27 Желтоқсан, 2013

Қарашығанақтың «Күміс Парызы»

320 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында болып өткен «Парыз-2013» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурс қорытындысын шығару салтанатында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша күміс марапатқа ие болды. Бұл салтанатты марапаттау шарасына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Премьер-Министр Серік Ахметовтің, Үкімет мүшелері мен басқа да ресми тұлғалардың қатысуы оған ерекше мәртебе берді.  

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында болып өткен «Парыз-2013» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурс қорытындысын шығару салтанатында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша күміс марапатқа ие болды. Бұл салтанатты марапаттау шарасына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Премьер-Министр Серік Ахметовтің, Үкімет мүшелері мен басқа да ресми тұлғалардың қатысуы оған ерекше мәртебе берді.  

 

ҚПО «Күміс Парызды» Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы жалпы білім беретін мектеп құрылысы әлеуметтік жобасын жүзеге асырғандығы үшін ие болды. Мектептің жаңа ғимараты үш қабаттан және бір кешенге біріктірілген бес блоктан тұрады, ол 1200 оқушыға арналған.

ҚПО мектепті тек қана салып қа­на қойған жоқ, сонымен қа­тар, оны толық жабдықтады. Бі­лім ордасында сапалы білім беру үшін барлық қажеттіліктер, соның ішін­де еңбек дәрістерін өткізуге арналған шеберхана, медицина қызметкерінің бөлмесі, кітапхана, тіл үйрету сыныптары, бастапқы әскери дайындық дәрістерін өткізуге арналып жабдық­талған бөлме, асхана және басқа да арнаулы орынжайлар бар.

«Қарашығанақ Петролиум Опе­рейтинг Б.В.» консорциумы игеріп жатқан Батыс Қазақстан облысында орналасқан Қарашығанақ мұнай-газ конденсатты кеніші әлемдегі аса ірі кен орындарының бірі болып саналады. Бүгінгі таңда Қарашығанақ Қазақстанда өндірілетін газдың 44 пайызын және сұйық көмірсутегінің 14 пайыздан астамын береді. Бұл инвестицияның жалпы көлемі 17 миллиард АҚШ долларынан астам болатын Қазақстандағы халық­аралық ірі жобалардың бірі. Со­ны­мен қатар, Қарашығанақ тек көмірсутегінің аса ірі қоры ғана емес. Консорциум, міне, 15 жыл бойы Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бұған қоса компания өзінің негізгі өндірістік нысандары Батыс Қазақстан облысында орналасқандықтан жергі­лік­ті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға да игі ықпал етуде.

Компания қызметінде негізге алынған басты қағидаттар қа­тарын­да өнеркәсіптік қауіп­сіздікті қамта­ма­сыз ету, ең­бекпен қоршаған ор­таны қор­ғау, корпоративтік бас­қару­дың заманауи әдістерін қол­дану, Қазақстандық үлес көлемін ұлғайту, ұлттық кадр­ларды дайындау бағдарламасын жетілдіру және халықты әлеуметтік тұр­ғыдан қолдау шаралары енгізіл­ген. ҚПО базалық қағидаты – өндірістік қызметті орнықты дамыту және әріптестіктің әлеуметтік жауапкершілігі қағи­дат­тарына сәйкес жүргізу.

ҚПО консорциум әріп­тестерінің және облыс әкімдігінің қолдауымен компанияның көптеген қызмет­кер­лері тұрып жатқан БҚО тұр­ғын­дарының, әл-ауқатын жақсартуға үлесін қоса отырып бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі мәселесінде үлгілі компания ретінде жұмыс жүргізуге ұмтылуда.

Қарашығанақтың инвестициялары Батыс Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруына көп жағдай жасап жатыр. Оны анық көруге болады. ҚПО жыл сайын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 20 миллион АҚШ долларын бөліп келеді. Бұл қаржыға әр жылда бірнеше әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Нысандардың тізімі мен артықшылығы жұртшылықты қатыстыра отырып облыс басшы­лы­ғы айқындайды. ҚПО әлеуметтік бағдарламасының негізгі бағыты денсаулық сақтау, білім беру, мә­де­ниет және спорт нысандарын салу болып табылады. Бұл орайда, әлеу­меттік жобалардың құрылысы тек қазақстандық мердігерлердің күшімен атқарылатындығын атап айтқан жөн. Мұның өзі өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына қуатты серпін беруде.

Мәселен, 2012-2013 жылдары «100 мектеп, 100 аурухана» мем­ле­кеттік бағдарламасы ая­сын­да ҚПО қатысуымен облыс­та 5 жаңа мектеп салынды. Олардың біреуі Орал қаласында, ал төртеуі жекелеген аудандарда; соның ішін­де Ақжайық ауданының Ақсуат кентінде, Қаратөбе ауда­ны­ның Үшағаш кентінде, Теректі ауда­ны­ның Көнекеткен кентінде және Ақжайық ауданының Сайқұ­дық кентінде орналасқан. Мұның сыртында ҚПО қаржысына Орал қа­ласында балаларбақшасы тұр­ғы­зылды. Жол құрылысы жүргізіліп, жөндеуден өткізілді. Облыстың Бөрлі ауданы Ус­пеновка кентіндегі мектепке күрделі жөндеу жүргі­зіл­ді. Сондай-ақ, Березовка және Успеновка кенттеріндегі сумен қам­ту жүйелеріне және Бөрлі ауда­нының Жарсуат кентіндегі мектеп шеберханасына күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Басқа да, бірқатар шаралар жүзе­ге асырылды.

Бұрынырақ «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы облыста бір­қа­тар, әлеуметтік мәні бар құры­лыстарды жүргізген еді. Мәселен, Орал қаласындағы Салтанат үйінің, Бөкей ордасы ауданының шалғайда жатқан Бисен кентіндегі отбасылық-дәрігерлік амбулатория, Теректі ауданы Сары­өмір кентіндегі Мәдениет үйі және Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау кентіндегі музыка мектебі құры­лыс­тарын пайдалануға берді.

ҚПО бас директоры Да­миано Ратти бұл әлеуметтік жобалардың сәтті жүзеге асуы ҚПО мен Батыс Қазақстан облысы басшылығының арасында қалыптасқан жемісті ын­тымақтастық және әріптестік қа­­т­ынастар нәтижесінде мүмкін бол­­­ған­дығын атап көрсетті. Мә­се­лен, «Парыз» сыйлығына ие болу жайына түсініктеме берген Дамиано Ратти «Біз үшін бұл марапат – компанияның өңірдегі әлеу­меттік инфрақұрылымдарды дамы­ту ісіне қатысуына берілген жоғары баға. Жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізе отырып ҚПО Қарашығанақ кен орнын игеруден алынған игі­лік­тердің өңірдің және бүтіндей алғанда Қазақстан Республикасы тұрғындарының жағдайын жақсарту ісіне жұмсауды көз­дейді», деді.

1998 жылдан бастап ҚПО-ның әлеуметтік салаға салған инвес­ти­ция­ларының жалпы көлемі, 2011 жыл­дың соңында пайдалануға бе­ріл­ген «Қарашығанақ-Орал» газ құ­быры құрылысын қосқанда 565 миллион АҚШ долларынан асып түсті.

Сонымен қатар, ҚПО компаниясы жергілікті халықты қолдауға бағытталған басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, Қарашығанақ кен орнына таяу орналасқан Бөрлі ауданының бес ауылдық округі (Березовка, Успеновка, Приуральный, Жарсуат, Қы­зылтал) балаларының жазғы демалыстарын «Талап» сауықтыру лагерінде өткізулерін дәстүрлі түрде ұйымдастырады. Биылғы жылы лагерьде 7-ден 14-ке де­йінгі жас ара­лығындағы 160 бала демалды. Ал жобаны жүзеге асырудың бүкіл ке­зе­ңінде, яғни 2004 жылдан бас­тап 2013 жыл аралығында ҚПО қа­ржысына «Талап» сауықтыру ла­герінде 1200-ге жуық бала демалды.

Сондай-ақ, кен орнының маңайында орналасқан ауыл­дардағы 160 зейнеткер үшін шипажай-курорттық емдеуді ұйымдастыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл баста­маның қолға алынып, іске асырылып келе жатқанына да көптеген жылдар болды. Бұның сыртында ҚПО жергілікті халықтың дамуы бойынша басқа да ұзақ мерзімді бағдарламаларды қолға алып отыр. Солардың қатарында Жылжымалы өнер мектебі, Ағылшын тілін оқыту жобасы, Қарашығанақ кен орнының маңайында орналасқан ауылдық округтер мен Ақсай қаласындағы оқушылар үшін гранттар мен стипендиялар беру бағдарламасы бар.

Инвесторлар консорциумы (оның қатарына таяуда қосылған «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясы да кірді) Қарашығанақ кен орнын кең көлемді игеруге құқықтық не­гіз қа­ла­ған Өнімді бөлу жөніндегі негізгі ке­лісімге қол қойған. 1997 жыл­дан бе­рі Ба­тыс Қазақстан облысының әлеуметтік бейнесі айтарлықтай өз­герді. Сондықтан да, бұл өңір тұр­­­ғындары ҚПО қаржысына тұр­ғы­­зылған нысандарды ла­йықты мақ­таныш етеді. Бұл нысандардың бар­лығы әлемдік стандарттарға сәй­кес сапалы салынған. Енді өңірдің көр­кеюі де ҚПО-ның белсенді қа­тысуымен тұрғызылған әлеу­меттік құрылыстарымен тығыз байланыста екендігі ақиқат. Қарашығанақ кен орнын игеруден мейлінше мол табысқа кенелу, бұл – тек пайданы арттыру деген сөз емес. Ол сондай-ақ, ҚПО-ның өңір тұрғындарымен ұзақ мерзімді мығым әріптестік қатынасының қалыптасқанын да айғақтайды. Иә, ҚПО-ның жақында алған жоғары марапаты – осының нақты бір дәлелі.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Суретте: Қарашығанақ Петро­лиум Оперейтинг Б.В. бас директоры Дамиано Ратти мен «Жайықауылқұрылыс» ЖШС-нің өндіріс жөніндегі  директоры Жаслан Мырзаболатов.

 

Соңғы жаңалықтар