27 Желтоқсан, 2013

Ойылдағы оң өзгерістер

340 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өңірге танымал ақын-сазгер Жолдыбай Айтқұлов «Ойдағы елім – Ойылым» деп жырға қосқан бұл аудан бірыңғай мал шаруашылығымен айналысады. Оның үстіне облыс орталығынан да, экономиканың күретамыры болып табылатын теміржолдан да шалғайда орналасқандықтан күні кешеге дейін әлеуметтік игіліктерден кенжелеу қалып келгені шындық. Жетпіс жыл бойы Қобдамен екі ортадағы 140 шақырым күре жолдың азабын тартып келгені де рас. Бұл проблема қазіргі сенатор Елеусін Сағындықов облыс әкімі болып тұрғанда оң шешімін тауып, осы жолға қатты жамылғы төселген болатын. Жол қатынасы жақсарғаннан кейін ойылдықтардың бойында ертеңгі күнге деген сенім ұялап, өз шаруаларын жүргізуге деген талпыныс пайда болды. Оны жақында ауданда болған іссапарымызда айқын аңғардық.

Өңірге танымал ақын-сазгер Жолдыбай Айтқұлов «Ойдағы елім – Ойылым» деп жырға қосқан бұл аудан бірыңғай мал шаруашылығымен айналысады. Оның үстіне облыс орталығынан да, экономиканың күретамыры болып табылатын теміржолдан да шалғайда орналасқандықтан күні кешеге дейін әлеуметтік игіліктерден кенжелеу қалып келгені шындық. Жетпіс жыл бойы Қобдамен екі ортадағы 140 шақырым күре жолдың азабын тартып келгені де рас. Бұл проблема қазіргі сенатор Елеусін Сағындықов облыс әкімі болып тұрғанда оң шешімін тауып, осы жолға қатты жамылғы төселген болатын. Жол қатынасы жақсарғаннан кейін ойылдықтардың бойында ертеңгі күнге деген сенім ұялап, өз шаруаларын жүргізуге деген талпыныс пайда болды. Оны жақында ауданда болған іссапарымызда айқын аңғардық.

Аудан орталығына кештетіп келгенімізде көшелердегі самаладай жарқыраған электр шамдарын көріп көңіліміз марқайып қалып еді. Ертесіне бірқатар көшелерге қатты жамылғы төселіп, тротуар­лар жасалғанына көзіміз жетті. Тіпті көшелердің бойына тым тәуір суағарлар салыныпты. Ал, орталық көшелердің тұрғындар жүретін жерлеріне темір-бетон плиталар төселген. Жаңадан саябақ ашылып, екінші саябақ құрылысы басталып та кетіпті. Жаңадан салынған сот және прокуратура, аудандық аурухана ғимараттары ауылдың ажарын аша түскен. Жаңадан салынған тұрғын үйлер де көркімен көз тартады. Тіпті, бұл өңірде болмаған екі қабатты коттедж үйін салып жатқандар да кездесті. Бұл біздің сырт көз ретінде байқаған өзгерістеріміз ғана. Жалпы, аудан­дағы өркениетке ұмтылудың қадамдары, тұрмысты түзеудің талпыныстары бұдан да ауқымды жұмыстармен жүлгелене түседі.

Аудан әкімі Мавр Абдуллиннің билік тізгінін ұстағанына бір жылдың жүзі болды. Бірақ, осы өңірдің тумасы болып келетін оған аудан өмірі бұрыннан таныс. Ол осында еңбек жолын бастап аудан әкімінің орынбасарлығына дейін көтерілген азамат. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасарлығынан осы қызметке келді.

Біз жылышырайлы жүздесу­дегі әңгіме арнасын ауданның эко­номикалық даму бағыттарына бұрғанымызда Мавр Ерғалиұлы да көп тостырмай өндірістік көрсеткіштерге көміп тастады. Оларды ой-санамыздан өткізіп, іріктеп айтқанда былайша өрілер еді.

Аудан бойынша үстіміздегі жылдың тоғыз айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 340,9 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 105 пайыз құраған. Есепті кезеңде ауыл­шаруашылық өнімдерін өндіру көлемі 3842,0 миллион теңге болып, былтырға қарағанда 100,7 пайызды құраған. Ет, сүт, жұмыртқа және жүн өндіру ана­ғұрлым артқан. Осы кезеңде негізгі капиталға 1150,0 миллион теңге инвестиция салынып, бұл көрсеткіш те асыра орындалды. Ауданның елді мекендерінде 32 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген.

 Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріліп келеді. Соның ішінде бұрындары жұмыс істемей тұрған кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету арқылы олардың белсенділігін арттыруға қол жет­кізілген. Кәсіпкерлік субъек­тілерінің белсенділігі 64,3-тен 87,4 пайызға көтерілген. Сөйтіп, тіркелген 587 шағын және орта бизнес нысандарының 513-і бел­сенділер қатарына енген. Есепті кезеңде олардан бюджетке 10,9 миллион теңге түсім түскен. Үсті­міздегі жылдың тоғыз айында 230 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Ауданның жергілікті бюджетінің кіріс жоспары 100,6 пайызға орындалды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 80,0 миллион теңге игеріліп, үш білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы сметалық-жобалау құны 291,8 миллион тұратын Ақшатау және Құмжарған негізгі мектептерінің жаңа ғимараттары пайдалануға берілген көрінеді.

