Оңтүстік Қазақстан • 18 Ақпан, 2021

Мұрат Әйтенов: Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру арқылы әлеуметтік мәселелерді шешеміз

9 рет көрсетілді

Бүгін Шымкент қаласы мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракция отырысы өтті. Онда Партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленген Жол картасы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz

Жол картада қаланы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар кешенін қамтыды. Құжат негізіне 2025 жылға дейін он бағыт бойынша 149 іс-шараны іске асыру кіреді. Бағдарламаны іске асыруға жалпы 5 жылда 1,3 трлн теңге қаржы қажет. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен – 694,5 млрд. теңге, жеке инвесторлардың есебінен – 619,4 млрд теңге.

Сайлауалды бағдарламасы аясында 2021-2025 жылдары жылпы құны 1,36 трлн. теңгені құрайтын 123 инвестициялық жоба іске асыру көзделуде. Бұдан бөлек, бес жылда 3 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй құрылысы, 72 мектеп құрылысы мен 10 медициналық мекеменің, 12 дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы қарастырылған.

Сонымен қатар спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында, 6 дене шынықтыру – сауықтыру кешені салу мен 6 стрит-воркаут және 73 спорт алаңдарын ашу жоспарланған.

Фракция отырысына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру арқылы қаладағы әлеуметтік мәселелерді шешуге болатынын жеткізді.

1

«Партия басшысы, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың жағдайын жақсарту бойынша бұл жолы да нақты істерді атқару үшін міндеттерді қойып отыр. Осы міндеттерді жүзеге асыруда барлығымыз бірлесе еңбек етуіміз қажет. Бізге босаңсуға болмайды, халықтың партияға деген сенімін сайлауалды бағдарламада көрсетілген 10 бағытты сапалы әрі уақтылы орындап, жүзеге асыру арқылы арттыруымыз қажет. Туған қаламыз Шымкентті көркейтуге, табысты етуге, мұнда қолайлы орта қалыптастыруға күш саламыз», деді қала әкімі.

Жиын соңында Nur Otan фракциясының барлық 23 мүшесіне партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі қалалық Жол картасының 149-тармағын орындау және бақылау жүктелді.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар