Тарих • 23 Ақпан, 2021

Ақтаңдақты ғылыми тұжырым ғана айқындайды

602 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тарих ғылымы басқа гуманитарлық ғылымдармен салыстырғанда, мемлекет тарапынан әділетті қолдауға аса мұқтаж. Мұның себебі өткен ғасырда оның шын мәнінде «сарай ғылымына» айналып, тоталитарлық жүйенің біржақты саясатын бұқара арасында насихаттаушы қуатты идеологиялық құралға айналуында жатыр. Шүкіршілік, еліміз тәуелсіздік алған соң тарихымыз да сая­си еркіндікке, рухани дербестікке қол жеткізді. Енді тарихшылар ақиқатқа негізделген тәуелсіз ойларын өз зерттеулерінде қаймықпай, жалтақтамай жаза алатын жаңа заман мүмкіндігіне ие болды.

Ақтаңдақты ғылыми тұжырым ғана айқындайды

Тәуелсіздік бұрын қоғам назары­нан барынша жасырын, әдейі де қаса­қана, қағаберіс ұсталған жаңа тарихи тақы­рыптарды зерттеуге жол ашты. Осындай маңызды мәселенің бірі – Қазақстандағы ашар­шылық тарихы еді. Мемлекеттік орган­дар арасында мұны ең алдымен түсінген Қазақстан өкіметі болды. Пар­ламент 1992 жылы-ақ бұл мәселеге ба­са мән беріп, арнайы мемлекеттік комис­сия ұйымдастырып, оның алғашқы тұжы­рым­дарын халыққа ұсынған болатын. Онда негізінен ашаршылықтың себеп­терін, сипатын және ауыр салдарларын анықтауға байланысты өзіндік, жаңа қадамдар жа­салды. Сонымен қатар осы алғашқы Пар­ламент комиссиясы бұл мәселе әлі де тия­нақты түрде жан-жақты зерттелуі тиіс екен­дігін ескертті. Алайда тарихымызда зерттелмеген басқа да ақтаңдақтардың көп болуына байланысты бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы көңіл бөліп, еңбектерінде бірнеше рет атап көрсеткеніне қарамастан, тарих ғылымында осы тақырыптағы жүйелі зерттеулер өз деңгейінде бола қоймады. Мұның ғалымдардың дайындығына қатысты субъективті себептері де бар еді. Ғылыми орта тәуелсіздікпен келген тосын үдерістерге жедел бейім­деле алмай, жекелеген ғалымдар ғана осы бағыттағы өздерінің ғылыми ізденіс­терін қоғам назарына ұсына алды.              

Енді, міне, осыны байқаған Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев қо­ғам назарын тарихымыздағы аса қасірет­ті мәселеге қайта аударып отыр. Мұн­дайда мемлекеттік басқарушы және заң шығарушы органдар арасында Сенат депутаттарының белсенділік танытып, ғалымдармен бірге жақында ғана астанада «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы көз­қарас» тақырыбында дөңгелек үс­тел ұйым­дастыруы, яғни маңызды мә­селеге тағы да арнайы қозғау салуы қуантады. Осы қажетті іс-шараны кіріспе сөзімен ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық апатын «адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті» ретінде сипаттай келе, оны тарихымызды «саясиландырмай, ең алдымен оған ғылыми тұрғыдан» қарауды ұсынды. Өте орынды ай­тылған пікір қоғамда түсіністікпен қа­былдануы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені кезінде тарихшылар саяси көзқарастар жетегінде кеткен, тарихтың ақиқатын анықтауға саясат кедергі келтірген, сон­дықтан да тіптен ащы шындық туралы ға­лымдар ауыз ашпаған немесе тарихи зерттеулерде көпе-көрінеу бұрмаланған кезеңді де бастан өткіздік емес пе?

Оның үстіне ашаршылық тәріз­ді, не­гізінен алғанда, қазақтың дәстүр­лі қо­ғамын күшпен қиратудан туын­даған аса ауыр және қасіретті мәселені қоз­­ға­­ғанда оның бәрінен бұрын бұ­рын­ғы тоталитарлық жүйенің әлеуметтік-ша­­руашылық оспадар қате және со­лақай реформаларының салдары екен­дігін ұмытуға тиіс емеспіз. Мұндай мәсе­лелерді саясиландыру немесе идео­логияландыру ақиқатқа апарар жолды қиындата түседі. Осы қырғындағы не­гізгі құрбандық қарапайым, саясаттан алыс қазақ халқының қалың бұқарасы бо­луы да бұл мәселені саясиландыруға әуестенбеуге шақыратындай. Тарихы­мыздағы осы ауыр мәселе тарих ғылы­мында шынайы қорытынды жасауға мұқтаж екендігін мойындауымыз тиіс.

Рас, тәуелсіздік тұсында ашаршы­лықты зерттеуде біраз жұмыс жасалды. Тіптен бұл бағыттағы шетелдік зерт­­­теушілердің зерттеулеріне де көңіл бө­ліне бастады. Ғалымдарымыз кезінде америкалық Роберт Конквесттің ең­бектерінен ғана хабардар болып келген болса, тәуелсіздік тұсында осы мәселеге қа­тысты Роберт Киндлердің, Стивен Уиткрофтың, Роберт Дэвистің, Николо Пианчеллоның, Сара Камеронның және басқалардың еңбектерімен, көз­­қарас­тарымен танысуға да мүм­кін­дік алды. Алайда қазақ болмысын жақсы біле бермейтін мұндай ға­лым­дардың көзқарастары оларға сын көз­бен қа­рау­ды да қажет ететінін айта кет­кені­міз жөн. Олардың арасында қазақ тілін­де сөйлей алатыны – жалғыз Сара Ка­мерон. Дегенмен шетелдіктерден де үй­­ренетін нәрсе баршылық. Олар әдет­те осы мәселені саясиландырудан қаш­қақ­тайды және қазақ ашаршылығын басқа аймақтардағы (Украинадағы, Еділ бойындағы, Солтүстік Кавказдағы) осын­­­­­дай қасіреттермен салыстыра кең ауқым­да қарастыруға бейім. Мұ­ның өзі қазақ даласында орын алған зұлматқа сырт көз­­бен қарап, мәселенің субъективті және объективті себептерін айқындай түсуге мүмкіндік береді.

Қалай десек те, ашаршылық тақы­ры­бын қарастырғанда, Сенат Төраға­сы­­ның атап көрсеткеніндей, бәрінен бұрын «ғылыми көзқарасқа басымдық бе­руі­міз керек. Себебі халқымызға ашар­­шы­лықтың ащы ақиқатын ға­лым­дары­мыз ғана ашып, дәлелді түр­де жеткізе алады. Жал­­­п­ы, тарихи тақы­рыптарға қа­тысты қо­ғам­­дық ой ғылыми пікірге негізделуі керек».

Қорыта айтқанда, Президентіміздің осы мәселеге қатысты арнайы пікір біл­діріп, өткір тақырыпты жаңаша зерт­теу­ге шақыруы, оны Сенат депутат­тарының нақты іс-әрекетпен қолдауы бізді, зерттеушілерді жаңа ізденістерге ұмтылдырып, әсіресе тарихшылар арасында қайшылықты да ауыртпалыққа толы тарихымызды анықтай түсуге деген құлшыныс туғызары сөзсіз.

 

Талас ОМАРБЕКОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі