27 Желтоқсан, 2013

Шыққан белестен алар асулар биік

540 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: 

«...халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті тұр. Біз мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын іріктеу және кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде жақсартуымыз керек», деген болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: 

«...халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті тұр. Біз мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын іріктеу және кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде жақсартуымыз керек», деген болатын.

Қазақстан тәуелсіздік алған жыл­дардан бері мемлекеттік қызмет­тің жеке моделін құрды. Оның басты жетістігі, әрине, бар­лық қазақстандықтардың мем­лекеттік қызметке деген мүм­кіндіктерін тең құқықты қамта­масыз ету болып табылады. Қабыл­данған конкурстық жүйе еліміздің әрбір азаматының ұлтына, дініне қарамастан, бәсекеге, еркін және демократиялық негізде өзін мемлекеттік қызметте көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекет­тік қызметке түсушілерге қойылатын негізгі талаптар да белгіленді, олардың кәсібилігіне, әкімшілік- құқықтық заңнамаларды білуіне және этиканы сақтауына қажеттілігі міндеттелді. Бүгін Қа­з­ақстанның барлық аймағында мемлекеттік қызметтің алпыс пайызын әр ұлттың өкілдері құрайды. Мемлекеттік қызметтегілердің 30 пайызы 30 жасқа дейінгі жастардан тұрады. Бұл тәжірибесі мол ересектерден үйренуге жақсы жағдай туғызады. Осы тұрғыда тәлімгерлік және тағылымдық институттардың мемлекеттік қызметке енгізілгені де үлкен жаңалық болды. Бірінші рет мемлекеттік қызметке келген жастарға тәлімгерлер тағайын­далып, оның кәсіби даярлығына практикалық көмек көрсетіледі, ал жылдар бойы осы салада еңбек етіп жүрген мемлекеттік қыз­мет­шілер үшін шетелдерде, басқа мемлекеттік немесе жеке құрылымдарда тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін тағылымдық институт қалыптасады.

Елбасының бастамасымен астананың Алматыдан Ақ­мо­лаға ауысуы кадрлар потенциа­лының және кадрлық саясаттың жетілуіне негізгі фактор бол­ды. Осы жылдары Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп бере­тін, заңдарда белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыратын Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік – уәкілетті органы құрылды, кейін ол халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Биыл агенттіктің құрылғанына да 15 жыл болды.

Агенттік мемлекеттік қызмет­шілерге тиімді жұмыс атқаруға жағдай жасау және өзінің тұтыну­шыларына сапалы қызмет көрсету үшін алдына мақсат қойды. Республика бойынша барлық жерлерде, мемлекеттік қызметке түсушілердің құқықтық білім деңгейін анықтайтын тест тапсырмаларынан тұратын, заманауи технологияларға және ақпараттық талаптарға сәйкес жабдықталған тестілеу залын ашу бұл мақсаттың бірегейі дер едік.

Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңде мемлекет­тік қыз­меттің жаңғыруын жә­не кәсібилігін дамытудың стратегия­лық міндеттері қойылған. Бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына ену үшін мұны айналып өте алмаймыз. Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізу қоғамдағы өзгерістерге қатысты десе де болады. Осы орайда 1990 жылдарда Елбасы шетелдің үздік тәжірибесін оқып-үйренуге тапсырма берді, бірақ олардың тәжірибесін көшіріп алмай, өзіндік ерекшеліктерді есепке ала отырып, жеке модель құру қажеттігін айтты.

Мемлекеттік қызметке неғұр­лым дайындалған үміткерлерді іріктеу және тарту, мемлекеттік қызмет персоналын дамыту жә­не өсіру үшін жағдай жасау, мемлекеттік қызметтегі біліксіз және ождансыз адамдардан арылу кадр саясатындағы ұстанар темірқазық болуы тиіс. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасымен әкімшілік реформалар аясында мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді, ол мемлекеттік қызметке түсудің айқын және тиімді тетіктерін, бағалау жүйесі мен мансабын жоспарлауға, «А» басқару корпусын құруға, сондай-ақ, кадр­лар қызметінің рөлін арттыруға, мемлекеттік қызметшілер мотивациясы мен көтермелеу шарасын жетілдіруге, қызмет этикасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараны енгізу арқылы мемлекеттік аппараттың кәсіби біліктілігін және тиімділігін жоғарылатуға бағытталған.

Мемлекеттік қызметке қабыл­дауда конституция­лық құқықты жүзеге асырудың жалғыз жолы – конкурс. Барлық үміткерге тең жағдай туғызу қажет. Конкурстық комиссияға ықпал ететіндерге көлденең тұру үшін комиссия құрамына басқа мамандарды, психологтар, сарапшыларды енгізу қажет. Комиссия құрамын соңғы күнге дейін жарияламаған жөн. Сондай-ақ, конкурс комиссиясы жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін отырысқа осы мекеме басшысының келісімі бойынша бақылаушылар қатыса алады. Бақылаушылар ретінде депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа да мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлес­тік­тер­дің, коммерциялық ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, уәкілетті органның қызметкерлері қатыса алады. Сонымен қатар, бақылаушылар конкурсқа қатыса отырып, өздерінің азаматтық көзқарастарын білдіреді, мем­лекеттік қызметшілерді іріктеудегі айқындықты жоғарылатуда өз үлесін қосады. Біздің департаментте өткен конкурстар осының айқын дәлелі деуге болады және облыстағы мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысына аса назар аударамыз. Қызметке қабылдауда немесе басқа да бағыттарда заңнама бұзылса, оны бұзған адам тиісті деңгейде жауап беріп, яғни тәртіптік жауапкершілікке, оның ішінде тиісті жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкес тартылуы мүмкін. Біз осы тұрғыда шараларды қатайтуды қарастырудамыз.                

Елімізде сыбайлас жемқорлық­пен күрес, оның алдын алу жүйе­сін жетілдіруде көптеген істер ат­қарылуда. Жемқорлық пен әдеп­тілік нормаларын сақтау­дың арасында байланыс бар. Жемқорлыққа апаратын жол әдепсіздіктен, қызмет этикасын бұзудан басталады. Өкінішке қарай, облысымызда, әсіресе, аудандық деңгейде мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі нормаларын бұзу фактілері кездеседі. Мысалы, биыл тәртіптік кеңестің қазан айындағы кезекті отырысында Қазақстан Республикасы мем­лекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі талаптарын бұз­ған, яғни ауыл тұрғынына қол жұмсап, денсаулығына зиян кел­тір­ген Жангелдин ауданы Қалам-Қарасу ауылдық округінің әкімі Қ.Тұрмағанбетовке қатысты тәртіптік іс қаралып, кінәлі әкім атқарып отырған лауазымынан босатылды. Осыған ұқсас жағдайларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялап, шенеуніктерге сабақ болатындай ету керек. Біз атаған жағдай да мемлекеттік қызметшінің ар-намысы мен ішкі мәдениетіне қатаң емтихан болғаны анық.

Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің ұстанымдық тұста­ры конкурстық іріктеудің айқын­дығын арттыру, командалық ауыстырушылықты шектеу, анти­коррупциялық нормалар­ды жетілдіру болып отыр. Конкурстық іріктеу азаматтардың тепе-тең мемлекеттік қызметке түсу мүмкін­дігінің конститу­циялық құқын жүзеге асырудың тиімді тетігі болып табылады. Атап айтқанда, конкурс зерек адамдарды іріктесе, олар өздерін танытуға мүмкіндік алады және мемлекеттік қызметтің әртүрлі саласында қоғамға пайдасын көрсетеді. Сондай-ақ, зерек және перспективалы мемлекеттік қызметшілермен жүйелі жұмыстар қалыптастыру жоспарлануда, олар үшін арнайы оқыту және кәсіби дамыту бағдарламалары әзірленетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардағы кадрлар қызметінің рөлін жоғарылату қарастырылған, олардың функцияларын, өкілет­тігін және жауапкерші­лігін анық­тап белгілейді. «Персоналды басқару» шеңберінде персонал негізгі капиталға ие және оған жұмсалатын шығын ұзақ мер­зімді инвестиция ретінде қа­рас­тырылады, кадрлық жоспар­лау органның қызметімен үйле­седі және жұмысты топпен ұйым­дастыру белсенді енгізіледі. Сон­дық­тан да, бар күш тиімді персо­нал құруға, адамдардың қабілет­тілігін қалыптастыруға бағытталады, кадрлық қызметтер ұйымдастырушылық және талдау-сараптау мәселелерін шешеді. Бұл бағытта облысымызда жаңа кадр саясатын жүзеге асыру және мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында қалалар мен аудандарда персоналды басқарудың бірыңғай қызметін құру шешім тапты.

Тәуелсіздік жылдары ішінде ел басшылығы әлемдік тәжірибенің ең жақсы жетістіктері негізінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтің өзіндік моделін қалыптастырды. Қазақстандық мемлекеттік қызмет моделі халықаралық қоғамның назарын аударды. Мемлекеттік қызмет реформасын ойдағыдай жүзеге асыру әрбір мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігіне байланысты.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің онбесжылдық тәжі­рибесін есепке ала отырып, қазіргі мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмыстарына барлық қазақстандықтарды тарту, өздерінің құқықтарын қорғау жөніндегі азаматтық ұстанымды нығайту, қоғамда осы тақырыпты үнемі және ашық талқылау үшін жағдай жасау қажет деп ойлаймыз.

Барлық экономикалық жүйе­лерді, оның құқықтық құралдарын, мемлекеттік қызметті өзгерту, сол принциптер базасында қоғамдық менталитетті қайта бағдарлау, табанды және бірлескен жұмыстар керек екенін біз жақсы түсінеміз, оған тек өркениетті, тиімді жұмыс жүйесі ықпал етуі тиіс. Ол үшін біздің елімізде барлық жағдайлар жасалған.

Асқар ШОМАНОВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департамент басшысы – тәртіптік кеңес төрағасы.

ҚОСТАНАЙ. 

Соңғы жаңалықтар