Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы АҚ-тың бұрынғы президенті Гавыллатып Мырзақұловқа қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауының өтетін күнін белгіледі. Сот отырысы 2013 жылғы 28 желтоқсанда сағ.10.00-ге тағайындалды.

Г.Мырзақұлов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 311-бабының 5-бөлігі (Мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкілетті адамның аса ірі мөлшерде пара алуы) бойынша айыпталады. Осы бап бойынша жазаланушының мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Бұдан басқа, Мырзақұловқа 193-баптың 3-бөлігінің «в» тармағы бойынша айып тағылды – «Ірі мөлшерде алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру». Мұндай әрекеттер үшін Қылмыстық кодексте мүлкін тәркілей отырып, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Тағы бір сотталушы Ербол Асылбеков Қылмыстық кодекстің 313-бабының 1-бөлігі (Парақорлыққа делдал болу) бойынша айыпталуда. Осы бап екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Алдын ала тыңдау барысында сотталушы Мырзақұловтың адвокаты сотқа бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз жабық сот отырысын өткізу туралы өтініш берген.
Қылмыстық кодекстің 29-бабына сәйкес сот процесі ашық түрде өткізілуі тиіс болғандықтан, сот аталмыш өтінішті кері қайтарды.
«Егемен-ақпарат».