Бұл елде түсіну қиын оқиғалар болып жатыр. Биліктің бір бұтағы саналатын арнаулы қызмет орындары жемқорлықпен айналысты деген айыппен бір топ адамды қамауға алса, ел үкіметі, премьер-министр Режеп Тайып Ердоған оны «саяси қастандық» санайды.
Дүбірге толы дүние
Түркия: билік ішіндегі бүлік
Бұл елде түсіну қиын оқиғалар болып жатыр. Биліктің бір бұтағы саналатын арнаулы қызмет орындары жемқорлықпен айналысты деген айыппен бір топ адамды қамауға алса, ел үкіметі, премьер-министр Режеп Тайып Ердоған оны «саяси қастандық» санайды.
Қисынға қарағанда, өз міндетін атқарып, қылмыскерлерді ұстағандарды үкімет қолдауға тиіс. Сондай-ақ, қылмыстық айып тағылғандарды үкіметтің қызғыштай қорғағаны қалай? Тіпті, сол арнаулы қызмет орындары бір адамдарды орынсыз айыптаған күнде, оның анық-қанығына жетуіне де мүмкіндік бар емес пе? Ал үкімет басшысы мұны «үкіметке қарсы лас ойын» деп сипаттап, қауіпсіздік басқармасының біршама басшы қызметкерлерін жұмыстан қуған. Дәл қазір елде түсініксіз жағдай қалыптасып отыр. Бір жерде үкіметті жақтайтындардың митингісі өтіп жатса, екінші жерде жемқорлыққа қарсы күресті қолдаушылардың шеруі өтіп жатыр.
Бұл оқиға ел үкіметі үшін де тосын болған. Ол полиция айтарлықтай үлкен лауазымды және беделі бар 52 адамды (кейін 80-ге жеткен) қамауға алғанда, бір-ақ білген. Үкіметтің бірден айқай салуы – олардың барлығы дерлік үкімет басшысына жақын жүргендер, сонымен қатар, биліктегі Әділет және даму партиясының мүшелері. Алғашқы күні-ақ олардың аттары аталып, жария етілген. Жемқорлықпен айналысқандар арасында ішкі істер министрі Муаммер Гүлер мен экономика министрі Зафер Чаглаянның балалары Барыш Гүлер мен Салих Каан Чаглаян, сондай-ақ, Халықбанк мемлекеттік банкінің басшысы Сүлеймен Аслан, Ыстамбұл қаласы Фатих муниципалитетінің басшысы Мұстафа Дамир, белгілі кәсіпкер Али Агаоғлылар бар екен. Әзірге олардың 24-іне нақты айып тағылған.
Тіпті, солардың жартысына айып тағылып, ол дәлелденер болса, осының өзі де үкімет үшін үлкен соққы. «Үлкен пара» деп аталатын бұл акцияны арнаулы қызмет орындары бір жыл бойы аса құпия жағдайда әзірлеген көрінеді. Содан да онда тілге тиек ететіндей фактілер болса керек. Олай болған күнде премьердің өзі бас болып, айып тағылғандарды бірден қорғауға алуы үкіметтің беделіне мықтап нұқсан келтіретіні анық. Соңғы кезде балаларына айып тағылған министрлердің отставкаға кетуі де көп жағдайды аңғартады. Жайдан-жай кетпейтіні белгілі. Өздерінің балаларының таза еместігіне көздері жетпесе, бұған бармайтынын түсінуге болғандай.
Мұндай жағдайды, әрине, оппозиция қапы жібермейді. Елдегі ең ірі оппозициялық Халықтық-республикалық партияның басшылары премьер-министр Ердоғанға қызметтен кету немесе үкіметке сенім бойынша референдум өткізу жөнінде ұсыныстар жасады.
Ал, премьер-министр Ердоған митингіде сөйлеп, мұндай ұсыныстарға жауап ретінде өз оппоненттері үкіметке қарсы сөздерін тыймаса, олардың қолдарын сындыратындарына уәде беріп те тастады. Ол түрік шенеуніктерін және министрлердің балаларын қамауға алғандарды шетел жансыздары, сатқындар деп сипаттады. Сондай-ақ, ол полицияның жемқорлыққа қарсы операциясын халықаралық қастандықтың көрінісі дейді.
Үкіметтің ресми мәлімдемелеріне қарағанда, Түркияның ішіндегі оқиғаларға сыртқы күштердің қатысы бар. Биылғы жаздағы Ыстамбұлдағы саябаққа байланысты қақтығысты Израиль барлауына жапса, енді біраз кінә қазір АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фетхуллах Гүленге жабылып отыр. Оның ел ішіндегі біраз күштерге, атап айтқанда, арнаулы қызмет орындарына ықпалы айтылады. Ал Гүлен бұл айыптауды негізсіз деп мәлімдеді.
Елде жағымсыз жағдай қалыптасқан. Ердоғанның қатқыл мәлімдемелері, сондай-ақ, қарсыластарына қарсы қуғындау шараларын қолдануы жақсылыққа апармайды. Бұл бір жағы үкіметтің осыдан біраз бұрынғы әскерилерге қарсы әрекеттерін еске түсіреді. Тағы да қуғын-сүргін етек алды. Бұлай созыла берсе, ел іші бүлінуі әбден мүмкін.
Ұлысқа бөлінгендер ұлтты күйретеді
Әлемдегі ең жас мемлекет – Орталық Африкада орналасқан Оңтүстік Судан азамат соғысы қарсаңында дегенмен, онда әскери қақтығыстар біраздан бері жүріп жатыр. Соңғы бір аптаның ішінде, ресми мәлімет бойынша 500-дей адам, ал ресми емес деректер бойынша бұдан әлдеқайда көп адам қаза тапқан.
Бұл ел біраздан бері соғыстан көз ашпай келеді. Африкадағы ең ірі елдің бірі Суданнан бөлініп шығу үшін ұзақ күресті. Бұл күрестің бір мәні – осы оңтүстікте мұнайдың үлкен қоры бар. Сол байлық өздеріне тисе, жағдайлары күрт өзгереді деген үміт күрескерлерді алған беттен қайтармады. Ал Суданның өзінің бұл аймағынан айырылғысы келмеген. Сөйтсе де, ақыры бұл аймақта бұдан екі жыл бұрын референдум өткізіліп, көпшіліктің тілегін ескеріп, орталық үкімет олардың бөлінуіне келіскен.
Бірақ, тәуелсіздікке қол жеткен соң да бұл елде қақтығыс басылмай отыр. Бұрын тәуелсіздік үшін күресте бас біріктіргендер енді өзара билікке таласып, ырың-жырың. Ұлысаралық айтыс-тартыс ұлтты күйрететін түрі бар. Бұл елде екі негізгі ұлыс – динка мен нуер тайпалары мекендейді. Екеуінен бірдей президент сайлана алмайды. Алғашқы келісіммен динканың өкілі Салва Киир президент болып, ал нуердің өкілі Риек Мачар вице-президенттікке сайланған. Жұрт оны дұрыс шешім деп қабылдаған.
Билікке құмарлық деген кесапат сол ынтымақты бұзды. Осы 2013 жылдан бастап президент Киир басқа ұлыстардың өкілдерін билік орындарынан ығыстыра бастады. Мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға әрекет жасады, деп вице-президент Риек Мачарды қызметінен босатты. Ол оппозициялық күштердің көсеміне айналды. Содан бері бұл елде тыныштық жоқ. Мачар өз күрестерін қазіргі биліктегілер кеткен соң ғана тоқтататынын мәлімдеп отыр. Соңғы кезде оппозиция Эль-Вагда деп аталатын мұнайлы аймақты өздеріне қаратқан көрінеді. Оған негізінен дивизия командирі Джон Каонгтің билікке қарсылар жағына шығып кеткені себеп болғандай. Бұл да билік күштерінде алауыздық барын аңғартады.
Әрине, халықаралық ұйымдар, алдымен БҰҰ бұл елдегі қақтығысты тоқтатуға мүдделі. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бітімгерлік күшпен қоса, келіссөздер жүргізу үшін өзінің арнаулы өкілін жіберген. Қосымша тағы да бітімгерлік күштерді жіберу көзделіп отыр. Ал АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри өз өкілі Дональд Бутқа Оңтүстік Суданның жетекшілерін келісім үстеліне отырғызуды тапсырған. Оған ере қосымша 45 америкалық әскери кеткен. Олар негізінен АҚШ өкілдерін, елшілік қызметкерлерін қорғайды.
Тәуелсіздік алғандарына бары-жоғы екі-ақ жыл өтсе де бұл жас мемлекетке басқалардың қызығушылығы үлкен. Оның басты себебі – ондағы мұнай. Онда АҚШ-тың, Қытайдың, Ресейдің ресми өкілдері мен кәсіпкерлері қаптап жүр. Бұл елде қақтығыс басталған соң-ақ АҚШ өзінің 380 адамын алып кетіпті. Басқалар да әкетіп жатыр. Осының өзі-ақ елдегі жағдайдың күрделілігін аңғартады.
Халықаралық күштер араласып, бұл елдегі жағдайды тұрақтандыруға ұмтылысын жоғары бағалаған жөн-ау. Бірақ, ең бастысы – әр елдегі халықтың өз ынтымағы керек. Елдің берекесін кетіретін әдетте сондағы бір ұлыстың көппін, биліктің тізгіні менде болуы керек дейтін астамшылық әрекеті. Ұлтты күйрететін де сондай әрекеттер. Жас мемлекетте, өкінішке қарай, осындай жағдай орын алып отыр.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».