Өнер • 23 Ақпан, 2021

Ойыншықтар

527 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бірде ол балалар ойнайтын серуен бақта шар ату сайысынан жұмсақ ойыншық ұтып алады. Әлдебір уақытта оның көзі ақыл-есі кемтар, жасы сегіз-тоғыздардың шамасындағы балаға түседі. Дереу қолындағы ұтып алған жұмсақ ойыншықты әлгі балаға ұстата қояды. Бала «Рахмет!» дейді. Кемтар баланың әкесі сол жерде өксіп жылап жібереді. Неге жылағанын сұрағанда:
– «Баламның осы жасқа келгенше тілі шықпаған, ол ешқашан сөйлеп көрмеген болатын», дейді.

Ойыншықтар

Кейде біз бәзбіреулерді ойыншық ете жүріп, өзіміз әлдеқашан басқа бі­реу­лердің ойыншығына айналып кет­кенімізді сезбеуіміз мүмкін. Сайып кел­генде өмірдің өзі үлкен ойыншық сияқ­ты. Онымен бәріміздің ойнағымыз келетінін мойындауымыз керек. Алайда сол үлкен ойыншықпен ойнай жүріп, керісінше қай уақытта оның сенімен ойнап отырғанын аңғармай қаламыз, аң­ғарған күннің өзінде кеш екенін тү­сінеміз. Біз қызық ойынға берілгеніміз сонша, тіпті көбіне өзіміздің ересек еке­­німізді тарс ұмытып, жас бала құсап небір ерсі қылықтарды істеуге бармыз.

Негізі, әр адам – ішінде мәңгі бала. Ақын Евгений Евтушенконың сегіз жасар гений Ника Турбина жайлы жазған ғаламат жыры бар. «Балалар – құпия ере­сектер», дейді Е.Евтушенко. «Бұл сұрақ балалардың жанын мәңгі қинайды. Бала­лар – дегеніміз құпия біздер. Ересектер. Біз соншалықты ересекпіз деуге де кел­мейді, себебі біз бала болуға қатты қор­қамыз». Өлеңнің өзегі осы мағынаны байы­тады. Шынымен де бәріміздің іші­мізде ренжулі балалардың отырғаны рас.

Жалпы бала тақырыбына, ойыншық пәлсапасына тереңдеп баратын болсақ, адамзат тарихынан небір ойыншықтарды кездес­тіретініміз хақ. Әлбетте жаны жоқ, сезім жүйесі дамымаған ойыншық­тар жа­йында болса әңгіме басқа. Өкі­ніш­ке қарай, осынау ойсыз, нұрсыз ойын­шық­тардың қатарына жаны бар тірі қуыр­шақтардың да қосылатыны қиын.

Жалпы, ойыншықтардың тарихына үңілген болсақ, біздің дәуірімізге дейінгі 3 мың жыл бұрын Үнді өркениетіне тие­сілі жәдігерлерге жолығуға болады. Тастан, қыштан, ағаштан, темірден, басқа да түрлі материалдан жасалған сол ойыншықтардың қатарында адам жа­нынан жасалған да ойыншықтар бар.

 

