Бесқарағай өңірінде Глуховка ауылдық округіне қарасты Жыланды деп аталатын шағын ауыл бар. Жуықта аталған елді мекенде болып, осыған дейін сырттай естіген оңды істерді көріп қайтқан едік.
Бесқарағай өңірінде Глуховка ауылдық округіне қарасты Жыланды деп аталатын шағын ауыл бар. Жуықта аталған елді мекенде болып, осыған дейін сырттай естіген оңды істерді көріп қайтқан едік.
Жыланды жоғарыда аталған ауылдық округке қарасты алты ауылдың бірі екен. Бізді мұнда сол ауылдық округтің жетекші маманы Мәлика Наурызбаева қарсы алған. Мәлика Әбуғалиқызы осы Жыландымен бірге, Аққолтық, Старая крепость ауылдарына да жетекшілік етеді. Сол үш ауылдағы барлық халық саны 630 адамды құраса, соның 500-і Жыланды ауылында тұрады. Яғни, қалған екі ауылмен салыстырғанда Жыланды іргелі ауыл болып саналады.
Соған орай, мұнда атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық көрінеді. Айталық, соңғы жылдары ауылда мешіт пен стадион салынып, пошта, кітапхана, медпунктке, жетекші маманның өзі жайғасқан әлеуметтік қызмет үйі деп аталатын ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ауылдағы бес көшенің бәрі жарықтандырылып, биылғы жылы негізгі көшеге асфальт төселіпті. Әр үйдің өз құдығы бар. Монша да солай.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Жыландыда «Салтанат саябағы» ашылыпты. Басында ол балалар алаңы ретінде жоспарланған екен. Енді балалар алаңы да, жаздық сахна мен би алаңы да, Ұлы Отан соғысы боздақтары мен ардагерлеріне арналған монумент те осында орналастырылыпты. Монументтегі мәрмәр тасқа осы ауылдан шыққан қырыққа жуық боздақтар мен соғыс ардагерлерінің есімі мәңгі өшпестей қашап жазылыпты. Гүлмен көмкерілген саябаққа алдағы жылы жасыл көгал егілмек.
Осы орайда, Мәлика қарындасымыз Жыландыдағы «Семей орманы» резерваты Жаңасемей филиалының басшысы Арғынбек Сафиуллиннің атына алғысын білдіріп жатты. Өйткені, мұндағы атқарылып жатқан барлық оңды істер аталған филиалдың атсалысуымен жүзеге асырылуда. Оның үстіне ауыл көшелері мен күре жолды қар, қоқыстан тазарту да филиалдың мойнында. Ауыл мектебіне көмектесу, ауыл тұрғындарын отынмен қамтамасыз ету сияқты мәселелерден де бұлар сырт қалып көрген жоқ. Арғынбек Сафиуллин орман шаруашылығының байырғы қызметкері ғана емес, сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты қызметіне де өте сергек қарайтын болып шықты.
– Бір сөзбен айтқанда, ауылымыз өткен жылдың қорытындысында облыс бойынша шағын ауылдар арасында жүлделі үшінші орынды иеленсе, бұл жетістікке осы филиалдың да қосқан үлесі зор, – дейді жетекші маман. Айтпақшы, сол жолы жүлде ретінде қолға тиген 6 миллион теңге жоғарыда сөз болған әлеуметтік қызмет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалыпты.
Ауылдың қазіргі жағдайымен танысып болған соң осындағы мектепке бас сұққанбыз. Орталау мектептің қазіргі директоры Ержан Бегімов бұған дейін Долон ауылында әкім болып қызмет атқарыпты. Мектептің үш ғимаратқа бөлініп отырғаны болмаса, қай жағынан болсын, қапысы жоқ. Әсіресе, мұндағы тазалық пен әдемілік көріністері сүйсінтеді.
Мектеп басшысы сөз арасында келесі жылдан бастап өздерінде қазақ тіліндегі сыныптар ашыла бастайтындығын айта кетуді де ұмытпады. Негізінен өз қандастарымыз мекендейтін ауылда бұл – ештен кеш болса да игі қадам. Содан соң бұл мектепте жас мамандардың бәріне көтерме жәрдемақы беріліп, енді бірқатары тұрғын үймен қамтамасыз етіле бастапты. Осыдан екі жыл бұрын «Дипломмен – ауылға!» акциясы аясында Жыланды орталау мектебіне келген Нұрлан Сүлейменов деген жас маман әлгіндей қамқорлықпен қатар, енді қызметі де жоғарылап, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалыпты.
– Жыландыда жұмыссыздық та, ауылдан ауа көшушілер де атымен жоқ. Керісінше жер сұраушылар көп. Өйткені, Жыланды, біріншіден, қалаға жақын болса, екіншіден, қалалықтар да бұл ауылдағы оңды істерден хабардар секілді, – дейді аудан әкімі Нұрлан Сыдықов.
Аудан әкімі солай деп жатса, ауыл әкімі Әсемхан өзінің жетекші маманы туралы жақсы пікір білдіріп жатты. Бір кезде кәсіподақтардың Санкт-Петербург гуманитарлық университетін бітірген Мәлика Әбуғалиқызының осында жетекші маман болып еңбек ете бастағанына да он үш жылдан асып бара жатқан көрінеді. Содан бері де ауылдағы игі істердің ұйытқысы бола білуде. Енді мұнда орман шаруашылығының мұражайы ашылмақ. Ал бүкіл еліміз бойынша тұңғыш рет қолға алынып отырған бұл игі іс ауыл абыройын одан әрі көтере түсетіндігіне дау жоқ.
Шағын ауылдың бүгінгі тірлігі, міне, осындай!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
журналист.
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы.