Бүкіл ғылыми еңбек жолын қазақ тілі біліміне сарп еткен көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Әсет Болғанбаевтың туғанына 85 жыл толуына арналып академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Тіл танудағы ірі тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бүкіл ғылыми еңбек жолын қазақ тілі біліміне сарп еткен көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Әсет Болғанбаевтың туғанына 85 жыл толуына арналып академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Тіл танудағы ірі тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Білікті лингвист тұрғысында елімізден де сыртқары жерлерге танымал болған тіліміздің қайсар қайраткері қазақ лексикографиясына айтулы үлес қосуымен ерекшеленеді. Осы ілім саласындағы алғашқы зерттеулері тұрақты ізденіске ұласып, ғылыми еңбектері толықтырылып, жинақталып 1962, 1975 және 1998 жылдары «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» деген атпен жарық көрді. Алғашқы нұсқасында 4 мың сөз болса, соңғысында 9 мың сөз қамтылып, синонимдік қатарға ортақ сипаттама берілді. Ана тіліміздің сөз байлығының нақты айғағы ретінде бұл еңбектер құнды мұра саналады.
Ә.Болғанбаев, сонымен бірге, қазақ тілінің тұңғыш түсіндірме сөздіктерін 2, одан соң 10 том етіп шығаруға қатысқан беделді авторлардың бірі болуымен белгілі. Ол, сондай-ақ, 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы», қысқаша 5 томдық «Қазақ КСР энциклопедиясы», 1 томдық «Қазақ тілі энциклопедиясы» тәрізді белді басылымдардағы сөздік ұяларын жасауға сүбелі үлес қосты.
Аталған конференцияға қатысушылар алдында ғалымның тіл ғылымындағы осындайлық сан қырлы еңбегі жан-жақты зерделеніп, ортаға салынды. Бұл туралы филология ғылымдарының докторлары Алмагүл Әділова, Шолпан Тоқсанбаева, Шапағат Жалмаханов, Берік Рахимов және басқалары баяндамаларында кеңінен сөз қозғады. Секциялық мәжілістерде аймақ мектептері мұғалімдері мен тіл біліміне талапкер оқушылар да ғалым еңбектеріне тоқталып, құндылығын жоймайтын ғылыми негіздерін талдап, атап көрсетті. «Тілдерді оқытудың интенсивтік-интерактивтік технологиялары» шеберлік сабағы конференция мәнін арттырды.
Қарағанды өңіріндегі Ақтоғай ауданынан қанаттанып, үлкен ғалым атанған азамат есімі туған топырағына қастерлі. Үшарал ауылындағы негізгі мектеп Әсет Болғанбаев атымен аталады. Ақтоғай ауданының құрметті азаматы атағы берілген.
Ана тіліміздің әр сөзін қызғыш құсша қорғаған ғалымның еңбектері ұмытылмауын, ұлттық мұрамызға қасиетті істі алға апарушы шәкірттері аз еместігі осынау алқалы жиында тағы бір танылды.
Айқын Несіпбай,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.