27 Желтоқсан, 2013

Экономикалық даму ойдағыдай

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған бірқатар министрлер баспасөз мәслихатын өткізді. Онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму үрдістері сараланып, осы жылдағы экономикалық дамудың қорытындысы шығарылды.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған бірқатар министрлер баспасөз мәслихатын өткізді. Онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму үрдістері сараланып, осы жылдағы экономикалық дамудың қорытындысы шығарылды.

Брифингке Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев, Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиев, Өңірлік даму министрі Б.Жәмі­шев, Қаржы вице-министрі Р.Дәленов пен Статистика істері агенттігі төрағасының орынбасары Ж.Жарқынбаев қатысты. Брифингке модераторлық еткен Алтай Әбибуллаев аяқталғалы тұрған жылдың жетістіктері жөнінде айтты. «Елбасы ай­қын­даған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың бірінші жылы жемісті қо­рытындыланып отыр деуге негіз бар. Сондай-ақ, биылғы жылы еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылды. Осы баспасөз мәслихатында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы мен Елбасының Үкіметке жүктеген тапсырмалары қалай орындалып жатқаны жөнінде сөз болады», деді модератор.

– Биылғы жылы елі­міз­дің Үдемелі индус­триялық-ин­новациялық даму бағдарламасы аясында 11 мың­нан астам тұрақты жұмыс орны құрылды, – деп бас­тады сөзін Үкімет басшысының бі­рінші орынбасары. – Жылдың алдын ала қорытындылары елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының тұрақты екенін көр­сетті. Экономиканың өсiмін Ел­басы тапсырған 6 пайыз­ деңгейінде қамтамасыз ете ал­дық. Инфляциялық үдерістер 5 пайыздан артпай отыр. Ал, жұмыссыздық деңгейi 5,2 па­йызды құрайды. Жыл бойы инвестициялық белсендiлiк артып, негiзгi капиталдағы инвес­тиция өсiмi 8,7 пайызды құрады. Бұл дағдарыстан кейiнгi кезеңдегi ең жоғары жылдық көрсеткiш болып табылады, дедi Б.Сағынтаев.

Премьер-Министрдiң бiрiншi орынбасарының айтуына қара­ғанда, өнеркәсiп саласының дамуына Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ықпал еткен. «Өнеркәсiп пен тау-кен өндiрiсiнде, сондай-ақ, өңдеу саласында даму қарқыны қалыпты сақталып, машина жасау бойынша жылдық өсу көрсеткіші 15 пайызға арта түсті. Мұндай қомақты табысқа қол жеткiзуге негiзiнен ҮИИД мемлекеттiк бағдарламасының iске асырылуы ықпал етуде. Аталған бағдарлама аясында 2010 жылдан берi 2,5 трлн. теңгеге 638 жоба жүзеге асырылып, 67 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Биылғы жылға келер болсақ, 400 млрд. теңге сомасында 125 жоба ел игілігіне беріліп, 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды», дедi ол.

Келесі сөз кезегін алған Экономика және бюджеттік жос­парлау министрі де ағымдағы жыл жақсы көрсеткіштермен қорытындыланғалы отырғанына тоқталды. «Экономиканың өсуіне макроэкономикалық жағдай айтар­лықтай ықпал етті», деді Е.Досаев. Ал Қаржы вице-министрі Р.Дә­ленов: «Биылғы жылдың 10 айы­ның қорытындысына сай, тауар­лар бойынша мемлекеттік сатып алудағы жергілікті үлес 86 млрд. теңгені немесе 40,1 пайызды құрады. 1 қазандағы жағдай бойынша, мемлекеттік қарыз 4 трлн. 74 млрд. теңге болды. Бұл ішкі жалпы өнімге шаққанда 1,9 пайызды құрайды. Мұны төмен көрсеткіш деп айтуға болады. Мемлекеттік кепіл бойынша қарыз 121 млрд. теңгені құрайды. 9 айдың қорытындысы бойынша үкіметтік берешек деңгейі қауіпсіз шекті мөлшерде», деді.

Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев аймақтардағы әлеу­меттік-экономикалық мәсе­лелер туралы баяндап, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Сондай-ақ, салаға қатысты жаңадан дайындалған заң жобалары жөнінде де әңгімелеп, олардың тиімді тұстарын таратып айтып берді. Ол республика аумағын ұйымдастырудың бас схемасына арнайы тоқталып, қала құрылыстарында бұл игіліктің қандай пайдасы болатындығын таратып айтты. Мұндай бас схема елімізде тұңғыш рет жасалыпты. Б.Жәмішевтің айтуына илансақ, өңірлерді дамыту барысында схеманың келтірер пайдасы мол болмақ.

– Көлiк және коммуникация министрлiгi үшiн 2013 жыл жемiстi болды. Бiрiншiден, бiз Елбасының тапсырмасы бойынша көлiк инфрақұрылымын жан-жақты дамыту туралы мемлекеттiк бағдарлама дайындадық. Атал­ған бағдарламада 30 мың шақырым автомобиль және 8 мың шақырымнан астам темiржолдарын жөндеу, Ақтау портын кеңейту, 300 темiржол бекетiн күрделi жөндеуден өткiзу мен әуежайларды жаңғырту көзделген. Мұнымен қатар, жол бойындағы 260 сервис нысандарын, 45 автостанса мен 9 автобекетті, 1 мыңнан астам такси тұрақтарын салу, сондай-ақ, жаңадан темiржол, автобус және әуе маршруттарын ашу сынды көптеген шаралар жоспарланған, – дедi А.Жұмағалиев.

Министр «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» магистралi жобасы туралы да баяндады. Биылғы жылдың өзiнде 2 200 шақырым республикалық маңызы бар жолдар жөнделіпті. Соның iшiнде, «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» дәлiзi бойында 5 облыстың аумағы арқылы өтетiн 1 853 шақырым жолдың құрылыс жұмыстары жүргізілген. Жоспарлағандай, 806 шақырым жолдағы қозғалыс ашылып, пайдалануға берілген. Министрліктің келесi жылғы жоспары бойынша, шамамен 180 шақырым жол ашылып, ел игілігіне берiлетін көрінеді. Ал 2015 жылы дәлiздi реконструк­циялау жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап қойыпты.

– Орталық-оңтүстiк, орталық-шығыс маршруттарын дамыту аясында «Астана – Темiртау», «Астана – Павлодар», «Алматы – Қапшағай» жол телімдерiнде құрылыс жұмыстарын баста­дық. Келесi жылы аталған жол телімдеріндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Сонымен қатар, құрылысқа жаңа технологиялар енгiзу бойынша, «микросюрфейсинг» технологиясын және көпiрлердi салуда полиуретандық тiрек бөлшектерiн қолдана бастадық. Келесi жылдан бастап монолиттi темiр бетонды көпiрлердi саламыз және жылы асфальттi пайдаланамыз, – дедi сала басшысы.

Баспасөз мәслихатын Б.Сағын­таев қорытындылады.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар