Қоғам • 23 Ақпан, 2021

Адвокат абыройы немен өлшенеді?

1644 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Адам құқын қорғау. Адвокаттың басты мақсаты, міне, осы. Сол себепті заң үстемдік құратын елдерде бұл мамандық иелеріне деген сұраныс та, құрмет те жоғары. Осыдан оншақты жыл бұрын қоғамда «тас лақтырсаң, заңгерге тиеді» деген пікір жиі айтылатын. Конвейерден шыққандай көбейіп кеткен заңгерлердің заң саласында бәсекелестікті бәсеңдетіп жібергені рас. Алайда уақыт бәрін өз орнына қойды.

Адвокат абыройы немен өлшенеді?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, EQ

Бірінші біліктілік бағаланады

Қазақстанда қазіргі таңда 5,5 мыңнан астам адвокат бар. Республикалық адвокаттар алқасының мәлімдеуінше, елімізде 150-ге жуық адвокаттық кеңсе заңгерлік көмек көрсетеді екен. Жыл са­йын миллиондаған сот ісі жүргізілетінін ескерсек, бұл сан тым көп емес. Себебі бір адвокаттың орташа есеппен бір айда 20-30 істі қатар алып жүретіні белгілі. Ал жүктеменің көптігі адвокаттық қызмет­тің сапасына теріс әсерін тигізері сөзсіз. Мұны осы мамандықтың иелері де жоққа шығармайды.

Бізде «Адвокаттық қызмет туралы» заң бар, адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексі де қабылданған. Алайда адво­катураға қатысты қоғамда айтылып жүр­ген пікір сан алуан. Қазақстанда кім­дер адвокат бола алады? Судьяның әділ үкім шығаруына олардың ықпалы қандай? Адвокатурада кәсіби біліктілік немен бағаланады? Қоғамда үлкен дау тудырған қылмыстық істерде әділдіктің салтанат құруына қол жеткізген адвокаттар бар ма? Адам құқын қорғау неге қымбат? Қандай факторлар адвокаттың атына кір келтіреді? Көптің көкейінде жүрген осы және өзге де сұрақтарды бірнеше құқық қорғаушыға қойған едік. Осы мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен заңгерлер – Нұр-Сұлтан қаласының адвокаттар алқасының адвокаты Әсел Тоқаева, «Фемида Қазақстан» заңгерлік орталығының құрылтайшысы Ләззат Ахатова, Алматы облысының адвокаттар алқасының адвокаты Алмас Салпеков, Ақмола облысының адвокаттар алқасының адвокаты Ардақ Батиева әділдік үшін күресте құқық қорғаушыға біліктілігі мен білімі ғана сүйеу бола алатынын алға тартты.

 

Адам тағдырын шешу оңай емес

Осы салада жиырма жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Ардақ Батиева: «Адам құқығын қорғауда адвокаттар көбіне жалғыз қалып қояды», дейді. Адвокат – сот ісінде жалғыз қорғаушы тұлға екенін ескерсек, бұл сөздің жаны бар.

«Әрине, сотта заң талаптары толық­тай орындалса, адвокат келтірген дәлел­демелер ескеріліп, Конституцияда көр­се­тілген құқықтар мен міндеттер дұ­рыс қолданылса, судьяның әділ шешім шы­ғаруына адвокаттың ықпалы зор. Алайда, өкінішке қарай, құқық қорғау ор­гандары жіберген қателіктерге көз жұма қарап, соларға «адвокат» болып оты­ратын соттар да бар. Мұндай келең­сіз­­діктер көбінесе қылмыстық істерде ­жиі кездеседі», дейді.

Адвокаттың беделі біліктілігінде еке­нін атап өткен Ардақ Қойшыбайқызы олардың еңбегі төмен бағаланып жүр­ге­нін де ашық жеткізді. «Қарапайым ха­лық «мықты адвокаттың» көрсеткішін қабылданған шешім не үкімнің нәти­же­сімен өлшейді. Яғни адвокаттың сот­та жеңіп шыққан ісі неғұрлым көп болса, оның беделі соғұрлым жоғары тұрады. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ мық­тылардың барлық істерде жеңіске жете бермейтінін естен шығармаған жөн. Сот үкіміне көңілі толмаған клиенттердің көбі «адвокатқа берген ақшам зая кетті, бекерге кеткен қаржы болды» деп санайды. Осының өзі қоғамның адвокаттардың еңбегін бағалауға әлі дайын емес екенін аңғар­тады», дейді заңгер.

