Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Барлық мектепке ортақ ұран ұсынды

1010 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арқалықта «Жаһандық қайшылықтар мен өзгерістер дәуіріндегі Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұрасы» деген тақырыпта дәстүрлі «Алтынсарин оқулары» халықаралық конференциясы өтті.

Барлық мектепке ортақ ұран ұсынды

Алқалы жиынға қатысу­шылар еліміздегі барлық мек­теп­тің маңдайшаларына, олар­дың тілдік ерекшеліктеріне қарамастан, Ыбырай атамыздың жастарды оқу мен білімге ша­қыратын «Кел, балалар, оқы­лық!» деген үндеуін жазып қою туралы бастаманы ұлы ағар­тушының 180 жылдық тойына орайластырып, жұмыла жүзеге асыру мәселесін көтерді.

Арқалық педагогика инс­ти­туты ғылыми конференция­ны ұлы ағартушының 180 жыл­дығына орай ұйымдастырып отыр. Ғылыми жиынды аталған жо­ғары оқу орнының басшысы Сейітбек Қуанышбаев ашты.

– Конференцияда Ы.Ал­тын­­сарин­нің ағартушы­лық-пе­да­гогикалық қызметінің маңы­зы мен ұлы педагогтің жаһан­дық сын-қатерлер мен өз­герістер дә­уіріндегі педагоги­калық идея­ларының бүгінгі күн­нің мәсе­лелерімен сабақтастығы туралы тың пікірлер қозғалды, – деді институт ректоры.

Ғылыми конференцияға ыбы­райтану саласында еңбек­теніп жүрген отандық ғалым­дар мен Түркия, Ресей ғалым­дары қатысты. АрқПИ «Ру­ха­ни жаңғыру» жобалық кең­се­сінің директоры Роман Аймағамбетұлының айтуын­ша, Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дарламалық ма­қа­ласының аясында бүгінде та­рихымызға қай­та үңіліп, талай тарихи мұралар зерделенді.

– Қазіргі кезде Алтынса­рин­­­нің қызметі мен еңбегіне ға­­лымдар жаңаша баға беруде. Кон­ференция барысында ұлы ағар­тушының педагогикалық мұра­сының жаңашылдығы мен тарихи маңызы туралы көптеген ғылыми топшылау айтылды, – деді жобалық кеңсе жетекшісі.

 

Қостанай облысы