Брифинг барысында Агенттіктің өткен жылғы Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді бақылау саласындағы жұмысының қорытындысы шығарылып, мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жетілдіру мәселелері талқыланды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қызметінің басым бағыттарының бірі халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады.
Агенттіктің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаменті директоры Ильдар Үйсімбаевтың айтуынша Мемлекет басшылығының тапсырмасын іске асыру шеңберінде тізілімдегі мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 90% - дан астамы электрондық форматқа ауыстырылды.
«Соңғы жылдары электрондық нысанда көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі екі есеге өсті (2017 жылғы 53,1% - дан 2020 жылы 82,9% - ға дейін). Мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін бұзу саны 3 еседен астам азайды (370 мыңнан 114 мыңға дейін)»- деді Ильдар Үйсімбаев.
Бұл ретте, осы бағыттағы оң өзгерістерге қарамастан, Агенттік қызметтерге қолжетімділік мониторингі шеңберінде "электрондық үкімет" порталында қолжетімсіз 54 қызметті анықтады.
Анықтама ретінде: жұмыс істемейтін қызметтердің көпшілігі келесі мемлекеттік органдардың құзыретіне тиесілі: СІМ (45,5%), Еңбекмині (21,4%), БҒМ (20,8%), ДСМ (16,2%), ІІМ (12,8%), МСМ (11,5%), АШМ (10,5%), Қаржымині (8,7%), ЦДИАӨМ (7,7%), ҰЭМ (7,1%), ЭМ (5%), Әділетмині (3,8%), РРФР (3%), ЭГТРМ (2,4%), ИИДМ (0,9%).
«Мысалы, дәрігердің қабылдауына жазылу, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу сияқты және т.б мемлекеттік қызметтерді алу бойынша тиісті портал техникалық тұрғыда қолжетімсіз болған»- деді Ильдар Үйсімбаев.
Қызмет алушылардың өтініштерін сапалы қарау және олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру Агенттіктің басым бағыттарының бірі болып табылады.
2020 жылы Агенттікке және оның аумақтық бөлімшелеріне 1442 өтініш келіп түсті.
Көрсетілетін қызметті берушілердің жер қатынастары (30%), Әлеуметтік сала (14%) және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (11%) салаларындағы заңсыз іс-әрекеттеріне жиі шағым жасалады.
Орталық мемлекеттік органдар арасында көрсетілетін қызметті алушылар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (16% немесе 141), полиция (5% немесе 47) және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау (2,2% немесе 20) қызметкерлерінің әрекеттеріне жиі шағымданады.
Жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің әрекетіне 520 өтініш келіп түскен (түскен өтініштердің жалпы санының 36%).
«Агенттік тек өтініштердің негізінде 266 жоспардан тыс тексеру жүргізді, қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың 207 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 33 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 90% жағдайда қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілді»-деп атап өтті Ильдар Үйсімбаев.
Жалпы, өткен жылы Агенттік бақылау функциялары шеңберінде 646 тексеру іс-шараларын жүргізді.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында анықталған заң бұзушылықтарды, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде 446 нұсқаулық енгізілді.
Тексеру нәтижелері бойынша қызмет берушілердің 646 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды (әкімдіктер – 434, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволары – 212), оның ішінде 25,5% (165) қызмет көрсетушілердің басшылық құрамына келеді.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 114 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, оның ішінде орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволары заңнама талаптарын сақтамауда 87,5 мың фактіге, жергілікті атқарушы органдар 26,5 мың фактіге жол берген.
Анықталған олқылықтардың 80,5% -ы (91,8 мың факт) көрсетілетін қызметті алушылардан артық құжаттарды талап ету болып табылады.
Рұқсат беру мерзімдерін, тәртібін бұзғаны, сондай-ақ оларды беруден негізсіз бас тартқаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 410 хаттама толтырылды. Қарау нәтижелері бойынша 174 лауазымды тұлға құқық бұзушылықтарға жол берген (ОМО қызметкерлері – 148, ЖАО қызметкерлері - 26).
Мемлекет кірісіне айыппұл түрінде 10,5 млн. теңге өндірілген.
Агенттіктің ұсынысы бойынша азаматтық қоғамның белсенді өкілдерінің қатысуымен «қоғамдық бақылау» институты енгізілді.
Қоғам өкілдері бақылауды визуальді түрде қарау, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келушілермен әңгімелесу арқылы жүзеге асырады.
2020 жылы азаматтық қоғам өкілдері мемлекеттік қызмет көрсететін 300 – ден астам нысандарда бақылауды жүзеге асырып, нәтижесінде олқылықтарды жою жөнінде 287 ұсыным енгізіліп, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 1-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атқарылған 245 ұсыным қорытындысы бойынша қоғам өкілдері пост-бақылауды жүзеге асырды, қазіргі кезеңде 42 ұсыным орындалу процесінде.
Өз ұсынымдарында қоғам өкілдері қызмет көрсетушілерді өз қызметін азаматтардың әл-ауқатының деңгейін арттыруға, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын күшейтуге, олардың адамдар мен бизнестің қажеттіліктері мен мүдделерін ескеруге шақырады.