Әдебиет • 24 Ақпан, 2021

Көркем шығармалардың көкжиегі кеңейді

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ және әлем әдебиетінің жауһарларын, заманауи әдеби-танымдық туындыларды қазақ тілінде тыңдауға мүмкіндік беретін жаңа мобильді қосымша оқырманға жол тартты.

Көркем шығармалардың көкжиегі кеңейді

Әдебиетсүйер қауымды қуантқан жо­баға «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі ұйытқы болып отыр. «Tynda» мобильді қосымшасы «Классикалық проза», «Классикалық поэзия», «Дала дауысы», «Абай әлемі», «Әлемдік классика» ат­ты таңдаулы топтамалар мен «Роман», «Хи­каят», «Әңгіме», «Эссе», «Балалар әде­биеті», «Сатира», «Поэма», «Өлең», «Пье­са» және өзге де жанрлардан тұрады.

Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ақпараттық технология қарыштап дамыған қазіргі заманда кітап оқуға деген қызығушылықтың азая бастағанын, сондықтан бұл жаңа жоба осы олқылықтың орнын толтыруға өз деңгейінде ықпал ететінін жеткізді.

«Интернет пен технологияның дамуы және оның күнделікті өмірімізге дендеп енуі – бізді кейбір бұрынғы әдеттерден алыстатып жатқаны жасырын емес. Солардың бірі – кітап оқу дағдысы десек қателеспейміз. Зерттеулерге сенсек, соңғы жылдары бүкіл әлемде кітап оқуға қызығушылық азая бастапты. Дегенмен, технология қанша дамыса да, білімнің қайнары – кітапта екендігімен ешкім дауласа қоймас. Сондықтан біз адамдар кітап оқымайды деп кінә артқаннан, жаңа заманға бейімделген нақты шараларды қолға алуымыз керек. Бұл ретте, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі іске қосқан «Tynda» мобильді қосымшасы осы олқылықтың орнын толтырады деп сенемін», деп жазды А.Балаева Facebook парақшасында.

Министр жаңа жоба кітапсүйер қауым­ның уақытын үнемдеп, сүйікті туындысын жылдам әрі оңай табуға мүмкіндік беретінін алға тартты.

Мобильді қосымшаны дәл қазір Play Market және App Store желісінен жүктеуге болады, сондай-ақ электронды және аудиокітаптарды онлайн-офлайн нұсқада оқып, тыңдауға мүмкіндік бар.

Ал ұнаған кітаптарды «Менің кітап­­тарым» бөліміне сақтап, «Менің сөре­лерім» бөлімінде жеке кітапхана жасақ­тауға болады екен. «Оқылым статистикасы» бөлімінде апта, ай немесе жыл бойы оқылған кітаптың беттер саны, оқу жыл­дам­дығы мен оқу уақытының статисти­касы көрсетіледі. «Айдың жаңа кітап­тары», «Сізге ұнауы мүмкін», «Көп іздел­ген» сияқты айдарлардан оқырман мен тың­даушы жаңа әрі сұраныстағы кітап­тар­ды таба алады.

Атаулы жоба төл әдебиетімізді насихаттауды бір ғана тетікпен жүзеге асыруды, жаңа шығарманы, кітапты жылдам әрі оңтайлы жолмен таратуды, кітапқұмар оқырманның уақытын үнемдеуді көздейді. Бұл қосымша көркем шығармалардың көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, қазақ тіліндегі контенттің дамуына үлес қосады.