Бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жайық өзенінің экологиялық ахуалына алаңдаушылық білдірген еді. Мемлекет басшысының бұл алаңдаушылығына атыраулық жергілікті белсенділер қолдау көрсетті. Солардың бірі Жандос Әлимағанбетов Жайық өзенінің суы ортайып, экологиялық апаттың алдында тұрғанына қатысты пікірімен бөлісті.
«Біз мұз үстінде «Jerusalema» әуеніне билеу арқылы Жайық өзеніне назар аударуды жөн көрдік. Мұз үстіндегі биге Атырау қаласының белсенді тұрғындары, @caspian_fishermen_atyrau тобының балықшылары мен еріктілер қатысты. Осындай ерекше әдіспен батыс аймақтағы тұрғындардың тіршілік нәріне айналған өзенге деген жанашырлығымызды білдіруді көздедік» дейді ол.
Атыраулық жастар Жайық өзеніне көрші елдегі көп бөгет қауіп төндіреді деп санайды.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өзеннің экожүйесін сақтау мәселесін көтерді. Біз жақын арада Жайық өзенінің арнасы толғанын қалаймыз» дейді атыраулық әуесқой балықшылар.