Аймақтар • 23 Ақпан, 2021

Дария арнасын әуеден бақылады

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сырдария өзенінің арнасында мұз қататын қыс пен сең жүре бастайтын көктемде облыстағы тиісті құрылымдар да, өзен жағалауындағы жұрт та қарбаласқа түседі. Оңтүстік аумақта күн жылынған сәтте лықсып келген мол су көктем кеш шығатын Қармақшы, Қазалы аудандары аумағында арнадан асып кетіп, елді әбігерге салатын кезі де аз емес.

Дария арнасын әуеден бақылады

Осыдан да жыл сайын жергілікті әкімдіктер, төтенше жағдайлар қызметі жоспар түзіп, дария арнасы тұрақты бақылауға алынады. Осы жылы да 2020-2021 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңде Сырдария өзеніндегі мол суды қауіпсіз өткізуге дайындықтың жоспары бекітілген.

Жоспарға сәйкес су тасқынына қарсы іс-шараларға облыс бюджетінен 266,3 млн теңге бөлінген. Оның 138,2 млн теңгесі қорғаныс бөгеттерін жөндеу мен қалпына келтіруге арналса, 10 млн теңгесі мұз жаруға қаралған. Бес миллион теңгеге жуық қаржыға қаптар сатып алу жоспарланып, "Қазавиақұтқару"АҚ қызметіне 113,3 млн теңге қаралып отыр.

Су тасқынына қарсы жұмыстарға 68,6 тонна жанар жағар май, 154 590 дана қап және басқа да материалдық-техникалық құралдар қоры қалыптастырылған.

Апта басында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова дарияны тікұшақ арқылы әуеден бақылады. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин облыс басшысына арнадағы қазіргі ахуал туралы баяндады.

  • Биыл қыста дарияның облыс аумағындағы бөлігінде 10-55 сантиметр аралығында мұз қатты. Ауа райының жылуына байланысты дәл қазір Шиелі ауданы Қарғалы елді мекені тұсында мұз жүріп жатыр. Өзен арнасы жүйелі бақылауға алынған, – деді басқарма басшысы.

Осыдан кейін өңір басшысы жауапты мекемелер басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде, су басу қаупі жоғары аймақтарда өзен бойына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды және арнайы техникасы бар жауапты мекемелерді бекітуді тапсырды.