Сөз арасында адвокат осы маман­дықтың беделіне кір келтіріп жүрген­дер туралы да айтып қалды. Мәселе адам тағ­дырын шешетін адвокат маман­ды­ғы­ның жауапкершілігіне жүрдім-бардым қа­райтындар хақында болып отыр.

Алдымен «Жалпы елімізде кімдер адвокат бола алады?» деген сұраққа жауап беріп көрейік. Құқық қорғау органдарында кем дегенде бір жыл еңбек өтілі бар, адвокаттар алқасында тәжірибе мен сынақтан сүрінбей өткен, арнайы лицензия алып, аймақтық адвокаттар алқасына мүшелікке қабылданған заңгерлер ғана Қазақстанда адвокат ретінде қыз­метін жүргізе алады. «Алайда соңғы уақытта талай жыл тергеуші, прокурор не судья болып, зейнетке шыққаннан кейін адвокат болып жүргендер көбейді, – дейді Ардақ Батиева. – Олардың арасында бұл мамандықтың абыройына сызат тү­сіріп жүргендер аз емес. Сот ісінде «ке­зекші адвокат» деген болады. Істің мән-жайымен толық таныспай, зерттемей қол қоя салатындардың дені солар. Бұл да адвокаттардың абыройын аяқасты етеді».

 

 Тегін көмекті бағаламайтындар да бар

Адвокат – қиындығы көп мамандық. Заңды бес саусағыңдай білу бұл жерде аздық етеді. Мықты логика, темірдей мықты төзім мен ыждағаттылық. Бұл – «мықты маман» болудың бас­ты өлшем­шарттары. Қазіргі таңда Қызыл­орда­дағы «әкімдер ісі» бойынша Қуанышбек Ысқа­қовтың қорғаушысы болып жүр­ген «Фемида Қазақстан» заңгерлік орта­лығының құрылтайшысы, белгілі құқық қорғаушы Ләззат Ахатова әңгіме барысында адвокатураның осы үш қырына ерекше акцент қойды.

«Тегін көмекті шын мұқтаж жандарға көрсету керек». Бұл – адвокат Ахатова­ның қызметтегі басты принципі. «Адамдық­тан аттамай ісін адал атқарып жүрген адвокаттар елімізде аз емес. Өкінішке қарай араны ашылған, адвокатураны май шелпек көретін, жауапкершілігі жоқ әріптестерді де көріп жүрміз», дейді Ләззат Кендебайқызы.

«Адвокатураға әдетте сот, прокуратура, тергеу секілді заң саласында тә­жірибе жинақтаған, біліктілігі жоғары мамандар келеді. Тәжірибесі мол, еңбек өтілі көп болса, ол маманға сұраныс та жоғары. Ал сұранысқа ие маманның сәйкесінше еңбекақысы да жоғары болады. Адвокаттың еңбегі – инемен құдық қазғандай. Тергеу, прокуратура, сот жі­берген қателікті тауып, әділдікті сан жамау жаладан, заңсыздықтан аршып алу үшін терең білім мен ыждағаттылық керек», деген заңгер егер сот заңсыз шешім шығарса, оған адвокат кінәлі емес екенін де тәптіштеп түсіндіріп берді. «Себебі сот пен тергеудің, прокуратура мен өзге де мемлекеттік органның қателігіне адвокат жауап бермейді», дейді талай жыл судья болып қызмет жасаған маман.

«Жетім-жесірге, зорлық пен қиянат­тың құрбандарына қолдан келген көмекті аямау керек» деп санайтын белгілі құқық қорғаушы «тиын-тебен төлеп, күндіз-түні мазаны алып, төбеңді оятын», «іс аяқталып қалғанда, қызметіңнен бас тартатын пысықай клиенттердің» де бар екенін айтады. «Әрине, өмірде әртүрлі адамдар бар. Әрқайсысының көзқарасы, мінез-құлқы, тәрбиесі мен адамдық деңгейі әртүрлі. Қомақты ақша төлесе де әдептен озбай, адвокат жұмысының қиындығын түсінетін мәдениетті кісілер де кездеседі», деген адвокат кейде елдің жағдайына қарап, арзан баға айтса, бағаламай кететін адамдардың да аз емес екеніне тоқталды.

«Кей адамдар тегін көмектескеніңді бағаламайды. Білімсіз біреу шығар деп, көп ақша сұрайтындарға өздері жүгіреді. Дүкенде қымбат зат көрсек, сапалы деп ойлаймыз ғой. Ал арзан болса, сапасына күдікпен қараймыз. Адвокат таңдауда да кейбір адамдардың психологиясы осындай», дейді Ләззат Кендебайқызы.

 

 Санға емес, сапаға жұмыс істеу қажет

«Адвокаттың абыройын түсіретін не?» деген сұраққа Алматы облысының адвокаттар алқасының мүшесі, құқық қорғаушы Алмас Салпеков: «Құрғақ уәде мен бос сөз кез келген адвокаттың беделіне нұқсан келтіреді», деп жауап қатты. «Істі толық зерттемей жатып, алдыңа келген адамның бәріне оңды-солды уәде беруге болмайды. Се­бе­бі сен істің кімнің пайдасына шеші­летінін білмейсің. Керісінше, кей істің салдары туралы клиентке алдын ала ескерту қажет. Адвокаттық қызметте түрлі жағдайлар болады. Біреудің жеке өміріндегі құпиясы мен сырын білуге тура келетін сәттер де кездеседі. Өзгенің құпиясына беріктік те – біліктіліктің ке­пілі», дейді ол.

Адвокат жұмысын бағалау өте қиын екенін мойындаған Алмас Сайлаубекұлы құқық қорғаушыны таңдауға өте мұқият болуды ескертті. «Таңдау кезінде ең бі­рінші адвокаттың тәжірибесі бірінші орынға шығуы керек», дейді заңгер.

«Әр адвокат қызметін өзінше баға­лайды, – дейді Алмас Сайлаубекұлы. – Бірақ бізге санға емес, сапаға жұмыс істеу қажет. Мәселен, маған айына 50 істің әрқайсысын 50 мың теңгеге бағалап, жұмыс істеуіме болады. Алайда бұл жерде жұмыстың сапасы ақсайды. Түптеп келгенде ешкімге сапалы заңгерлік көмек көрсете алмаймын. Екіншіден, менің адвокаттық абырой-беделіме сызат түседі, клиенттердің сенімінен айырыламын. Адам құқын арзанға бағалауға болмайды. Адвокаттарды біреудің қайғысынан ақша жасап жүрген, араны ашылған «ашкөздей» қабылдайтындар шындап келгенде бұл қызметтің қыр-сыры мен қиындығын жете түсіне бермейді. Күні кеше ғана Алматы қалалық соты баспана дауына қатысты іске нүкте қойды. Менің қорғауымда болған әйел екі баласымен өздеріне тиесілі мүлік бөлігін енді заңды түрде ала алады. Осы істің ақ-қарасын анықтау үшін қаншама заң актілерін қопарып, адвокаттық сұ­рау жолдап, тезірек жауап алу үшін мем­лекеттік органдардың табалдырығын тоз­дыруға тура келді. Нақты бір нәтижеге қол жеткізгенше жүйкең жұқарады, көз ма­йыңды тауысып, қағаз кеміресің. «Арзан адвокат» жалдаймын деп миллион, кейде тіпті миллиард ақшасынан айырылып қалған адамдар да бар. Сол себепті адвокаттың еңбегі тым қымбат деген пікірді негізсіз деп санаймын».

«Шындап келгенде, судьяның әділ шешім шығаруына ықпал ететін адам – адвокат. Қорғалушысына құқық­тық көмек көрсете жүріп, ол сотта қал­тарыста қалып қойған, алайда өте ма­ңызды жайттарды айшықтап береді. Судьяға назардан тыс қалған айғақтарды, заң нормалары мен іскерліктің әдет-ғұрпын «жіліктеп» дайындап беретін де сол. Рас, адвокаттың жұмысын нақты бағалау мүмкін емес. Алайда тәжірибелі маманның бағасын арттырып, беделін айқындайтын бір ғана өлшемшарт бар, ол – оның беделі», деген адвокат үнемі кәсіби біліктілікті жетілдіріп, заң көмегін көрсетуде қажетті ақпараттардан хабардар болып отырудың маңыздылығына да тоқталды. «Қызметтегі қиындықтың бір ұшы заңдардың жиі өзгеретіндігімен байланысты. Сол себепті заңдарға енгізілген өзгертулер мен түзетулер, күшіне енген жаңа норма, ереже жөнінде қашанда хабардар болып отыру қажет», дейді ол.

 

Бедел бір күнде қалыптаспайды

Елімізде есімі кәсіби ортада ғана емес, жалпақ жұртқа да белгілі беделді адвокаттар аз емес. Солардың бірі – Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов­тың адвокаты Әсел Тоқаева.

