Оның міндеті – спектакльдің көркем образын жасап, құнды, жүйелі дүние шығару. Осындай қазақ өнерінде өзіндік айрықша қолтанбасы бар, талантты суретшілердің бірі - Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі Қалтөре Жұмақұлов.
Өнер иесі 1984 жылдан бері осы театрда Бас суретші қызметін атқарып келеді. Еңбек жолында ол 200-ден аса қойылымдардың сахналық тұлғалық шешімдерін жасады, оның ішінде шетел классиктерінің де шығармалары бар.
Ол «Шымкент 2020 – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында өткен айтулы үлкен іс шараларда мерекелік кештердің сахналық декорациялардың эскизін жасап, көркем деңгейде өтілуіне сүбелі үлес қосты. Әрбір салтанатты, республикалық және қалалық деңгейдегі мерекелік іс-шаралардың жұртшылықтың көз алдында қалар тұсы сахналық декорацияның көркем деңгейде болуы десек, оған Қалтөре Жұмақұловтың да қосқан үлесі мол. Тағдырын театрмен тоғыстырған суретшінің мәдениет саласына қосқан үлесі үшін 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың Алғыс хаттарымен марапатталған.
ҚР Мәдениет қайраткері еңбек жолында Орта Азия республикаларының арасында өткен халықаралық театр фестивалінде «Ең үздік суретші» номинациясын жеңіп алса, «Түрксой-2017» халықаралық театр фестивалінеде «Үздік суретші» бас жүлдесін иеленді.
Сценограф – суретші қойылымның көркемдік бейнесінің жобасын жасайды, яғни сценографиясын. Сценограф–суретші сахнаны безендіру арқылы қойылымның ішкі ойын жеткізеді. Сценография – декорация, киім, грим, сахналық жарықты қамтиды.
Қалтөре Жұмақұлов ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған өнегелі отағасы, қадырменді ата, аяулы жар. Ұжымда құрметке бөленген, Оңтүстік өлкесінде сыйлы азамат.
Айта кетейік, қазақ театр өнерінің қара шаңырақтарының бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында өткен жылы 6 премьера сахналанған.