Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Түркістанда лауазымды тұлғаларға қатысты 47 әкімшілік хаттама түзілген

573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында заң бұзушылықтардың басым бөлігі жер қатынастары – 632 (54,6%), халықты әлеуметтік қорғау – 377 (32,5%), ауылшаруашылық – 70 (6%),  сәулет және құрылыс – 52 (4,4%) салаларында орын алған, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда лауазымды тұлғаларға қатысты 47 әкімшілік хаттама түзілген

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов былтыр өңірдегі мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасын сақтауға қатысты 35 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 1157 бұзушылық анықталғанын мәлім етті.  

«Департамент тарапынан әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты 47 әкімшілік хаттама түзіліп, 1 807 525 теңге айыппұл мемлекет кірісіне өндірілген. Өз кезегінде, құқық бұзушылықтардың ішінде көп кездесетін жағдайлар: рұқсат беру мерзімін бұзу, рұқсат беруден негізсіз бас тарту, әкімшілік жаза қолданғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер»,  деді департамент басшысы.

Облыстағы 610 мемлекеттік органда қазіргі таңда 6 624 мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда. Бос лауазымдар саны – 388 бірлік. Кадр тұрақтылығы артқан. Мысалы, өткен жылы облыс бойынша 260 қызметші мемлекеттік қызмет жүйесінен кеткен.

Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 63 қызметшіге азайған немесе 19,5 процентке төмендеген. Қызмет беруші мекемелер тарапынан өткен жылы 18 027 462 қызметтің 91,1%-ы электронды түрде көрсетілген.

«Өтініштердің негізінде департаментпен 24 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Арыздардың 66,6%-ы қанағаттандырылып, 8 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілікке тартылу деңгейі өңірде 11%-ға азайған. Сонымен қатар, алдыңғы жылмен салыстырғанда Әдеп нормаларын бұзу дерегі бойынша тәртіптік істер былтыр 43%-ға кеміген», деді Айбек Ақбергенұлы.