Кино • 19 Ақпан, 2021

Алматыда «18 килогерц» фильмінің тұсаукесері өтті

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда 18 ақпанда «18 килогерц» фильмінің тұсаукесері өтті. Режиссер Фархат Шариповтің «18 килогерц» фильмі 18 ақпаннан бастап отандық прокатқа шықты.

Алматыда «18 килогерц» фильмінің тұсаукесері өтті

«18 килогерц» – бұл 90 жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірінен сыр шертетін фильм. Кинотуынды Зара Есенаманның «Хардкор» желісі бойынша түсірілді.

– Бұл фильм жасөспірімдер туралы... Олардың ой-толғаныстарын, ізденістері мен түңілу кезеңдерін, махаббат және достық, кұмарлық сезімдерін, сондай-ақ тығырықтан шығатын жол таба алмай қалатындай әсерге бөлейтін қорқыныш сезімдерін суреттейтін туынды. Алайда, бұл қоқыныштан құтылу үшін, тек ояну керек, - деді фильмнің режиссері әрі сценарий авторы Фархат Шарипов.  

Кинокартинаның түсірілімдері Алматы қаласында өтті. Фильмнің қоюшы суретшісі Алексей Шиндин экранда 90 жылдардағы  Алматыны көрсету үшін сол кездегі аулаларды, сонымен қатар аксессуарлар мен тұрмыста қолданылатын заттарды табу қиынға соққанын айтты. Фильмнің операторы – Александр Плотников (режиссер Фархат Шариповпен бірге «Қызғылт қоян туралы хикая», «Тұлғалық өсу тренингі» сынды фильмдерді түсірген).

Айта кетсек, фильмдегі басты рөлдерді жас актерлер сомдады. Басты кейіпкерлердің бірін ойнаған Мұсахан Жұмахан актер болуды армандамағанын, кастингке тек досын қолдау үшін келгенін, кейін басты рөлге бекітілгенін естігенде қатты таңқалғанын айтты. Актриса Камила Фун-Со болса, кастинг туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы естіп келген екен. Ал фильмде Шыңғыстың рөлін сомдаған актер Әлібек Адыкен кино әлеміне бес жыл бұрын келгенін айтты.  Оның шығармашылық қоржынында бірнеше сериалдар мен қысқаметражды фильмдер бар.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы қазан айында «18 килогерц» көркем фильмі қазақ киносының тарихында алғаш рет ХХХVI Халықаралық Варшава кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Кейін бұл туынды Германияның Котбус қаласында өткен ХХХ Халықаралық кинофестивальде үздік деп  танылды. Отандық кинокартина фестивальдің Youth Film Competition атты конкурсттық бағдарламасына қатысқан болатын.