Тарих • 23 Ақпан, 2021

Шу өңіріндегі ашаршылық

885 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1928-1930 жылдар аралығында Шу аймағындағы кішігірім аудандар Алматы округінің құрамында болған. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылдың 23 шілдесінде шыққан қаулысы негізінде округтер таратылып, оның орнына аудандық әкімшілік-аумақтық басқару ұйымдастырылады. Осы қаулымен жаңадан құрылған 121 аудан қатарында Шу ауданы құрылады. Орталығы Шу селосы болып бекітіледі. Аталған қаулының негізінде 1930 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақ АКСР Орталық Комитетінің және Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен бұрынғы Алматы округінің құрамында болған Шоқпар мен Мойынқұм аудандары және Вознесенск (қазіргі Қонаев ауылдық округі) селосы біріктіріліп, Шу ауданы болып қайта құрылды.

Шу өңіріндегі ашаршылық

Сонымен Шоқпар ауданының ауылдары Шу ауданына қосылғаннан кейін жаппай ұжымдастыру жоғарыдан түскен нұсқаулар бойынша әкімшілік күштеу арқылы жүргізіле бастады. Байлар мен би-болыстардың мал-мүлкін тартып алып, колхозға біріктірді. Асыра сілтеушіліктің салдарынан қанаушы санатында орташа дәулетті шаруалар да тәркіленіп кетті. Тіпті кейбір ауылдарда бірлі-жарым кедейлердің де малын сыпырып алды, оларды тұрақты мекенінен күштеп жаппай көшіре бастады. Кеңес билігінің осындай солақай саясаты Шу өңіріндегі ел-жұртты аштыққа ұрындырды.

Шу ауданында елді колхоздарға біріктірумен қатар, астық дайындау науқаны да қоса жүргізілді. Кеңестік билік жоспарланған астықты орындамаған шаруашылық иелері мен жеке адамдарды қатаң жазаға тартты. Соның дәлелі ретінде мына мәліметтерге назар аударайық: «Артық астығын өткізбегені үшін 64 бай-кулак шаруашылығына 43 367 сом айыппұл салынды, оған қоса мемлекеттік қарыздарды өтеуден бөлек олардан 22 748 сом айыппұл алынды. Сонымен қатар 16 шаруашылық иесі 1,5-2 жылға сотталып, 3-тен 5 жылға дейін жер аударылды».

Шу аймағындағы халыққа ұжымдастыру барысында сексеуіл, ет, жүн және т.б. мал өнімдері бойынша тым үлкен міндеттер жүктелді. Үсті-үстіне ет және жүн өткізу шаралары іс жүзінде малды жаппай қыруға ұластырды. Кеңес өкіметінің уәкілдері аудан колхоздарындағы дәнді дақылдардың бәрін, тіпті тұқымға сақталған қорды да жүк вагондарына тиеп, Ресейге жіберіп жатты. Кеңестік биліктің құқық органдары ауылдардағы бай, молда, билерге қарсы жазалау шараларын күшейте түсті. Осы шараларды іске асыру кезінде түрлі асыра сілтеушілікке жол берілді. Мұрағат құжаттарынан алынған төмендегі деректер соның дәлелі болып табылады. «Тек 1930 жыл ... азық-түлік салығы жоспарын орындаудан бас тартты деген айыптаумен ауданда 65 бай және кулак сотталды, олардың ішінде 40 отбасының дүние-мүлкі тәркіленуге тиіс болды. Ал олардан алынғаны 71 жылқы, 11 түйе, 4 сиыр, 64 қой, 12 киіз үй және 4 кірпіштен салынған үй еді».

