Үкімет
Мал өнімдеріндегі белок адам тағамындағы ең құнарлы азық болып есептеледі және оның рациондағы үлес салмағы 50%-дан кем болмауы керек екен. Сонымен қатар, биологиялық ерекшелігіне байланысты ірі қара мал әртүрлі жем-шөп қорын пайдаланып, басқа мал түрлерімен салыстырғанда етінде бай биологиялық құнды заттарды қалыптастырады, осыдан да бүгінде ірі қара етіне сұраныс жоғары болып отыр.
Сондықтан көптеген дамыған елдерде, жер аумағына қарамай, етті бағыттағы ірі қара мал саны сүтті бағыттағылардан басым, атап айтқанда, Бразилия, Аргентина, Канада, Франция, Австралия елдерінде бір сүтті бағыттағы ірі қара мал басына 4 етті ірі қара малы өсіріледі. Германияда, АҚШ-та бұл қатынас – 1:1, ал біздің елде жалпы ірі қара мал басының 22%-ы ғана етті ірі қара мал басын құрайды.
Мал өнімдеріндегі белок адам тағамындағы ең құнарлы азық болып есептеледі және оның рациондағы үлес салмағы 50%-дан кем болмауы керек екен. Сонымен қатар, биологиялық ерекшелігіне байланысты ірі қара мал әртүрлі жем-шөп қорын пайдаланып, басқа мал түрлерімен салыстырғанда етінде бай биологиялық құнды заттарды қалыптастырады, осыдан да бүгінде ірі қара етіне сұраныс жоғары болып отыр.
Сондықтан көптеген дамыған елдерде, жер аумағына қарамай, етті бағыттағы ірі қара мал саны сүтті бағыттағылардан басым, атап айтқанда, Бразилия, Аргентина, Канада, Франция, Австралия елдерінде бір сүтті бағыттағы ірі қара мал басына 4 етті ірі қара малы өсіріледі. Германияда, АҚШ-та бұл қатынас – 1:1, ал біздің елде жалпы ірі қара мал басының 22%-ы ғана етті ірі қара мал басын құрайды. Сондықтан да болар, бүгінде сырттан келетін, оның ішінде бағасы айтарлықтай қымбат мәрмәр ірі қара көлемі азаймай отыр. Дегенмен де, соңғы жылдары мемлекет тарапынан етті ірі қара шаруашылығына айтарлықтай қолдаулар жасалуда, мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында шетелдерден асыл тұқымды етті ірі қара мал сатып алынуда. Атап айтқанда, «ҚазАгро» холдингі тарапынан жеңілдетілген несие есебінен 2011-2012 жылдары 30 мыңға тарта ангус, герефорд, симменталь тұқымды етті ірі қара малдар Еуропа, АҚШ, Канада және Австралия елдерінен сатып алынды. Сонымен қатар, бұл іс-шараға пайдаланылған жеңілдетілген несие сомасының жартысына жуығын мемлекет тарапынан өтеу де қарастырылды. Демек, бұл жерде «Қайтарым қалай» деген сұрақ туындайды?
Дегенмен, ішінара жүргізген сараптаулар бойынша, шетелдерден асыл тұқымды мал көп жағдайларда қағаздағы деректері, яғни білікті мал мамандардың қатысуларынсыз атқарылғандығы, сатушы елдерде асыл тұқымды деген мал бастарының көбіне бірнеше табындардан жасақталғандығы және ең бастысы, еліміз мал шаруашылығындағы дәстүрлі мал бастарын азықтандыру, бағып-күту іс-шараларының, табиғи, ауа-райы жағдайларының шетелдік малдар ерекшеліктеріне сай келмегендігі белгілі болды. Ақырында аталған жағдайлар құнды шетелдік мал бастарының генетикалық ресурстарын толықтай пайдалануға мүмкіндік бере бермеді деуге болады.
Бұл іс-шараның нәтижесі туралы Елбасы биылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында тиісті лауазым иелеріне қатты сын айтқан болатын. Сонымен қатар, кезінде шетелдерден асыл тұқымды мал тасымалдау еліміз мал шаруашылығы өнімділігін жақсартудың негізгі жолы бола алмайтындығы туралы талай рет айтылды да. Бәлкім, осы сын-ескертпелердің де ықпалы болған шығар, елімізде ірі қара шаруашылығын дамытудың дүдәмал-теориялық бағдарламасының да «өмірі» ұзаққа бармады, таяуда Ауыл шаруашылығы министрі келешекте шетелдерден бірыңғай асыл тұқымды мал тасымалдаудың тоқтатылатындығын, енді отандық мал тұқымдары өнімділігін жетілдіруге бағыт ұсталатындығын жария етті. Бұл мал шаруашылығы мамандары мен ғалымдары үшін күтпеген әрі қуанарлық жайт болды. Бұл іс-шараның елімізде жалпы мал шаруашылығы саласы бойынша оң өзгерістер әкелетіндігіне менің сенімім мол. Сондықтан да, бүгінде мал шаруашылығы саласы бойынша бәлендей күрделі, шығынды іс-шараларды атқармас бұрын, бірінші кезекте қажетті деген жағдайларды нақтылап, анықтайтын ғылыми-өндірістік жүйені қалыптастырудың маңызы зор болып отыр.
Мысалы, жасыратыны жоқ, өткен кезеңде, бәрі де ауыл шаруашылығы саласын реформалауға байланысты болып жатқан уақытша көрініс деп, біраз нәрсені бағалай алмай, жоғалтып алғанға ұқсаймыз. Бұл тұрғыда еліміздің басым бөлігінде өсіруге ертеден қалыптасқан отандық етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын айтар едім. Бүгінде белгілі болғандай, бұл мал тұқымы шетелдік құнды деген етті ірі қара мал тұқымдарынан өнімділік көрсеткіштері бәлендей қалыспай, еліміз жағдайында төзімділігімен, жайылымдық жағдайға бейімділігімен және азықтандыруда талғамының төмендігімен ерекшеленуі бұл малдың біздің ел жағдайында өсіруге аса тиімді болып отырғандығын көрсетсе керек. Сонымен қатар, мал шаруашылығы тұқымдық ресурстарына мемлекеттік басқару жүйесін де босаңсытып, бұл маңызды мәселемен кез келген құрылымдардың айналысуына мүмкіндік беруі де тиімді бола қойған жоқ.
Мұның бір көрінісі кешегі кеңес дәуірінде (1980-жылдары) біршама жетістіктерге қол жеткізуге ықпал еткен, бүгінде тиімділігі көп айтылса да, тиісті қолданысқа ие болмай жүрген, тұқымдық құндылығы өте жоғары эмбриондарды пайдалану негізінде сүтті , етті ірі қараның асыл тұқымды төлдерін өсіретін шаруашылықтар қалыптастыру мәселесі деп айтар едім. Осыдан, мал басы тұқымдық құндылығын бағалаудың мейлінше тиімді тетіктері қалыптастырылмаса, мал тұқымын асылдандыру сөзінің мағынасы мен маңызы да біртіндеп жойыла береді. Меніңше, бұл мәселелер бірінші кезекте аудан, ауылдық округтер деңгейлерінен бастау алуы керек, ал облыстық, республикалық деңгейлердегі тиісті мемлекеттік құрылымдар өңірлерге мал тұқымдарын аудандастыру, шетелдік мал өсіру, селекция озық технологияларын таңдап алу бойынша ұсыныстар беру, мал мамандарын оқыту іс-шараларымен айналысқаны тиімді болар еді. Сонымен қатар, еліміз өңірлері бойынша мал шаруашылығы стратегиясын нарықтық жағдайда нақтылап отыру, мал тұқымдарын асылдандыру іс-шараларын мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселелерімен мемлекеттік шенеуніктер мен қоса шаруашылық басшылары мен мамандары және білікті ғалымдардан жасақталған арнайы құрылым айналысса игі іс болатынына сенім мол.
Екіншіден, әсіресе, Орталық Қазақстан өңірінде ірі қара еті өндірісіндегі проблема етті ірі қара төлдерінің тәуліктік салмақ қосу қарқынының айтарлықтай баяулығы, осыдан барып малдың сойыстық салмағының төмендігі (320-340 кг), яғни біз бұл көрсеткішпен бүгінгі мал басы өсімі деңгейінде таяу арада ішкі нарықтағы сұранысты да толықтай қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан, шетелдіктер сияқты ірі қара шаруашылығында алынған төлдерді, инвестиция тұрғысында, яғни келешектегі өнім көзі деп қабылдайтын түсінік қалыптастыруымыз керек. Үшіншіден, Орталық Қазақстан аймағында бүгінде пайдаланусыз жатқан кең-байтақ жайылымдық жерлер жыл көлемінің басым бөлігінде (200 күн) етті ірі қара сойыстық малдарын құрамажемсіз семіртіп бағуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мал азығы қоры сандық, сапалық жағынан да шектеулі бұрынғы Жезқазған облысы шаруашылық құрылымдарында етті ірі қара төлдерін 6-7 айлыққа дейін өсіріп, бұл аймақтың астықты Бұқар жырау, Осакаров және Нұра аудандарында оларды одан әрі бордақылау, семірту іс-шаралары атқарылса, берері аз болмас еді.