* * *

Француз режиссері Франсиса Ве­бердің «Ойыншық» комедиясын бәріміз жақсы білуіміз керек. Ойын­шықтар туралы ойларға осынау көркем фильмнің көптен бері жетелеп жүргенін жасырмаймыз. 1976 жылы жарық көрген комедияны толық комедия деуге де келмес еді. Себебі, оның көтеріп отырған орасан зор ауыр тақырыбы тіпті де адам күлетіндей жеңіл жанр емес. Адамның ойыншыққа айналуына күлудің өзі қылмыс. Алайда француздар бұл жағынан өте шебер. Күлдіре отырып көрермен жанына қалай еніп кеткенін аңғармай қаласыз. «Ойыншық» комедиясы да өз көрермендерін осылай ойландырады. Фильм сюжетін қысқаша баяндап өтсек, Франсуа Перрен есімді жұмыссыз бейбақ әлдебір байдың жалғыз ұлына ойыншық болуынан басталатын қысқа ғана сюжетте небір әлеуметтік үлкен мәселелер қозғалады. Жұмыссыздың жұтаң күйі адамдарды небір сынақтарға апарады. Миллионер Рамбаль-Кошенің жалғыз ұлы бірде ойыншықтар дүкеніне кіріп, дүкеннің ішінде әншейін жүрген Перренге көзі түсе кетеді. Қасындағы күтушілеріне Пер­ренді дереу сатып алуға бұйырады. Не керек, көнбесіне қоймай, Перренді ойын­шықтың қорабына тоғытып жібе­реді. Әлбетте, миллионердің ұлы болған соң белгілі, ерке бала әлгі бейшара Пер­ренге ойына келгенін істейді. Перрен болса бірдеңе деуге қорқады, себебі енді ғана сол миллионерге, бала Эриктің әкесіне жұмысқа орналасып жатқан кедей Перрен ойыншық болмаймын деуге қу жоқшылығы кедергі болады.

Аталған фильмді қарап отыр­ған көзіқарақты көрермен ондағы көп­теген ойыншықтарға мән бермей өтпейді. Түптеп келгенде, ол жердегі ойыншық жалғыз бейшара Перрен ғана емес, оны сатып алып тұрған бала Эриктің өзі де бай әкенің ойыншығы деуге болады. Бала тағдырын ойыншық еткен бай әкелер шынайы өмірде де көп. Неғұрлым қымбат ойыншық әперген сайын бала санасына арзан түсініктерді тықпалайтын таяз типтер адамдардан ойыншық жасауды әдетке айналдыра бастайды. Миллионер Коше адам сатып алуды баласына әлдеқашан өзі үйреткенін білмейді. Перрен намысқа булығып, бір күні бай Кошенің үйінен біржола кетіп қалады. Алайда түннің бір уағында оның есігін Кошенің уәзірі сияқты Бленак қағады. Перренге қайтуын өтінеді. Себебі, Эрик миллионер Кошенің ажырасып кеткен әйелінің баласы екенін айтады.

Перрен сол бетте зәулім сарайды қай­та бетке алады. Бұл жолы ол ойын­шық болуға емес, баланы, оның тағ­дырын, өздерін ойыншық етіп әбден үйрен­ген байлар әулетінің рухани қыл­мыстарын әшкерелеуге барады.

Ең күрделі ойыншықтың біреуі – уәзір іспетті бейшара Бленак. Бастығының айтқанына көніп, айдауына жүре беруді өзіне ар санамайтындай деңгейге түскен Бленак синдромы біздің қоғамға өте таныс деуімізге болады. Фильмнің соңында Бленакқа бастығы миллионер Коше «Шешін!» деп бұйырады. Бленак ойланбастан шешіне бастайды. Сонда Кошенің айтқаны: «Бленак, айтшы, бұл жерде кім құбыжық? Шешін деп әмір берген мен бе, әлде қарсыласпай шешіне салған сен бе?», дейді. Шынымен, ойландыратын образ Бленак болмысы.

Бленактан бөлек, бай Рамбаль-Коше бірде баласын жетектеп қарапайым отбасының үйіне кіріп барып, тамақ ішіп отырған орта шаруаға үйіңді сатып аламын дейді. Алғашында сасып қалған отағасы үйін сатпайтынын айтады. Алайда үйдің құнынан әлдеқайда көп соманы естіген үй иесі әйелімен сыбырлай ақылдасып, үйін кешке дейін босатып беретінін айтады. Мұны не деуге болады? Сананы тұрмыс билейтіні рас. Алайда өзің қазір ғана тамақ ішіп отырған тап-тұйнақтай үйіңді сата салу үшін қаншалықты қатыгез болуың керек? Бұл жерде де күрделі тип Коше емес, орта шаруа. Қоғамның орта ойыншықтарының бірі осындай кедей кейіпкерлер.

