Опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шаһимардан ӘБІЛОВ туралы сыр-толғаныс
Шаһимардан әнші әмбеге аян Кереку өңірінің Арбаиген ауылында дүниеге келіпті, балалық шағы дүйім қазаққа мәшһүр Қанжығалы Бөгенбай елі Ерейментауда өтіпті. Естай әнімен ауызданып, Ақан сері “бай-байлап” аңыратқан Құлагердей пырақтың құсалы аңызымен аяланыпты. Біржан сал әнінің көз жетпес бұрмаларына бойлапты. Иманжүсіптің жолдасқа сұлу қыздан олжа салған қызықтарына қаныпты. Бір жағы Қарқаралы, бір жағы Баян таудың күміскөмей қайырмалы лүпілін тыңдапты. Күмбірлеген Көкшетаудың дабысы қыр астынан ынтықтыра естіліп тұрыпты. Осы жайлардың заңды жалғасындай, ұлтымызға қатысты қалт еткен жақсы жаңалықты іліп әкететін сол күндердегі “Лениншіл жаста”: “Мектеп оқушыларының таяуда өткен республикалық байқауының қорытындысы бойынша Ақмола облысы Ерейментау орта мектебінің оныншы класс оқушысы Ш.Әбілов Құрманғазы атындағы консерваторияға емтихансыз қабылданды” деген қысқа хабар жарияланған.
Әйткенмен, тағдыр ұйғарымы олай болмапты. Өнердегі жеңіл жолды, арзан атақты, лап етіп тез тұтанып жанып кетуді Шаһи жас өзі әуелден қаламапты. Әлбетте, тап сол кезде ол ұлы әнші Энрике Карузоның “Кім ерте бастаса, сол ерте аяқтайды” деген тәмсілін естімеген де шығар. Бірақ қалай болғанда да, консерваторияға түсу табандатқан төрт жылға шегеріліп, төрт жылдық тағат пен толғаныстан кейін, төрт жылдық сарылыс пен сағыныштан кейін, Тайбурылдың қырық үш күн кемдігіндей, Шаһимарданның шабыт музасы да төрт жыл кешігіп жеткен еді. Содан бері ұзын ырғасы қырық жыл уақыт өткен екен. Атам қазақ “Жолаушының кешіккенінен сүйін” дейді ғой. Сол айтқандай, бүгінде оның есімі ән сүйетін, өнер сүйетін қауымға, ойлы тыңдаушыға өз елімізден шет жерлерде де кеңінен мәлім. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры, Мәскеу халықаралық шығармашылық академиясының академигі Шаһимардан Әбілов қазақтың музыка мәдениетіндегі біртуар тұлға, бетке ұстар бірегей беделдерінің бірі деген салиқалы тұжырымға қауым тоқтағалы қашан.
Олай болса, әйгілі әнші жайындағы әлқиссамыздың бірінші шегінісін осы тұста жасауымыз керек тәрізді.
Сонау жетпісінші-сексенінші жылдарда атақты, атақсыз әншілеріміз салтанатты жиындарда, әсіресе, ресми концерттерде Еуропа, орыс романстарын орындаушы еді. Ал қазақ романстары мен әндеріне классика ретінде ден қоймайтын. Қазақта романс жоқтай, романс мектебі, классикалық өредегі ән мектебі қалыптаспағандай көретін, әлемге мәшһүр ариялармен пара-пар, бір мысқал кем емес, теңдессіз, інжу-маржан халық әндеріміз бен Сегіз Сері, Сал Біржан, Ақан сері бастаған халық композиторларының терең сезімді керемет туындыларын, талай-талай тамаша төл романстарымызды классика ретінде ұсынуға ұялшақтайтынбыз. Баяғы намыссыздық!
Бұл жағдаятты Шаһимардан сезінбей қалған жоқ. Сол себептен өзінің қанат қаққан, енді еңбек етіп жүрген Құрманғазы консерваториясында берген алғашқы классикалық, ұстаздық, профессионалдық жеке концертіне дайындық барысында көп ізденді, тың да батыл қадамдар жасады. Ермек, Бибігүл, Роза Жамановалардың шетелге барғанда рәсім үшін айтатын қазақ әндерінің классика деп емес, фольклор деп қабылданып жүргенін де бір сәт күйіне еске алып, жүрегі ауырып, мұңайды. Солардың бәрін ескере келгенде өзінің осы ілкі концертін Қазақстан композиторларының романстары мен қазақтың халық әндерінен моншақтай тізіп, әнсүйер қауымға ән классикасы ретінде ұсынды. Концерттік бағдарламасының тәжіне Біржан, Ақан сері, Мұхит, Абай, Естай әндерін бір-бір гауһар тастай жарқырата қадап, әсемдей айшықтады. Мұндағы ойы – біздің қазақта да керемет ән классикасы бар екендігін көрсету, соны бір жүйеге салып, өзіндік төлтума мектеп жасау еді. Неткен ізгілікті мақсат десеңізші!
Шаһимарданның пайымдауынша, қазақтың ән мектебінің атасы – ең бірінші, Біржан, яғни ән өнеріндегі Абайымыз – Біржан. Осы ән мектебінен ең бірінші үлгі алған, тағылымын таныған – Абай. Абай – ғұлама, даналық хакімі, ал ән тарабына келгенде, Біржанның шәкірті. Біржан дәстүрінен үйреніп, оны сыршыл да ойлы сазбен ілгері дамытқан Абай келе-келе өзінің өзгеше ән мектебін қалыптастырды. Абайдың ән мектебінің мәдениеті биік, даналық шалқарынан нәрленген, ой мен сезімді ұштастыра ғажайып үйлесімділікке жеткен, әлемдік рухани қазыналармен үндестік, жарасым тапқан. Ақыл-парасаты телегей-теңіз Абай қазақта бірінші болып романс жанрының негізін қалады. Гете, Пушкин, Лермонтовтардың рухани өрісіне шыққан Абай қазақтың ән мәдениетін жаңа үнмен, жаңа сәулелі сазбен, “сылдыраған келісіммен” байытты.
“Абайдың ән мектебі” демекші, әлемде талай-талай тамаша ән мектептері бар. Итальян ән мектебі, орыстардың, немістердің ән мектебі... Он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ кемел профессионализмге жеткен қазақ ән мектебі осылардан кем бе екен? Қазақ әнінің тамылжытып айтар тарихының өзі қандай?! Тек айдай әлемге әлі таныта алмай, көрсете алмай жүргеніміз болмаса?! Шаһимардан ылғи осыңдай бір түйткілді ойларға қалып, беймаза күй кешетін. Ойпырмай дейміз-ау, кейде, қай жерде жүрсе де, Мәскеуде, әйтпесе, басқа бір шетелде ән айтқанда, “Сұрша қызды” немесе “Сырымбетті” үзілдіріп шырқағанда, білгір профессорлар келіп: “Мынау не деген ғаламат ария! Мұны шығарған композитор кім? Мынау керемет классика ғой!” деп қайран қалысатын. Жүректе бір сәуле болды ма, жүрек, шіркін, империяның құлайтынын сезді ме, әйтеуір, бірінші концертін табысты өткізгеннен кейін ерекше толғанысқа бөленді, бойында бір жігер, серпіліс, сенім пайда болып, жаңадан соны ізденістерге жетелейтіңдей. Ойының қазығы – қазақтың классикалық ән мектебін қалай, қай сипатта көрсету керек? Шаһимардан соңда, осы сұрақтың жауабын іздегенде ұлы Абайға келіп тіреліп еді.
Иә, Абай – ұлы ақын, философ қана емес, ол сонымен қатар ұлы композитор. Жиырма шақты ән, романстар шығарған. Шаһимардан соларды түгендеп жиып-теруге кірісті. Сондай-ақ, сонау Сыдық Мұхамеджановтан бастап Қазақстанның күллі композиторлары Абай өлеңдеріне әндер мен романстар жазған. Абай сөзіне ән жазу да оңай емес. Ол үшін үлкен талант, білімділік, Абай әлеміне үңіліп, бойламақ керек. Бүкіл әлемде солай. Ұлы ақындардың мұраларына мықты композиторлар ғана музыка шығарады. Пушкин өлеңдеріне Глинка, Чайковский, Мусоргскийлер әуен-саз жазған. Қазақ композиторлары да Абай тақырыбына, Абай өлендеріне ноталы музыканың сиқырлы соқпағын тартқанда осы биік мұрат, үлкен жауапкершілік тұрғысынан қарады, өз музыкалары арқылы өздері де Абайдың деңгейіне, өресіне жетуге талпынды. Міне, осындай шығармаларды тірнектеп, ыждаһаттап іздестіріп қараса, Абай өлеңдеріне арналып жазылған жүзден аса әндер мен романстар бар екен.
Демек, бұдан шығатын қорытынды, Қазақстанда, қазақтың ұлттық топырағында романс және классикалық ән мектебі құрылып, қалыптасып болған. Қазақтың ән мектебі, оның мәдениеті ешкімнен кем емес, деңгейі бір, мақтан етуге тұрарлық, тіптен, артықшылықтары да көп. Шаһимарданның ендігі алдына қойған мақсаты – осы ғажайыпты, асыл қазынаны Қазақстанға ғана емес, дүйім дүниеге, күллі әлемге паш етіп көрсету еді.
Осылайша, ұлттық ән классикасымен қатар, Абайдың ән әлеміне бойлау басталды. Абайдың өлеңдегі арманы мен Шаһимарданның өнердегі мақсаты осылайша жарасып, бір арнада тоғысты. Әуелден-ақ арманы ұлы ақынға деген махаббатпен бүр жарып, Абайды өнердегі пірі санаған Шаһимарданның консерватория бітіргендегі диплом жұмысының өзі Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің “Абай” операсындағы Абай партиясы болатын. Бүгіндері Шәкең: “Алла-ау, өзім сол кезде қандай батыл болғанмын?!” деп таңдана, миығынан күліп қояды. Ал, сол 1977 жылы Абайды аңыратып ерен жүрекпен шырқаған сырбаз студентке мемлекеттік емтихан комиссиясының мүшесі Латиф аға: “Бұл бала биік матур, обсуждению не подлежит” деп бес қойғызып еді-ау. Қазіргі шақта Бибігүл – бұлбұл Төлегенова болса, Шаһимарданның Абай партиясындағы жан дүниесінен, бітім-болмысынан, байсал қалпынан, тіпті, гримделген кездегі келбет-ажарынан да Абайға деген мол-мол ұқсастықтар тауып, сүйсіне қайран қалып отырады. Латиф аға да “бесті” бекер емес, біліп-ақ қойған екен!
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы әр қазақ азаматына ой салғаны белгілі. Шаһимардан сол уақыттарда Абай өлеңдеріне жазылған романстардан концерт дайындап жүрген. Түртінектеп қарап жүріп, композитор Еркеғали Рахмадиевтің “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым” романсына ұшырасты. Сүйінішті олжаға жолыққандай кенеліп, көңілі біртүрлі бүрленіп қалды. Бірқыдыру уақыттан кейін Қазақстан Композиторлары одағының пленумы болды. Сонда Шаһимардан әдейі осы романсты таңдап, сахнаға шығып шырқады. Көпшіліктің ішіндегі қатпарлы буырқаныс, қалың шер шықты. Романсты орындап болғаннан кейін қараса, екі-үш апайының көздері жасқа шыланыпты.
Бір қызығы, бұл романсты Рахмадиев ертеректе, отыз жас шамасында жазған екен. Содан әу баста ешкім қызығушылық танытып, ынта білдіріп орындай қоймағасын, елеусіз қалып, ұмытылып кеткен шығарма көрінеді. Әуелі, сондай бір шығарма жазғаны композитордың өзінің де есінен шығып кеткен. Бұл жәйт оған да оқыс жаңалық, тосын сыйлық болды. Романс ұлттық қасіретті, қазақ мұратын күңірентіп тұр. Желтоқсан оқиғасынан кейін мұндай шығарманы орындауға да ерлік керек еді. Әу дегенде сазгер ағаның да жүрегі “осы қалай болар екен?” дегендей лүпілдегенімен, пафосы керемет, әлемдік деңгейдегі, әлеуеті күшті романсының жария болып, жарыққа шыққанына кеудесін қуаныш кернеді. Сол қуанышпен тынысы ашылып, осының байғазысына деп, Шаһимардандай ізетті інісіне арнап Абай сөздеріне тағы да алты романс жазып берді. Төлеген Мұхамеджанов ізін суытпай төрт романс шығарып сыйлады. Сөйтіп, репертуар молая берді. Абай концерттерінің төрт құбыласы теңеліп, маңдайы жарқырап, жолы ашылып, Абайдың ән дариясының тиегі осылай ағытылды.