Ел арасында «Адмирал ісі» деген атпен белгілі болған процесте елордалық заңгер Әсел Нұрмаханқызы Қылмыс­тық кодекстің 450-бабының 2-бөлімімен
6 жыл­ға бас бостандығынан айырыл­ған Ж.Жанұзақовтың жазасын аппеляция­­лық сатыда 5 жылға бас бостандығын шек­теумен ауыстыруға, сондай-ақ мемлекетке өтеуі тиіс қаржы сомасын бірша­ма азайтуға қол жеткізген болатын. Біле білгенге бұл – елеулі жеңіс.

«Сот шешімінің қалай болатыны адво­­каттың біліктілігіне байланысты. Се­бе­бі кез келген адвокаттың басты қаруы – білімі», дейді заңгер.

Еліміздің басты заңында «қос тарап­тың жарыспалылығы мен тең құқылығы» деген норма бар. Яғни сот алдында та­раптар тең. Ұстанымын білдіріп, мүд­де­лерін қорғауда олардың процестік құқық­тары да, мүмкіндіктері де бірдей. Бұл теорияда. Ал нақты өмірде бұл норма сақтала бермейді.

«Судьяны рингтегі төреші деп баға­ласақ, әділдік үшін тартыста әр тарап оған деректерін ұсынып, ұсыныстарының ақтығына көзін жеткізуге, сендіруге тырысады. Өз позициясының дұрыстығын растап шығарғысы келеді. Сот заңға байланысты, өз сенімі негізінде шешім шығарады. Адвокат келтірген дәлелдер бірде ескерілсе, кейде тысқары қалып қояды. Судьяның жеке тұлғасына да көп нәрсе байланысты. Прокурор немесе адвокат ұсынған айғақтардың растығы­на, оның іске тіркелгеніне мән беретін су­дьялар бар. Дәлелдердің ақ-қарасы анықталғанын көре тұра, мұны ерен санамай, өзінше шешім шығаратындар да бар. Негізінен сот адвокат ұсынған әр айғақты ескеруі қажет», дейді құқық қорғаушы.

«Бұл қызметтің қиындығын осы ма­мандықтың отымен кіріп, күлімен шы­ғып жүргендер ғана жете түсінеді» деген Тоқаева: «Ақшасын төлеген соң әр адам адвокаттан нақты бір нәтиже күтетіні сөзсіз. Адвокаттық қызмет психо­ло­гиялық тұрғыдан да өте ауыр. Себебі сан түрлі тағдырмен бетпе-бет келесің. Барлық адам адвокаттық қызметті кәсіби тұрғыдан бағамдай бермейді. Мәселен, сотта жеңіліп қалса, кінәнің барлығын адвокатына аудара салатындар да болады», деген ойын да жеткізді.

«Кейде өте қиын жағдайға тап болған адамдарға тегін көмек көрсететін кездер болады. Қиянат көріп, сенен көмек сұрап келіп тұрған адамнан ақша дәмету адамгершілікке жатпайды. Тәжірибемде мұндай мысалдар жетерлік. Мысалы, жақында ауыр жағдайға тап болған осындай жандардың біріне тоғыз ай бойы тегін құқықтық көмек көрсетіп, ақыры сотта жеңіп шықтық. Әділдіктің орнағанына көздері жеткенде алғысын жаудырып, ақ баталарын беріп жатыр. Алайда тоғыз айға созылған істің артында үлкен еңбек жатқанын біреу білсе, екіншісі түсіне бермейді. Егер клиенттер сені білікті маман ретінде өздері іздеп келсе, бұл да – үлкен көрсеткіш. Себебі халық арасындағы «мықты маман» деген пікір бір-екі күнде қалыптаспайды, абырой-бедел бір күнде келмейді. Адвокатураға 20 жасымда келгенде жетекшім: «Алдымен абыройың үшін жұмыс істе, ертең сол атақ саған қызмет жасайтын болады» де­генді жиі айтатын. Мен бұл сөз­бен­ толықтай келісемін. Алайда сан жыл­ бойы қасықтап жинаған абырой­дан айы­рылу бір-ақ сәт екенін де естен шы­ғар­маған жөн», деді Әсел Нұрма­ханқызы.

Сөз соңында білікті маманнан бір кеңес. «Егер сізге адвокат «Сотта жеңіп беремін!» деп кепілдік берсе, бұл «маманнан» алшақ жүргеніңіз абзал. Себебі кәсіби адвокат ешқашан мұндай уәде бермейді. Кепілдік беруге заңмен де ты­йым салынған».

 

Құқық қорғаудың құны қанша?

