Өнер • 22 Ақпан, 2021

Берсең, балаға бер

1069 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әрбір бала бақытты өмір сүруге лайықты. Алаңсыз ойын ойнап, түрлі үйірмелерге қатысып, қоғаммен араласып өскен бала тез ширығады. Өкінішке қарай, барлық ата-ананың бірдей перзентіне мұндай мүм­кіндік сыйлауға шамасы жете бермейтіні тағы рас. Бір қуантарлығы, қайырымды жандардың қам­қор­лығымен ара-тұра ашылып жатқан әлеуметтік ор­та­лықтар көптеген отбасыға жылылық сыйлап отыр.

Берсең, балаға бер

Алматыда «Шыңға өрлеу» деп аталған әлеуметтік клуб өз жұмысын бастады. Қаланың Түрксіб ауданында орналасқан шағын орталықта аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары қосымша білім алып, түрлі шығармашылық үйірмелерге тегін қатыса алады. Бастауыш мектеп жасындағы 240 өренге шақтап ашылған шығармашылық үйінде шахмат, музыка, би, бейнелеу өнері үйірмелері жұмыс істейді. Ең қызығы, мұнда келген балдырғандарға 35-40 жылдық еңбек өтілі бар зейнет жасындағы білікті мұғалімдер тәлім береді.

– Біз ең алдымен балалардың арман-тілегін орындап, шығар­машылық қалауларын жүзеге асыруға көмектесеміз. Баланың ойлауы ойнау арқылы қалыптасады. Білікті мамандар әр баламен жеке-дара сөйлесіп, ой бөліседі. Біз әдейі өмірлік тәжірибесі бай қарт ұстаздарды таңдап алдық. Олар балалармен өз ата-әжесі секілді сырласады, бала жа­нын жақсы түсінеді. Әлеуметтік жоба­ның мақсаты – бала­ларға ұлттық танымға сай тәрбие беру әрі жағдайы төмен отбасылардың балаларын қолдау, – дейді «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының директоры Шоқан Болатбеков.

Игі бастаманың қанат қағуына аудан әкімдігі мен мәс­лихат депутаттары, сондай-ақ жаны жомарт азаматтар қолдау көрсеткен. Мұндай орталықтар бүгінде Алматы қала­сының алты ауданында жұмыс істейді. «Берсең, балаға бер» деген. Алдағы уақытта да балдырғандарға қуаныш сыйлай­тын игі жобалардың қатары көбейе берсе құба-құп.

 

АЛМАТЫ