Төртіншіден, ірі қара еті өндірісі көлемі мен сапасын жақсарту үшін аудан, облыс деңгейлерінде (республикалық деңгейде ғана емес) етті ірі қара шаруашылығы ассоциацияларын құру тиімді болатын сияқты.
Бұл іс-шараның басты мақсаты логистикалық орталықтар құру негізінде ірі қара етін өндірушілерді мал азығымен, селекциялық іс-шаралармен және өнімдерін өңдеу, тұтынушыларға тиімді бағаға өткізуді қамтамасыз ету болып табылады. Егер бұл логистикалық орталықтардың құрамында құрамажем дайындайтын кәсіпорындар мен ет комбинаттары қызметтер атқарса, бұл іс-шараның тиімділігі еселеп артар еді. Бесіншіден, бүгінгі жағдайда мал шаруашылығы өндірісінің экономикалық тұрақтылығын қалыптастыру үшін мал өнімдерінің өзіндік құндарын төмендетуде мал басы өнімділігін арттырудың маңыздылығы жоғары болып отыр.
Өкінішке қарай, елімізде орта есеппен сүт өндіруде тиісті мөлшерден – 30%, ет – 35-тен 50%-ға дейін мал азығы физикалық салмақта артық жұмсалады екен, яғни мал өнімдері өзіндік құндары 15-25%-ға дейін артады деген сөз. Мұндағы негізгі себеп, рациондағы мал азығының, әсіресе, белок, қант заттары, энергетикалық көрсеткіштері бойынша қажеттіліктеріне сай үйлестірілмеуі деп айтуға болады. Мысалы, біздің арнайы жүргізген сараптауларымыздың қорытындысы еліміздің әр өңірлерінде орналасқан көптеген шаруашылық құрылымдарының тәжірибе-жетістіктерін, инновациялық технологияларын, толыққанды азықтандыру тетіктерін оңтайлы үйлестіре алғанда мал өнімдері өзіндік құндарын орта есеппен 21-30%-ға дейін төмендетуге болатындығын көрсетіп отыр.
Ғылыми тұрғыда да, мал бастары өнімділігі артқан сайын мал азығы сапалық, сандық көлемдерінің мал өнімі бірлігіндегі үлес салмағының төмендейтіндігі дәлелденген. Осы себепті көптеген мал шаруашылығы жете дамыған шетелдерде ірі қараның өнімділік көрсеткіштері тұрақты жоғары болып отырады.
Алтыншыдан, мал басын азықтандыру рациондарын қажетті, нәрлі заттармен үйлестіріп отыру үшін мал азығындық егістік көлемдері мен олардың құрамдық қатынастарын да қайта қарау керек сияқты. Себебі, соңғы жылдары мал азығындық өсімдіктер, оның ішінде құнарлы мал азығындық егістіктер көлемдері айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Атап айтқанда, сүрлемдік, көпжылдық және бұршақ тұқымдас мал азығындық егістіктер көлемі бірнеше есеге азайған, табиғи жайылымдықтар, әсіресе, елді мекендер маңайларындағы жайылымдық жерлер өнімділігі де соңғы жылдары еселеп төмендеп кетті. Осының салдарынан мал бастары өнімділіктері қыс айларында (байлауда болғанда) жаз айларына қарағанда, керісінше жоғары болып жүр, демек, жедел мал азығындық, оның ішінде көп-жылдық өсімдіктер тұқымдары өндірісін қайта қалыптастыру қажеттілігі туындайды.
Бірақ, бұл мәселені нарықтық жағдайда шешуде бір жағынан еркін баға мал азығындық өсімдіктер тұқымдарын өндіруді тиімді етсе, екінші жағынан, оны тұтынушылар үшін қымбат тауарға айналдырып отырғандығын да айтпауға болмайды. Сондықтан, бұл жерде де аталған проблема мемлекеттік реттеу тетіктерінсіз шешілмейді деуге болады.
Кәкімжан САРХАНОВ,
«Асыл түлік» АҚ ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.