Дана хакімнің өз әндері мен өлеңдеріне жазылған романстардан құралған алғашқы Абай концерттерін көппен бірге ақиық әнші, елдің сүйіктісі, Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Жәнібек Кәрменов те тыңдаған болатын. Өзі де Шыңғыстаудың бел баласы, Абай әулетінен дерлік Жәнібек Абай әлемін терең түйсініп түсінетін, әсіресе, ұлы атасының ән-музыка мұрасының білгірі, қамқор жанашыры, насихатшысы еді. Жәнібектің талғамынан табылып ұнай қою да қиынның қиыны. Шаһимарданның Абай әндерін классикалық мәнерде айтуы Жәнібекке ұнады. Жарқылдай күліп келіп қолын алып: “Шәке, құтты болсын, енді Абайдың келесі концерттерін екеуміз бірге өткізіп, мен жүргізушісі болайын” деп ұсыныс жасады. Қара тілдің сұңғыла шешені еді ғой аяулы Жәнібек, әрі Абай әнін, философиясын ұғып, біліп тұрған соң несін аянсын, екі дос алғашқысын Жамбыл филармониясында “Әнді сүйсең, менше сүй” және екіншісін “Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа” деп атап, көпшіліктің көңілінен шыға бір серпілтіп, екі лекция-концертті беріп те тастады. Жұрт сілтідей тынып ұйып тыңдап отырды. Жәнібектің әңгімесі, Шаһимардан әні домбыраның қос ішегіндей үйлесіп, тыңдаған жұртты тәнті етті. Абайдың ұлы жүрегінің мұңлық махаббатын, күрсініс-күңіренісін, мұң-шерін, ой-толғанысын, армандарын төгілдіре жырлап, шырқап, түсіндіріп бақты. Абай даналығы халыққа осылайша алғаш рет саналы түрде ән арқылы бір жүйеге түсіріліп жеткізіле бастады.
Шаһимардан трактовкасындағы Абай әндері мүлдем басқаша түрленіп сала берген. Байсал да мұңды, сұлу да сымбатты, күйлі де ойлы. Қас шебер ызған гауһар тастай мінсіз... Екі достың Абайға байланысты арман-жоспарлары көп еді. Жәнібектен қапыда көз жазып қалғаннан кейін Шаһимардан бір жылдай ән айта алмай жүрді. Содан соң Абай атасы мен Жәнібек досының рухына арнап “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” атты концертін іштей мұңая жүріп, тереңнен тебірене жүріп жалғыз беріп еді.
Ұлы ақынның 150 жылдығы қарсаңында Шаһимардан әнші байтақ Қазақстанды аралап, елуден астам концерт қойды. Абай әндерін әлем жұртшылығына тыңдатып, мойындатты. Абай әндері оның өнернамасының үлкен бір арнасы ғана.
Музыка мәдениетіміздегі орнын ойып тұрып алған Шаһимардан Қайдарұлы шебер орындаушылығы арқылы дүниежүзілік классиканы жетік меңгерген, әрбір концерті тыңдарман жүрегіне жол тауып жатады. Оның репертуарынан Чайковский, Рахманинов, Шуберт, Брамс, Верди, Моцарт сияқты композиторлардың әндері мен романстары кең орын алған. Сондай-ақ, Абай атындағы опера және балет театрының солисі ретінде әлемдік айтулы опералардың бас қаһармаңдарының бейнелерін де сәтті сомдап келеді. Партияларының атына қарап-ақ аңғарсақ: Абай, Риголетта, Жермон, Амонасро, Эскамильо, Грязной, Томский, Жанбота, Скарпия. Кейін бұл тізімге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандырған ұлт ұраншысы Бұқар жырау партиясы кірді.
Консерватория ұстазы, профессор Әбілов қырықтан астам әнші тәрбиеледі, олардың арасында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары А.Ибраев, Д.Уашев, М.Тойкенов, Т.Мұсабаев, Д.Хамзина, Ж.Ғабдуллина сияқты дарыңдар бар. Әнші, сонымен қатар, қоғамдық қызметке және Қазақстан мен шетелдегі түрлі дәстүрлі конкурстардың жюри мүшесі ретіндегі парызды жұмысқа да көп мән береді. Атап айтар болсақ, олардың ішінде Финляндия, Италия, Австрия мен Швециядағы “ХХІ ғасыр өнері”, Мәскеудегі “Халықаралық орыс романсиадасы”, Қазандағы Р.Яхин атындағы, Уфа мен Киевтегі әншілер конкурстары бар.
Шетелдің әнсүйер қауымы Шаһимарданды соңғы он жыл көлемінде бек танып, қатты қадірлейді. Ол Лондонның әйгілі Барбикан орталығында Ұлыбританияның камералық оркестрімен, Париждің ең мықты Плейель залында, Мәскеудегі Композиторлар одағының залында, Чайковский атындағы консерваторияның кіші залында ән шырқады. Бауырлас мемлекет – Түркияның бұрынғы президенті С.Демирелдің қамқорлығымен қойылған “Арарат туралы аңыз” операсындағы Ахмет рөлін түрікше орындаған тұңғыш қазақ. Шәкеңнің гастрольде сапарлап жүрер қалалары: Лондон, Париж, Тель-Авив, Хельсинки, Стокгольм, Берлин, Москва, Ыстамбұл, Анкара, Киев, Вильнюс, Таллинн, Ташкент, Уфа, Баку, Қазан боп ары қарай жалғасып жатса, ол да қазағының мерейі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының “Бейбітшілік күрескері” сыйлығының лауреаты, атақты ақын Осман Туркай Шаһимарданның өнерін: “Бұл – Қазақстанның ұлттық және интернационалдық құндылықтарын шексіз сүйе, риясыз уағыздау” деп бағалады. Ал енді белгілі итальян журналисі Сильвио Ипполити: “Егер Шаһимардан Абай партиясын, Вердидің Риголеттасын Миландағы “Ла-Скала” театрында орындайтын болса, мен оны күнде келіп тыңдаудан жалықпас едім” деп ерекше ілтипат білдіруі біздің қолымыздағы алтынның қадірін одан сайын арттыра түскендей.
Осы айтылғандардан Шәкеңнің ел мен ел арасындағы достық дәнекері, ақ ниетті өнер қарлығашы екенін аңғарар едік. Соған орай қайраткер әншінің әр күні айшықты оқиға, айтулы жәйттермен өрнектелген. Мысалы, өткен наурыз айының 10-ында оған Мәскеу қаласында халықаралық шығармашылық академиясының академигі атағын осынау мәртебелі ұйымның президенті, академик, Социалистік Еңбек Ері Г.Гладышев өз қолынан табыс етті. Мұндай құрметке ие болғандар ішінде Ирина Архипова, Шыңғыс Айтматовтар болғандығын ескерсек, Шаһимардан тұлғасы да шыңдағы шынардай биіктей түспек.
Шаһимардан сәуірдің басында әнші шәкірттерін ертіп, Еуропадағы өнер сапарына аттанып кеткен болатын. Венада да, Италияның Винчесса қаласында да Елбасы ашып берген өнер жолы олжалы болды. 15 мемлекеттің ішінен оза шапты. Студенттер арасында Эмиль Сақауов қазақтың халық әні – “Ақ қурай” мен Абайдың – “Есіңде бар ма жас күнің” романсын айтып бірінші жүлдені иемденсе, кәсіби әншілер арасында Қостанай филармониясының әншісі Гүлмира Үмбетова Гран-Приді жеңіп алған. Он бес күндік сапардан Шаһимардан ұстаз бұған аса қуанышты боп оралды елге.
Иә, ән қуанышы жанға мият, ән мағынасының айтары көп.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.