Көрме Ұлттық музейде ұйымдастырылды. Мақсат – суретшінің тауанды тарих пен мәдениет тақырыптарына арналған шығармаларын өнерсүйер қауымға кеңінен насихаттау.
Салтанатты шараның беташар сөзін Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сөйледі.
«Төлеубек Төлеуұлы өмір бойы ізденісте жүретін, өмірге де, өнерге де шын ғашық жан. Себебі реалист суретші бар әлем тек таңғажайыптан тұрады деп өмір сүреді. Бұған суретшінің қылқаламынан шыққан пейзаждық туындылары айқын дәлел. Көрменің «Балалық шаққа саяхат» аталуы да бекер емес. Төлеубек Мұқашевтің бала кезінен бастау алған шығармаларынан жан дүниесінің тазалығын, елі мен жеріне деген шексіз сүйіспеншілігін байқауға болады», деді А.Мұхамедиұлы.
Пейзаж қылқалам шеберінің жанына жақын жанр. Суретші үшін тұмса табиғат қашанда сұлулық пен тазалықтың мәңгілік үйлесім тапқан нұрлы мекені. Туған жер оның барлық шығармаларының өзегі десе де болады. Экспозицияға ұсынылған 50-ге жуық картинада Жетісу жеріне тән әдемі пейзажды, қызғалдағы жайнаған дархан даланы, тыныштыққа бөккен табиғат тылсымын шынайы жеткізген. Сонысымен оқырмандарды өзіне елітіп алады. Әрбір туынды балаға ертегі айтып отырған әжедей алаңсыз жылдардың көркем көрінісін көз алдына әкеледі.
Шара барысында белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Бірғаным Әйтімова: «Бұл өзі ерекше көрме. Себебі Төлеубек Төлеуұлы – Қазақстанда мемлекеттік қызметімен қатар, өнерін де дамытып, көпшілікке ұсынған бірінші сенатор. Бүгінгі көрме оның туған жеріне деген алғысы, сүйіспеншілігі, махаббаты», деп ақжарма тілегін жолдаса, сенатор Бақытжан Жұмағұлов пен мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев суретші туындыларының келешек ұрпақ үшін таусылмас рухани азық болатындығын атап өтті.
Кенеп бетіне түскен сан түрлі бояулар бала қиялына біткен алуан әсерлер. Сол аяулы шақтар сана түбінде қатталып, сан жылдан кейін тамаша туындыларға айналған. Мұндағы картиналардың құпиясы сонда. Автордың кіндік қаны тамған топырағына деген сағынышы суретке ұласып, түстерге әр беріп тұр.
Айта кетейік, қылқалам шеберінің туындыларын тамашалаймын деген көпшілік үшін көрме екі ай бойы Ұлттық музейде экспозицияланады.