Алматыда “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы кеңес халқының жеңісі және қазіргі кезең” атты ғылыми-теориялық конференция өткен еді. Алматы қалалық ардагерлер кеңесі, “Нұр Отан” ХДП-ның ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде болған жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ғалымдар қатысып, ел басына төнген ауыр жылдар жөнінде баяндады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференцияда неміс-фашист басқыншыларымен шайқастағы аға ұрпақтың қаһармандық өшпес ерлігі және жас ұрпақтың қасиетті Отан алдындағы парызы әңгіме өзегіне айналды.
– Фашистік басқыншылардың Кеңес Одағының халқына әкелген қасіреті мен қайғысы орасан. Олар одақ бойынша 1710 қаланы және 70 мыңнан астам селоларды өртеп, тұрғындардың дүние-мүлкін тонап, күл-талқанын көкке ұшырды. Сонымен қатар, 32 мың өндірістік кәсіпорын, 100 мыңдай колхоз және екі мыңға жуық совхоз осындай ойранға ұшырады. Ең бастысы және ешқашан орны толмайтын өте ауыр жарақат – ол адам өмірі болатын. Еліміз сұрапыл соғыста 20 миллионнан астам ұлдары мен қыздарынан айырылды. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, Қазақстан Кеңес Одағының фашизмге қарсы жойқын шайқасындағы жеңісіне айтарлықтай мол үлес қосты.
Қазақстандықтар қанды майданда қаһармандық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті, 602939 адам жас ұрпақтың бақытты болашағы үшін ерлікпен қаза тапты. Кеңес Одағының батырлары, Халық Қаһармандары, қазақ халқының ержүрек қыздары – Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың есімі мәңгіге ел есінде қалды. Елімізде соғыс қасіретін тартпаған бірде-бір шаңырақ қалған жоқ. Сондықтан да миллиондаған майдангерлердің өмірімен, аналардың көз жасымен келген Жеңісті қадірлеп, құрметтейік. Жастар аға ұрпақтың ұлағатына адал болсын,– деді Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхутдинов өз ойын ортаға салып.
Шын мәнісінде де, бүгінде Ұлы Отан соғысын өз көзімен көрмеген, оның ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр азабын бастан кешпеген кейбіреулердің Ұлы Жеңіс туралы ойға сыймайтын орынсыз пікірлер айтуы көпшіліктің, әсіресе оқ пен оттың ортасынан оралған майдангерлер жанына үлкен жарақат салуда. Бүгінгі бақытты өмір үшін жастар аға ұрпақтың алдында мәңгі қарыздар және келешекте де Отан қорғаушыларға деген қадір-құрмет одан әрі көбеймесе азаймақ емес. Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтың айтуынша, “құрылғанына небәрі жиырма жыл ғана болған жап-жас мемлекеттің сақадай-сай қаруланған фашистік Германияны ойсырата жеңуі шындығында да орасан ерлік”. “Ең бір таңғаларлығы, халықтың сол кездегі тұрмыстық жағдайы нашар болғанына қарамастан, олар жоғары ынтымақтастық пен ұлы достықтың, мызғымас бірліктің үлгісін танытып, Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Мыңдаған ұлдарымыз, қыздарымыз “туған Отан үшін” деп қыршынынан қиылды. Бүгін де, ертең де және келешекте де олардың алдында бәріміз мәңгі қарыздармыз. “Соғыс бізден ақиқатты талап етеді, сол себептен де оны бүгін кейбіреулердің бұрмалауының қажеті жоқ. Сондықтан да, тәуелсіз Қазақстан халқы, біздің бәріміз, ел игілігі үшін жан аямай еңбек етуіміз қажет” дейді Сағадат Нұрмағанбетов.
Азаматтық ұстанымы мығым, туған елінің бақытты болашағы үшін отқа түскен майдангерлер ерлігі төңірегінде баяндаған “Нұр Отан” ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Амангелді Каримуллин “бүгінгі бейбіт аспан үшін” оларға мәңгі қарыздар жандар атынан өз алғысын білдірді. Кәмелеттік жасқа толар-толмастан қолдарына қару алып, лаулаған от пен өлім уын сепкен майдан даласына аттанғандар туған жерді сүюдің, патриотизмнің озық үлгісін көрсеткендігі жөнінде жиында сөз алғандар жан-жақты түрде айтып берді. Ұлы Жеңіске және қазіргі кезеңге арналған ғылыми-теориялық конференцияның секциялық отырысында ғалымдар Ұлы Жеңістің әлеуметтік-саяси аспектілері және қазіргі кездегі жергілікті соғыстардың маңызды проблемаларын тілге тиек етті.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жиында көпшілік көптен күткен қуанышты хабарды жария етті. Қазақ халқының аты аңызға айналған батыр ұлы – Бауыржан Момышұлына Алматыдағы 28 Панфиловшылар паркінде ескерткіш орнатылатындығы хабарланды. Сонымен, ер есімі ел есінде мәңгі қала бермек.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
АЛМАТЫ.