Перрен Эрикпен ойнай жүріп, оның жанына үңілуге тырысады. Эрик, ерке бала өз ішінде өте жалғыз еді. Әке-ше­шесі ажырасып кеткен бейшара бала өмір­ді ойыншық деп қабылдайды. Бәрін сатып алуға болады деудің ар жағында ештеңені де сатып ала алмау жатады. Бай­лықты сатып алудың ар жағында ба­қыт­ты сатып ала алмайтының тұрады. Бай Рамбаль баласының өзіне деген махаббатын ақыры сатып ала алмайды. Соңғы сәттерде де бала Эрик ойыншық әкені емес, адам Перренді таңдайды. Перрен рөлін сомдаған Пьер Ришар бәрі­міздің көз алдымызға бейкүнә ойын­шықты елес­тетеді. Тап-таза, жұп-жұмсақ адам жаны кейде шынымен ойыншық сияқты. Шын мәнінде ойыншықтар ешқашан кірле­мей­ді, қайта небір күнәлар мен ауыр қыл­мыстарға былғанған адам жаны көп кір­легіш.

Жалпы фильм көтерген мәселелердің беткі қабатын қалқып алатын болсақ, онда біз жоғарыда айтып өткендей, әлеу­меттік әлсіз топтардың әлжуаз халі, бас­шылық пен басыбайлықтың шека­ра­сындағы шешімдер, ақша мен адам арасындағы салыстырулар бізді біраз ойға батырады. Тіпті Рамбаль – Кошенің үйіндегі екінші әйелінің өзі ойыншық-әйел. Ешқандай махаббатсыз, тек қана ақшаның күшімен алтын сарайда күнелтіп жатқан адам-ойыншық.

Ал енді фильмнің одан да терең аста­рына үңілер болсақ, бұл Перреннің ішіндегі бала Перрен мен Перренді рен­жіткен ересек Перрен арасындағы қақтығыстар картинасы деуге болады. Шын мәнінде Эрик Перреннің ішіндегі бала. Ренжіген, ештеңеге қолы жетпеген, өмірінің ортасынан асса да жұмыссыздың жұтаң күйбеңімен келе жатқан Перрен идеалы ол – Эрик. Бәріне қауқары жеткілікті, алам дегенін алады, салам дегенін салады. Тіпті бейшара Перренің өзін сатып алуға әлеуеті әбден жетеді. Рамбаль Коше де – бала. Бәрін сатып алғысы келетін, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізгісі келіп тұратын бала Кошенің ойыншықтары тым көп. Бірақ бәрібір оған назар жетіспейді. Эрикке де назардың жетіспейтіндігі оның қиқар мінездерінен көрінеді.

Бұл оқиға әрине, Рамбаль Кошенің отбасындағы ғана сюжеттер. Ал енді шынайы өмірде ойыншық отбасы түгілі, ойыншықтарға толы мемлекеттердің бар екенін ойласақ, мәселенің тым те­реңде екенін ағарасың. Ақшалы бай­дың әміріне құрша жорғалайтын қуыр­шақтардан қайта адам жасау жалпы мүмкін бе деп ойланасың? Тас ойын­шықтардан басталған тарих – адам жанынан жасалған қуыршақтармен аяқталатыны әрине қорқынышты. Деген­мен, Перрен сияқты ойыншық бола жүріп, ойыншықтар ордасын әшкерелейтін тұлғалар әр кезде бас көтеріп отырады. Жә, тым тереңдей берудің өзі ойын­шығын жоғалтқан балаларға ауыр тиеді. Бір сөзбен айтсақ, бала өз балалық шағын тек ойынмен өткізуі керек. Баланың ойыншықсыз қалуы – бұл хаостың басы. Біз тап-таза балаларды өзіміздің көңіл-күйіміздің ойыншығы етуді тоқтатуымыз керек.