып тұнып тұр.

Жамбыл жерінің жәдігер жауһарлары

Ал қара жердің астында аршылмай жатқан қазына, көрінбей жатқан жәдігер тағы қаншама?!. Ақыртас, Баласағұн, Баркуаб, Құлан, Өрнек қалашықтары­ның өзі тарихтың алтын сапындағы тағ­дырлы дүниелер. Сонымен қатар қазақ хандығының алғаш туы тігілген жер Қо­зы­басы аймағы, ұлы жырау Жамбыл Жабаев дүниеге келген Хан тауы сияқты қасиетті жерлер де ұлттың ұлы тарихын айғақтаған құндылықтар. Ежелгі заманда дүниенің төрт тарабын байланыстыр­ған Ұлы Жібек жолының да тағылымы бөлек. Бұдан өзге, Тараз дегенде шығыс шайырларының сұлулықты арқау еткен ғазалдары ойға оралады. «Мөп-мөл­дір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген Фирдоуси ғазалының өзі ғасырлар бойы өшпей келе жатқан жұл­дызды жәдігерлердің бірі. Мұның бәрін өзгелерге таныту, насихаттау бір күннің жұмысы емес.

Әрдайым ұлттың ұлттығын, елдің елдігін танытатын құндылықтарды зерттеу, қорғау әрі насихаттау – жергілікті биліктің жұмысы. Қазіргідей туризмді дамыту әлемдік деңгейде күн тәртібінде тұрғанда, қолда бар дүниені өзгеге таныту да кезек күттірмейтін нәрсе. Мәселен, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қарамағында тас ғасырынан бастап бүгінгі күнге дейінгі түрлі тарихи кезеңдерде салынған, қала ішінде де, облыс аумағында да орналасқан республикалық маңызға ие 30 ескерткіш бар екен. Әулиеата өңірінде орналасқан ортағасырлық бес ірі қала – Ақтөбе-Бала­сағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе және Ақыртас сарай кешені 2014 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар ті­зіміне енгізілген еді. Аталған тари­хи нысандардың әрқайсысы ұлы та­ри­хы­мыздың ең бір елеулі, маңызды ке­зең­дерінде барлық жағынан дамыған, жетілген орталықтар болған. Ал 2018 жылы Ақыртас кешені мен Айша бибі кесенесі ерекше туристік тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізімін то­лық­тырды. «Қорық-музейге қарасты тарихи-мәдени нысандарда жыл сайын қоғамдық жұмыстар жүргізіліп отырады. «Қарахан» кесенесінің аумағында жергілікті демеушілердің көмегімен кесенеге келушілерге арналған жаңадан заманауи үлгіде санитарлық торап са­лынып, жарық шамдар, демалатын орындықтар орнатылды. Айша бибі, Қа­рахан кесенелері, Көне Тараз му­зейі мен Ақыртас сарай кешенінің аумақ­тарына тазалау және көркейту жұ­мыс­­­тары жүргізілді. Жамбыл облысы аума­­ғында орналасқан республикалық ма­­­ңызы бар 30 тарих және мәдениет ес­керт­­кішіне қорғау тақталары орнаты­лып, қорғау міндеттемелері толтырылды», дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мем­­­лекеттік қорық-музейінің дирек­то­ры Нұрлан Бықыбаев.

Бұл күнде Т.Рысқұлов ауданында ор­наласқан ортағасырлық Құлан қа­ла­­шы­ғының жалпы ауданы 16 гектар бо­латын бөлігіне темір шарбақпен қор­­шау жұмыстары жүргізілген. Атал­ған жұ­мыстар аудандық бюджет есе­бінен жүзеге асырылған. Сондай-ақ «Көне Тараз» археологиялық паркі, Қали Жү­ніс моншасы, Қарахан және Айша би­бі кешендері мен Ақыртас сәу­лет-архео­логиялық ескерткіштері орна­лас­­қан жер телімдеріне тұрақты жер пай­да­лану құқығын беретін актілер да­йын­дал­ған. Бұл ретте Жамбыл облы­сын ту­рис­терді қызықтыра алатын, көне ес­керт­кіштері мол, туризмді дамы­ту­да үлкен мүмкіндіктері бар өлке деп біле­­міз. Бүгінде өңірде жалпы алған­да 3441 тарихи-мәдени ескерткіш бар екен. Оның ішінде 25 ескерткіш рес­пуб­­ли­калық дәрежедегі нысандар болса, 3416 нысан жергілікті маңызы бар ес­керткіштерге жатады. Сонымен қатар об­лыс аумағында 200-ден астам ежелгі қала­шық орналасқан.

Ал бүгінде өңірге туристердің келуі, жалпы, туристер тарту мәселесі қандай деген сауалымызға Жамбыл облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Хажы жауап берді. «Негізгі туристік нысандар саны 2019 жылы 37 болса, 2020 жылы біз ол нысандар санын 65-ке жеткіздік. Бұл орайда, 45 жаңа туристік маршрут әзірленіп, туристік өнім саны 115-ті құрап отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша 180 қонақүй, 434 тамақтану орны, 7 шипажай, 15 демалыс орны, 11 балаларды сауықтыру лагері, 47 туристік ұйым, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады», дейді ол.

Оның айтуынша, туристік инфра­құры­лымды дамыту бағытында «Ақыр­тас» сарай кешеніне алып баратын 8 шақырым, «Әулиебастау» бұлағына қарай 1,7 шақырым, «Тау самалы» ту­рис­тік кешеніне 4 шақырым, сондай-ақ «Тамды» қалашығына, «Тау қымыз» емдік-сауықтыру орталығына және «Қа­ралма» тау-шаңғы кешеніне алып бара­тын жерлерге жол салынған. Ал осы уақытқа дейін қиындық тудырып келген «Баласағұн» қалашығына қа­рай салынуы тиіс жол құрылысының жо­ба­лық-сметалық құжаттары әзірленіп, жұ­мысты бастау мәселесі жан-жақты қа­рас­тырылуда екен. Шу ауданының аума­ғында орналасқан тарихи нысанның да жол мәселесі шешілетін күн жақын.

 Жамбыл облысында тарихи нысандар да, көне қалашықтар да жеткілікті. Бүгінде барып көруге болатын, жөндеу­ден өткен тарихи нысандардың өзі бір­талай. Дегенмен, туристер ағылып кел­ген күнде де өңірде келушілерге қан­шалықты жағдай жасалған деген сауал тағы алдан шығады.

«Жол бойындағы сервис кешендерін дамыту бойынша 2018 жылдан бері Жамбыл облысының республикалық маңызы бар 3 автожолында 9 жаңа нысан пайдалануға беріліп, олардың жалпы саны 55-тен 64-ке жетті. Оның ішінде 36 нысан Қазақстан Республикасының Ұлттық стандартының талаптарына сәйкес келеді, ал 28 нысан бойынша сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 8 нысан ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендірілді. Облыс аумағы бойынша жалпы ұзындығы 495 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 9 сервис нысанының құрылысын жүргізу жоспарланып, «В» категориялы 4 бірлік және «С» категориялы 5 бірлік сервис нысандарының орындары анықталған. Бүгінгі таңда, осы жол сервис нысандары Қордай ауданының Сарыбұлақ ауыл­дық округінің аумағында, Меркі ауда­нының Ақтоған ауылы маңында және Т.Рысқұлов ауданының Көкдөнен, Жақ­сылық ауылдарының аралығында жүр­гізілуде», дейді Жомарт Хажы.

Дегенмен, әлемді шарпыған коронавирус індеті өңір туризмін дамытуға да айтарлықтай кедергі келтірген. Індет салдарынан өткен жылы облысқа шамамен 70 000 турист келмей қалыпты. Оның ішінде, шетел азаматтарының саны 2300 адам болса, тек қана қонақүйлер тарапынан көрсетілмей қалған қызмет көлемі 647 миллион теңгені құраған.

 Бүгінде күн тәртібіндегі мәселенің бірі – қазіргі заман талабына сай туристік инфрақұрылымды дамыту болып отыр. Бұл орайда, өңірде үш жылда шетелдік және отандық туристердің санын кем дегенде 20 пайызға арттыру көзделіп отыр. Әрине, жақсы бастама. Алайда облыста көптеген тарихи нысандарды қалпына келтіру, тарихи жерлерді айқындайтын дүниелер жасау жағы кемшін болып тұр. Мәселен, Шу және Мойынқұм ара­лығын жалғап жатқан Қозыбасы жеріне бір ескерткіш-белгі қойылуы керек-ақ. Қазақ хандығының туы тігілген, ел­діктің бастауы болған жер­дің кім-кімді де қызықтыратыны анық. Бірақ әзірге бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Жапан далада жалғыздың күйін кешкендей Қозыбасының басқа жерден айырмашылығы болмай тұр. Сол сияқты, Сарысу ауданы Шығанақ ауылының Бетпақдалаға қарай өтер тұсындағы Қуарал деген жерде ұлы күйші Ықылас Дүкенұлының бейіті бар. Тарихи нысанның аумағы кеңес­тік ке­зеңде темір қоршаумен қоршалған. Бірақ бұл жерде жол мәселесі өзекті болып отыр. Шығанақ ауылынан жоғары өрлегенде жиырма шақырымдай жерде орналасқан бейітке жетудің өзі мұң. Жаңбыр, қар жауғанда жүру тіпті мүм­кін емес. Ұлттың тарихына, өнеріне қы­зығушылық танытқан кез келген ту­рис­тің Қуаралға барғысы келетіні де анық. Осы сияқты, шешімін күткен мәсе­ле­лер жетерлік. Өңір туризмін дамыту мәсе­ле­сінде өзге де нысандарды қалпына кел­тіру, кейбір маңызды тарихи жерлерге ескерт­кіш-белгі қою сияқты жұмыстар қол­ға алынса, Әулиеата әлеуетінің бұдан әрі арта түсетіні сөзсіз...

 

Жамбыл облысы