Елорда • 22 Ақпан, 2021

Елордада карантин талаптарын бұзып келген 20-дан астам мекеменің қызметі тоқтатылды

230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бөлімінің басшысы Азамат Садықов онлайн брифингте карантиндік шаралардың сақталуын анықтау мақсатында 540 рейд жүргізілгенін мәлім етті. Бұл туралы Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада карантин талаптарын бұзып келген 20-дан астам мекеменің қызметі тоқтатылды

«Қала аумағында карантин шараларының жалғасуына байланысты Полиция департаменті шағын және орта бизнес объектілерінің, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтарының карантин режимін сақтауына қатысты алдын-алу жұмыстарын жүргізуде. Эпидемиологиялық талаптарды бұзатын объектілер – көңіл көтеру орындарына, дәмханалар мен мейрамханаларға, караокелер мен барларға және сауда орталықтарына ерекше назар аударылады», дейді Азамат Садықов.

Ол өз сөзінде учаскелік полиция инспекторларынан, СЭС-тің, аудандық әкімдіктердің өкілдері мен еріктілерден құралған мобильді топтар рейдтік іс-шаралар жүргізіп, карантин режимін бұзушыларды анықтап жатқанын айтып өтті.

Осы жылдың басынан бері мобильді топтар 540 рейд жүргізіп, 340 карантин режимін бұзу фактісін анықтады:

- түнгі клубтарда, дәмханаларда, мейрамханаларда, компьютерлік клубтарда – 278;

- шаштараздарда, массаж салондарында, сауналар мен сұлулық салондарында – 17;

- дүкендерде, сауда орталықтарында, базарларда – 35.

«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті МАӘС-қа 40-тан астам мекемеге қатысты 50-ден аса материал (ӘҚБтК-нің 462-бабы) жолдаған, материалдар қаралу сатысында. МАӘС шешімімен 20-дан астам мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылып (ӘҚБтК-нің 462-бабы), қызметі тоқтатылды. Карантин режимін бұзу фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда және тұрғындармен карантин режимін сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», деп ведомство өкілі сөзін аяқтады.