 «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бөлінген 5,0 миллион теңге қаржы толық игеріліп, болашақта салынатын 70 тұрғын үйге 20,0 миллион теңгеге инфра­құрылым жасақталуда екен.

 Аудан бойынша тарының әр гектарынан 7 центнер, картоптың әр гектарынан – 101, көкөністен – 120 және бақша өнімдерінен 261 центнер өнім жиналды. Шыны керек, ойылдықтардың тіршілігі негізінен мал өсіруге тәуелді. Қазіргі таңда шаруа қо­жалықтары мен шаруашылық құрылымдарында 32837 ірі қара, 160 мың қой, 4711 жылқы қысқа түспек. Оларды қыстан шығынсыз алып шығу үшін 87300 тонна мал азығы дайындалып, қыстақтарға және жеке тұрғындарға жеткізіл­ген.

«Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында ауданның елді ме­кендерін, құрылыстарын жөндеу, көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Былтыр осындай жұмыстар 106 миллион теңгеге орындалса, биыл 117,5 мил­лион теңгеге 62 әлеуметтік нысанға құрылыс-жөндеу және абаттандыру шаруалары тындырылуда екен.

–  Біздің өңірдің негізгі өндірістік бағыты мал шаруашылығы болып табылады. Сондықтан төрт түлікті өсіру мен мал азығы өндірісін дамытуға басымдық берілуде. Қазір мал тұқымын асылдандыру жұмыстары қолға алынды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын онға жеткізіп, асыл тұқымды қойды көбейтіп, үлкен аукцион өткізу ойымызда бар. Сонда біздің асыл тұқымды еділбай қойларымызға сұраныс қалыптасады деп ойлаймын. Сондай-ақ, мал азығының мол қорын жасау мүмкіндіктері қарастырылуда. 4800 гектар ша­бын­дық жер учаскесі бойындағы «Қиыл» лиманды суландыру жүйесін қалпына келтіру де алдағы күндер еншісіндегі шаруа, – дейді ол өңір үшін өзекті мәселелерді тарата айта келе.

Ауданда шешімін күткен істер де баршылық. Өмір болған соң бір орында тұрып қалуға болмайды, ілгерілеудің қамын ойлау керек. Аудан әкімі Мавр Абдуллинді Ақжар елді мекеніне ауыз су құбырын жүргізу, Амангелді ауы­лында мектеп салу, Қараой село­сында балабақша ашу, Сарал­жынға клуб үйін салып беру де ойлантады. Бірқатары басталып та кетті. Соның бірі Ойыл селосына 95 шақырым жердегі Бай­ғанин ауданынан диаметрі 400 мм. жоғары қысымды табиғи газ құбырын жүргізудің техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасы арқылы Мұнай және газ министрлігіне жолданып та қойыпты. Сметалық құны 3200 миллион теңге құрайды екен. Биыл жобалау-сметалық құжаты жасалып қойылыпты. Енді жоға­рыдан келісім болса, көгілдір отынның қызығын ойылдықтар да көретін кез қашық болмас, сірә. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын ашудың, туризмді дамытудың бастамалары да бар. Әкім Мавр Абдуллин ауылда жұмыссыздық жоқ, кейбір жатыпішерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша ашылған жұмыстардың өзінен бас тартатынын да жасырмады. Әйтеуір тілін тауып, жұмысқа тартып жүр­гендерін жеткізді.

Ауданда мәдениет үйі, мұражай және кітапханалар жұмыс істеп тұр. Былай қарасаң да, олай қара­саң да дүкен, асхана, дәмхана кездеседі. Тіпті, сыйымдылығы жоғары мейрамханалар да салына бастаған. Барлық ауылдарда да тап осылай ілгерілеуге із салынған. Оны ауылдың ішкі-сыртқы келбеті мен тұрмысынан айқын аңғаруға болады. Әрине, бұл салаларда да ойласа шешетін мәселелер баршылық. Ең бастысы, халық ауданның ертеңіне сенімді.

Қазір аудан орталығынан Ақтөбеге автобус қатынайды. Алайда, халық жүрдек те жұмсақ жеңіл таксилерді қолайлы көреді. Жолақысы анағұрлым қымбат болса да, солай. Шағын ғана аудан орталығында таксилердің көбейгендігі болар, диспетчерлік қызмет жұмыс істейді, тапсырыс берсең үйден келіп алып кетеді. Біз де соның игілігін көрдік. Мұның өзі Ойыл ауданы тұрғындарының тұрмысын түзей бастағанын аңғартады.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар