27 Желтоқсан, 2013

Алда аса ауқымды міндеттер тұр

242 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілі­гі­мен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Жоғарғы Сот судьяларын босату және сайлау мәселесі қаралды. Сондай-ақ, депутаттар назарына Кеден одағына, мемлекеттік сатып алуға, пирамидалар қызметіне, агроөнеркәсіп кешеніне, Қырғызстанда мектеп салуға және сәулет қызметіне қатысты заң жобалары ұсынылды.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілі­гі­мен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Жоғарғы Сот судьяларын босату және сайлау мәселесі қаралды. Сондай-ақ, депутаттар назарына Кеден одағына, мемлекеттік сатып алуға, пирамидалар қызметіне, агроөнеркәсіп кешеніне, Қырғызстанда мектеп салуға және сәулет қызметіне қатысты заң жобалары ұсынылды.

Отырысты сөз сөйлеп ашқан Төраға әуелі палатаның атқарған жұмыстарына және алдағы мін­деттерге тоқталды. Жыл басы­нан бері Сенат депутаттары халқымыздың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған және Елбасының стратегиялық бағ­дар­ламаларын жүзеге асыруды көздейтін 90-нан астам заң жо­басын қарап, қабылдапты. Олар­дың ішінде индустриялық-инновациялық бағдарламаны орындауға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңартылатын энергия көздерін қолдануды дамытуға қатысты заңдық құжаттар бар.

Сондай-ақ, мемлекеттік жос­парлау жүйесін жетілдіруге, әлеу­меттік қамсыздандыруға, тер­роризмге қарсы іс-қимыл мә­селелеріне және бірқатар халық­аралық шарттарды ратифи­ка­ция­лауға арналған заң жобалары да қолдау тапқан. Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша арнайы заңдар қабылданғаны да белгілі. Әсіресе, еліміздің осы жылы қол жеткізген табыстарына Парламент депутаттарының қосқан үлесі айрықша аталды.

«Келесі жылда депутаттық корпустың алдында аса ауқымды міндеттер тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру картасы жобаларының тұсаукесер рәсімінде шағын және орта биз­несті тиімді дамыту аса маңызды стра­тегиялық басымдық екенін қадап айтты», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сонымен қатар, Сенат Төрағасы қоғамда жекеменшік дәстүрі әлі берік еместігін, оның ұлттық негізі одан әрі жетілдіруді қажет ететінін де атап көрсетті. Бұл ретте еліміздегі экономиканың дамуына кедергі келтіріп отырған нормаларды анық­тап, заңдарға дереу ревизия жүр­гізу керек екеніне Елбасы назар аударғандығын қаперге салды.

«Мемлекет басшысының берген бұл тапсырмалары бізге тікелей қатысты екенін баса айтқым келеді. Президент алды­мызға қойған мақсаттарға Ел­ба­сымен және халқымызбен бірге қол жеткіземіз деп сенемін», деді палата Төрағасы.

Сөзінің соңында әріптестерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаған Төраға: «Жаңа жылда Отанымыздың мерейі асқақтап, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқаты жақсара берсін!» деген ізгі тілегін жеткізді.

Бұдан кейін сенаторлар­ Жоғарғы Сот судьяларын қыз­ме­тінен босату және сайлау мәселелерін шешіп алды. Одан белгілі болғандай, Жоғарғы Сот судьялары Раушан Нұртай, Ана­толий Линник және Гүлнар Рысбекова орындарынан түсуіне байланысты Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатылды. Тиісінше, Сенат қаулысымен Елена Ақмолдаева, Амангелді Сәрсенбаев, Маргарита Одинцова, Ирина Калашникова және Лаура Ағыбаева палата шешімімен Жоғарғы Сот судьялығына сайланды.

Кешегі отырыстың күн тәр­тібінде, сондай-ақ, «Кеден ода­ғының сыртқы және өзара саудасының интеграцияланған ақ­параттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және оны дамыту туралы келісімді ратифика­циялау туралы» заң жобасы қаралды. Келісім жүйені құру­дың, оның жұмыс істеуі мен оны дамытудың негіздерін, Кеден одағы комиссиясының, ко­миссия Хатшылығының және тараптардың жүйені құру­ жөніндегі өкілеттіктерін, қар­жыландыру көздері мен тәртібін, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) орындаушыларды (өнім берушілерді) таңдау тәртібін айқындайды. Заң жобасы қабылданды.

Кеден одағына қатысты тағы бір заң жобасы да депутаттар қолдауына ие болды. Заңдық құжаттың толық атауы «Кеден ода­ғының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталады. Заң жобасын қабылдау Кеден одағы шеңберінде шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаның заңдылығын тексеруге жағдай жасайды және 2014 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Кеден одағы шеңберінде мемлекетаралық ақпарат алмасуға қатысуға мүмкіндік береді.

Сенаторлар, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Заңдық құжат мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардан «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның нормаларын қолданбастан тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде олардың жасырын монополиясын болдырмау және тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бағаның бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды көздейді. Және де 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін Беларусь, Қазақстан және Ресей Біртұтас экономикалық кеңістігінің құқықтық базасын қалыптастыру шеңберінде жасаған Мемлекеттік сатып алу туралы келісіміне сәйкестендіруге бағытталған. Бірінші оқылымда талқыдан өткен заң жобасы мақұлданды.

Сондай-ақ, палата пирами­да­лардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерді қарады. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заңдық құжат та күн тәртібінде талқыға түсті. Сенат Мәжіліс депутаттарының бастамасы бойынша әзірленген агроөнеркәсіптік кешен субъек­тілері үшін тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған заң жобасын да талқылады. Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Қырғызстанда мектеп салу туралы келісімді және келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы депутаттар тарапынан түсіністік тапты. Бұл құжат Бішкек қаласында 500 орындық және Ош қаласында 500 орындық мектеп салу мен маңайындағы аумақты абаттандыруды қарастырады. Жалпы, жоғарыда аталған төрт заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданып барып қабылданды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар