Қоғам • 24 Ақпан, 2021

Халқымыздың бірлігі мен өзара құрметі биік

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сан қилы тағдыр жолымен Қазақстанға келген түрлі этнос өкілдері елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың қатарында бауырлас түрікмендер де бар. Демографтардың пайымдауынша, біздің де сегіз мыңға тарта қандасымыз Түрікменстанда тіршілік кешуде. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Түрікмен этно-мәдени бірлестігінің төрайымы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлнара Атақызы Аннакулиеваға Қазақстандағы түрікмендердің өмір ағысы туралы бірер сұрақ қойған едік.

Халқымыздың бірлігі мен өзара құрметі биік

– Гүлнара Атақызы, тағдыр сізді қазақ елімен қай кезде табыстырып еді?

– 1973 жылы ата-анам Қазақ­станға қоныс аударды. Мен ол кезде Мәскеуде аспирантурада бі­лім алып жүрген едім. Оқуымды аяқ­тап Алматыға келдім, қыз­мет­ке араластым. Әр жылдары эко­но­мика институтында, Қазақ­­стан Респуб­ли­касының Прези­дентi жанындағы Қазақ­станның стра­те­гиялық зерттеулер инс­титу­тында, Алматы облысы әкім­ді­гінде түрлі жауапты қызметтер атқардым.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тікелей шақыруы­мен 2002 жылы Пре­зи­дент Әкімшілігіндегі Ассамблея хатшы­лығында 2 жыл еңбек еттім. 1991 жылы екінші дәрежелі «Достық» ордені­мен марапатталдым. 1995 жылы түрік­мен этномәдени бірлестігінің негізін қаладым, 25 жылдан бері осы бірлестіктің жұмыстарымен айналысып келемін. Қазақстан маған шығармашылық еркіндік сыйлады, армандарыма жол ашты. Мен үшін әлемнің Жерұйығы саналатын бұл елдің нуынан да, суы­нан да айналдым.

 – Бүгінде Қазақстанда қанша түрік­мен бар? Олардың қоғамдағы орны, тыныс-тір­ші­лігі туралы айтып өтсеңіз?

– Кеңес Одағы кезіндегі статистика Қазақстанда 4 мың түрік­мен бар деп көрсетеді. Біздің зер­­де­леуімізше, бұл статистикада ауытқу бар, яғни халық  са­ны көбейтіліп айтылған. Қазір­гі дерек­терге сүйенсек, тұтас ел аумағында 2 мыңнан астам түрік­­мен тұрады. Олардың көп­ші­лігі қалалық жерлерде. Қиын-қыс­тау заманда ата-бабаларын құшақ жая қарсы алған қазақ халқын олар ерекше құрмет тұтады. Мұның бір ғана көрінісі түрік­мендердің басым бөлігі қазақ тілінде еркін сөйлейді, қазақтың тарихын, мәдениетін бір кісідей біледі. Ұлысымыз аз болса да, ынтымақ-бірлігіміз берік, әр іске жұдырықтай жұмылып, бір-бірі­мізге қарайласамыз. Оқыған аза­мат­тар еліміздің сан саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Олар­дың арасында елге танымал суретшілер, композиторлар, академиктер бар. Өз жеке кәсі­бін өрге сүйрегендер де аз емес. Бәріміздің мақсатымыз – ортақ Отанымыз Қазақстанның өр­кен­деуі жолында еңбек ету, бейбіт елде жайлы өмір сүру.

– Өзіңіз басқарып отырған түрікмен этномәдени бірлестігі қандай жұмыстар атқарып отыр?

– ҚХА көпұлтты мемлекеті­міз­дің саяси-əлеуметтік, мəдени-ұлттық орталығы бола отырып, саяси жəне экономикалық реформаларды нəтижелі жүзеге асыруға зор үлес қосып келеді. Ашық, зайырлы, демократиялы, саяси-экономикалық жағынан тəуелсіз қоғам орнатуға бір кісідей жұмылған біртұтас Қазақстан хал­қының толеранттылығын, кон­фессияаралық жəне ұлтаралық келі­сімін, туысқандық бірлігі мен дос­ты­ғын одан əрі дамыту­ға айрықша көңіл бөліп келеді. Өйткені елдегі сая­си тұ­рақ­тылық, этносаралық тату тір­шілік – ел дамуының кепілі екені сөзсіз. Біз де Ассамблея алдымызға қой­ған мақсат-міндеттерді абыроймен атқарып келеміз. Бірлестігімізде қоғам­ды ізгілендіруге бағытталған түрлі үйір­мелер бар. Жастарымыз­ға қазақ тілін үйрететін арнайы курс та жұмыс істейді. Азаматтар­ды елдегі саяси нау­қан­дар мен ел­дік бастамалардан шет қал­мау­ғ­а ша­қы­ратын жобаларымыз да же­тер­лік. Өскелең ұрпақтың рухани қуа­тын молайтып, басқа да этнос­тар­мен шығар­машылық байланыс орнатамыз. Бәрі­міздің аяулы бесі­гімізге айналған тәуелсіз Қазақ­станы­мыздың жарқын болашағына деген сенім бізді алға жетелейді.

– Сіз үшін Алғыс айту күні­­нің мәні не?

– Адамзат көшіне көз тастасақ, талайлы тағдыр қай халық­тың да басында бар. Өзі де қан­ша­ма қасіретті кезеңдерді бастан өт­­кер­се де, адамгершілік пен әді­лет­­ті­лікті биік қоя отырып, бар ха­­лық­­ты ба­уырына басқан дар­­қан ел­ге ке­луімізді үлкен бақ деп есеп­­тей­мін. Биыл – ел Тәуел­­­с­іздігінің 30 жылдығы. Бар­ша қазақ­стан­дық­тар жүйелі сая­сат­­тың, адам­зат­қа ортақ әділет­тің ар­қа­сында бір­тұтас күшке айналып отыр. Осы тұста өзінің тари­хында, жалпы мемлекеттік құры­лымдық ғұмы­рында Қазақ­стан әлемге озық үлгі көрсетті. Шә­­кірт­­­тер алдында дәріс оқы­ған­­да осы мәселеге мен ерекше тоқ­­­­та­ла­мын. Біздің бақытымыз да сол, Қазақ­стан аз уақыттың ішін­­де əлемдік қоғамдастықтың ал­­дың­ғы қатарлы көшіне енді. Қа­зақ­станды мекендеген әрбір этнос қазақ халқының ұлттық дәс­түрін, мәдениетін, тарихын, салт-сана­сын құрметтей отырып, өзінің де өткенін жадынан өшірмейді.

2016 жылғы 14 қаңтарда  Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан халқы Ассамблеясының құрыл­ған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялады. Бұл күн – мәні ерек күн. Осынау атаулы датада нау­қан­шылдықтың емес, шынайы риза­шы­лықтың рөлі басым болуы тиіс. Өз басым бұл мерекені түрлі этнос өкілдері­нің арасындағы адамгершілік қарым-қаты­настың өнегелі өлшемі деп баға­­лаймын. Зұлмат замандарды иық тіресе еңсеріп, бір мақсат­қа жұмыл­ған халықтардың бір-бірі­не деген құрме­тін білдіретін күн. Қайырымдылық дәстүр­лерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдай отырып, рухани құн­дыл­ықтардың салтанат құрған күні. Бұл мере­кенің мәніне үңілген адам қазақ­стан­дық патриотизмнің, достық пен бірліктің, мәдени саналуандықтың бағасын анық сезінеді.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