Жаппай жазалау мен ашаршылықтың зардаптары 1930 жылы жаңадан құрылған Шу ауданының құрамына кірген Шоқпар аймағындағы қазақтарға да келіп жетті. Алматы округінің таратылар алдында ғана Шоқпар ауылдарының халқы бір үзім нанға зар болып, басы ауған жаққа босып кетті. Ашыққан жергілікті жұрттың басым бөлігі жаяу-жалпылап көршілес қырғыз еліне бет алды, ал қолдарында тәркілеуден жасырып қалған күш-көліктері бар байлар кедей-кепшіктерімен, жарлы-жақыбайларымен бірге Қытай асты. Кеңес билігі босқан қазақтарды елге қайтаруға әрекет жасады. Жан-жаққа қаңғырып кеткен кейбір босқындарды өкіметтің арнайы құрылған жасағы жинап алып, пойыздарға отырғызып, бос қалған елді мекендерге жөнелтіп жатты. 1930 жылдың екінші жартысында-ақ Шу ауданының әр жерінде ашаршылықтың белгісі кең етек ала бастады.

Ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың сталиндік моделі Қазақстанның барлық аймағында жалпы жұртшылықтың наразылығын туғызды. Солардың бірі ретінде 1931 жылы Шу өңірінде билікке қарсы Жолшыбаев бастаған көтерілісті айтуға болды. Көтерілісшілер 1931 жылдың қазан айында қызылдардан толығымен жеңіліске ұшырайды. Бұл сол жылғы Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған жалғыз ғана көтеріліс емес еді...

Ғалым М.Қозыбаевтың деректері бойынша 1930 жылдың басында-ақ көрші елдерге Шу өңіріндегі қазақтардың 60 пайызы көшіп кеткен. Басы ауған жаққа босып кеткен ел-жұрт шөптің тамырымен, өсімдіктің жапырағымен қоректене бастайды. Кейбір аудандарда ашыққан адамдар ит пен мысықты және сарышұнақты отқа қақтап жеп, қатқан терілерді суға қайнатып, соның сорпасын ішкен. Көнекөз шежірелі қарттардың айтуларына қарағанда, қазіргі Жамбыл облысының сол кездегі Әулие-Ата, Шу, Қордай, Талас, Меркі аудандарында адам етін жеу оқиғалары да болған.

Тұрар Рысқұловтың Сталинге 1933 жылдың 9 наурызында жазған хатынан бір деректерді келтірейік:

«Көптеген қаладан (Әулие-Ата, Шымкент, Семей, Қызылорда және басқалар) және теміржол стансаларынан өлген қазақтардың өліктері сыртқа шығарылуда. Шу ауданының орталығы Ново-Троицкі селосында (Жандосовтың мәліметі) күн сайын дерлік 10-12 қазақ өледі, сондай-ақ ауданнан коммунистердің 60 проценті кетіп қалған. Сарысу ауданында 7000 шаруашылық болса, енді олардың 500-ге жуығы қалған... Басқалары Әулие-Ата және т.б. аудандарға қашқан. Қырғыз жеріне көшкендер бар. Қараша айында осы ауданнан жүздеген адам отбасымен бірге алыс ауылдарға жылжыған» деп Шу және басқа аудандардағы қазақтардың басына төнген зұлматты Сталинге жеткізген.

Осындай нәубетті кезеңде ауылдастары мен ағайын-туыстарының қамын ойлап, оларды аштықтан құтқарудың амалдарын ойластырған азаматтар да болған. Сондай қайырымды жандардың бірі – Нұрман би. Бұл кісінің ашыққан елге жасаған қамқорлығы бүгінге дейін Шу қазақтарының есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Шу өңіріндегі Шінәлі бай да ашаршылық жылдарында қарамағындағы ауыл-аймақтың тұрмыс-тіршілігіне барынша көңіл бөліп, әсіресе 1931-1932 жылдары тұтас бір ауылды аштықтан құтқарып қалғаны жайында зұлмат заманның куәгерлері болған, бүгінде жер басып, тірі жүрген көнекөз қарттар еске алып отырады. Өкініштісі сол, Шінәлі байдың бұл әрекеті билікке ұнамай, 1932 жылы «халық жауы» ретінде Сібірге айдалып, сонда қайтыс болады.

Түйіндей айтсақ, аштық тақырыбын, соның ішінде Шу өңіріндегі нәубетті одан әрі терең зерттеп, шулықтардың басына шүйліккен қасіреттің ақиқатын ашып, бүгінгі және келешектегі өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз деп білгеніміз жөн.

 

Тұңғышбек БАЙҚҰЛОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, зерттеуші-публицист