Француз философы Блез Паскаль­дың «Жомарттықпен төленген іс адво­катқа екі есе әділ болып көрінеді» деген қитұрқы сөзі бар. Ал америкалық заңгер Джон Стерлинг «Мінсіз клиент дегеніміз – өте бай әрі өте үлкен қиын­дықтары бар адам» дейді. Еріксіз езу тарт­қызғанымен, шындықтың шетін ашып беретін тұжы­рым. Себебі адвокат тура­лы сөз қозғалған жерде олардың гонорар­ларына қатысты түрлі пікір айтылатыны ақиқат.

Қазіргі таңда ешбір құқық қорғаушы белгіленген нақты бір прайс парағын көрсете алмайды. Өйткені әр адвокат еңбегін тәжірибесі мен біліктілігіне қа­рай өзі бағалайды. Алайда құқық қор­ғаушының құнына әсер ететін бір­неше жайттың бар екенін ескерген жөн. Оның ең бастысы – істің қыл­мыстық, әкімшілік немесе азаматтық бо­лып жіктелуіне байланысты. Әр іс­тің өзіндік қиындығы мен қым-қуыт ерек­шелігі жетерлік. Сол себепті де адво­кат­тардың дені бір бағыттағы істерге маман­дандырылған. Кейде ұқсас істер әртүрлі жұмыс көлемін талап ететіндіктен, бағасы да түрлі болуы мүмкін.

«Адвокаттық қызмет туралы» заңда «адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу мөлшері көмек сұрап келген адам мен адвокат жасасатын жазбаша шартта белгіленеді» деп жазылған. Ал шарт жасасу тәртібі тиісті заңнамада білгіленген тәртіппен жүргізіледі. Нақты тариф болмағандықтан да адвокаттардың барлығы келісімшарт бойынша қызмет көрсетеді. Мәселен, мүліктік дауларға қатысты заңда азаматтық істерде талап сомасының 10 пайызы өкілдік шығын­дарға кетеді деп жазылған. Яғни бұл – адвокаттың ақысы. Бірақ бұл норма басқа істерде қолданылмайды.

Осы заңның 6-бабында адвокат­тар­дың кімдерге тегін көмек көрсететіні де нақты жазылған. Тізімнің басында асы­раушысынан айырылғандар, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен оларға теңес­тірілгендер, мерзімді қызметте­гі әс­кери қызметшілер, І және ІІ топ мү­гедектері, зейнеткерлер тұр. Ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған кә­ме­леттік жасқа толмағандарға алимент өндіріп алу ісі бойынша тегін заңдық кө­мек көрсетіледі. Мұндай жағдайларда адвокатқа қызметтік ақысын бюджет есебінен мемлекет төлейді.

Мемлекет кепілдік берген заң кө­мегіне жүгіну – әр адамның консти­ту­­циялық құқығы. Алайда тәжірибелі адво­каттардың дені бюджет есебінен тө­ленетін істерді алғысы келмейді. Се­бебі түсінікті. Төленетін ақы еңбегін то­лық ақтамайды. Мәселен, қылмыстық істер­дің 70 пайызы мемлекет кепілдік бер­ген заң көмегімен жабылады. Бұл санаттағы істерде адвокаттардың еңбегі сағатына төленеді. Бір сағаты – 1-3 мың теңге. Алайда жұмыс көлемі бұл бағадан бірнеше есе жоғары әрі жауапты.

Бұл жайында адвокат Әсел Тоқаева: «Мә­селен, сіз сотта 5 минут қызмет көр­­сет­сеңіз, еңбегіңіз де «5 минуттық та­риф­­пен» бағаланады. Ал сол тарифке талай күнгі еңбектің ауқымы мен ауырт­па­лы­ғын сыйғызу мүмкін емес. Сол себепті де елімізде мемлекет кепілдік берген заң­ көмегінің сапасы сын көтермейді. Алайда бұл адвокатураға енді келген жас­ мамандар үшін үлкен тәжірибе алаңы бо­лып саналады. Ал тәжірибе – жеңіске жеткізетін басты басымдық», дейді.

P.S. Чарльз Диккенстің «Жаман адамдар болмаса, жақсы адвокаттар да болмас еді» деген сөзі бар. Жоғарыда біз адвокаттардың бүгінгі бет-бейнесін сол мамандардың өз сөзімен «сомдап» беруге тырыстық. Ақша, абырой, атақ, адамгершілік пен әділдік тартысқа түскен тұста кәсіби келбетті сақтап, адамдықтан ажырамау, түптеп келгенде – үлкен жауапкершілік.