Руханият • 18 Ақпан, 2021

Ясауи кесенесінде жерленген тұлғалар тізімі жаңарды

2915 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылыми кеңесте тағы да он екі тұлғаның Қ.А.Ясауи жанында жерленгені туралы тарихи деректер мақұлданған. Бұл туралы Түркістанда өткен  "Тәуелсіздік және Түркістан тағылымы" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәлім етілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Ясауи кесенесінде жерленген тұлғалар тізімі жаңарды

Мәдениет және спорт министрлігі, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен  өткен конференцияға тарих ғылымдарының докторлары мен профессорлар – Жамбыл Артықбаев, Берекет Кәрібаев, Хазіретәлі Тұрсын, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықов, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор  Досай Кенжетай, тарих ғалымдарының кандидаты, доцент Зікірия Жандарбек пен Төрәлі Қыдыр, тағы басқа тарихшылар мен музей қызметкерлері, студенттер қатысты.

"Конференция Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақалалары аясында және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Егемендікке қол жеткізген жылдардан бастап еліміздегі тарихи-мәдени орындар қайта түлеп, қалпына ие бола бастады. Соның бірі – Түркістан қаласы. Конференцияға қатысып отырған тарихшы ағаларымыздың еңбектері қорық-музейдің ғылыми жұмыстарының жандануына да өлшеусіз үлес қосып келді. Осы бағытта тарихи орындар мен тұлғаларға арналған кітаптар шығарылуда. Сонымен қатар,  тағы да бір қуанышты жаңалық  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген  тұлғалар тізімі жаңарып, тағы да он екі тұлғаның жерленгені туралы тарихи деректер мақұлданды", деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Басқосу барысында көне және жаңа Түркістанның тарихи даму сабақтастығы, отыз жыл ішінде атқарылған жұмыстар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын дамыту мен тарихи орындарды қайта жаңғырту жолындағы  серпінді істері, ұлттық сана, Ұлы Дала елі ұғымының мазмұны, ортағасырлық қалалардың зерттелуі мен тарихы, Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымының мәні, археологиялық қазба жұмыстары барысындағы ғылыми жетістіктер, тұлғалар табанының ізі қалған қасиетті жерді таныту бағытында ескерілуі тиіс тарихи деректер сынды көптеген мәселелер ортаға салынып, баяндамалар оқылды.